Шарапаты мол «Шапағат»

0 194

Елімізде тағдырдың тауқыметін татып, қиыншылықтан қажып жүргендерге қол ұшын созуды сауапты іс санайтын жандар көп. Шық бермес Шығайбайдай «тапқаным тек өзіме» деп емес, пайдасының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсап, жомарттық танытқанды жөн көреді. Ақшасының көптігінен емес, көңілінің кеңдігінен болса керек. Тағы таңнан кешке дейін жүріп, істеген ісі, адал еңбегі үшін ақы сұрамайтындар да бар. Олар еріктілер – еріккендер емес тек. Жақсылықты ту еткен жобалар осындай ниеттес адамдарды игі іске жұмылдырады. Соның бірі – «Шапағат» халықтық жобасы. Жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге күн сайын азық-түлік, киім-кешек жағынан қолдау көрсетіп, тігін, маникюр, бет әрлеу, шаштараз, азпаздық бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Бастысы – бәрі тегін. Иә, біз бүгін қайырымдылық жайын, «Шапағаттың» шарапатын сөз етеміз.ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ КӨБЕЙГЕНІНЕ ҚУАНБАЙМЫН

Қайырымды істің бастамасына ҚКХП-ның мүшесі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров сеп болыпты. «2016 жылы оның тарапынан қолдауға зәру адамдарға көмек көрсету туралы ұсыныс түсті. Мен оны әрі қарай өрбітіп, бірден іске кірісіп кеттім. Себебі өзім де көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Тоқсаныншы жылдарда дағдарыс дендеген кезеңде әке-шешем жұмыссыз қалды, азық-түлік алуға ақшамыз болмайтын. Сондықтан да мен қиындыққа, жоқшылыққа тап болғандардың жағдайын жіті түсінемін. Жүрегіммен сезінемін» дейді Назгүл Мақжан.
Әу баста астана бойынша аясы тар көрінген «Шапағат» бүгінде 12 облыс бойынша қызмет көрсетеді. Қаладан тыс жерлерге, шалғай аймақтарға азық-түлік жиынтығын жеткізеді. Кей адамдар тұрғындар өздерін жалықтырған көйлектері мен аяқ киімдерін лақтырып тастауға құмар. Ал жағдайы төмен адамдар бұл заттарды бір емес, бірнеше жыл киеді. Қысқасы, киілген киімнің де өзгеге үшін үлкен көмегі бар. Өткен жылы жоба аясында 5500 бала мектеп формасына қол жеткізсе, елордалық отбасыларға 10 тонна азық-түлік берілген. Ал биыл шілде айында партиямен бірге 8600 отбасыға азық-түлік берілді. Ел көлемінде шамамен 100 тонна азық-түлік таратылған.
Сондай қолдау көрген жандардың бірі Гүлшат Бексеитова өз оқиғасымен бөлісті. «Менің үш балам бар. Үлкен ұлым 15 жаста, мүгедек. Ұлым тұрып жүре алмайды, өздігінен тыныс алмайды. ИВЛ аппаратының көмегімен дем алады. Ұлым бір жылдай ауруханада ем алды. Сосын үйге шығарды. Алайда дәрі-дәрмегі бар, шынын айтсам, қалтасы көтермейді. Дәрігерлердің өзін үйге шақыртып, емдету оңайға соқпады. Жан-жақтан қолдау іздедім, сонда «шапағаттықтар» көмегін аямады. Назгүл ханым менің жайымды Денсаулық сақтау министрлігіне дейін жеткізіпті. Содан мемлекеттен тегін дәрілер беретін болды, дәрігерлер де үйге келіп, ұлыма ем-домын жүргізіп кетеді. Онымен қоймай, биыл екі қызыма мектеп формасын, компьютер, керек-жарағы салынған сөмке сыйға тартты. 3 баламен жесір қалғанмын. Пәтер жалдап тұрамын. Баламның денсаулығына байланысты жұмыс істей алмаймын. Өйткені аппараттарын ай сайын ауыстырып отыру қажет, оның өзі елімізде тапшы, шетелден алдыртамыз» деп шапағаттықтарға шексіз алғыс білдірді.
«Шапағаттың» елордадағы бөлімшесінде қазір 11 адам жұмыс істейді. Олардың дені – еріктілер. «Біз тапсырыс қабылдаймыз, мұқтаж адамдардың тізімін жасаймыз, киім-кешек жинап әкеліп, оларды кір жуатын орындарға, химиялық тазалауға, озонмен тазартуға жібереміз, одан соң қоймаға орналастырамыз, азық-түлікті өлшеп, буып, түйіп, дайындап қоямыз. Осы заттар қажет адамдар бізге келіп, қалағанын ақысыз алып кетеді» дей келе, Назгүл Мақжан өзінің қайырымдылықтың көбейгеніне қуанбайтынын айтты. Себебі ол – халықтың жай-күйінің көрінісі. Сондықтан көмек сұрамайтын жағдайға жетсек екен дейді.
Оның сөзінше, былтыр «Шапағат» халықтық жобасының елордадағы кеңсесіне күніне 10 адам хабарласса, биыл наурыз айынан бастап күніне шамамен 80 адам хабарласып, көмек сұрайтын болған. Күніне 100 адамға дейін қызмет көрсетіледі. Тиісінше бұрын ауысып жұмыс істейтін 2 үйлестіруші жетсе, қазір олардың қасына көмекші жұмылдырыпты.

ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРСЫ ТҰРУҒА ҮЙРЕТТІ

«Шапағат» халықтық жобасы жанынан бет әрлеу, тырнақ әдемілеу, тігін тігу секілді түрлі тегін курстар ұйымдастырды. «Жақында бет әрлеудің негізін меңгеруге ықылас білдіргендердің кезекті тобы оқуға кірісті. Карантин кезеңінде мұндай курстарға қажеттілік күрт көбейді. Біз «Шебер ана» деген курс аштық. Онда ісмерлер балалар киімінен бастап құрақ көрпеге дейінгі дүниелерді тігеді. Бұған қоса «Қыз жасауын» тігуді үйрететін курсымыз бар. Қыздар тіккен бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы өткізіп, сатқан алғашқы дүниелерін суретке түсіріп, бізге жіберіп жатады. Біз олардың әр жеңісіне өз жеңісіміздей қуанамыз! Демеуші, тапсырыс беруші тауып беруге тырысамыз. Демеушілеп ісмерлерге тігін машиналарын және басқа да қажетті керек-жарақтарын сатып алып береді. Қазір біздің курстан өткен бір қызымыз басқа адамдарға құрақ көрпе тігуді үйретіп, кәсіп бастап жатыр» деді Назгүл Мағжан.
Мәселен, «Шебер ана» бойынша білім алған Дана Набиеваның бүгінде өз кәсібі бар. «Бұл жобаны 2017 жылы ең алғаш рет балаларымды жаңа жылдық кешке шақырған кезінен білемін. Күні бүгінге дейін қолдауын аямайды. Қыркүйекте балаларыма компьютер берді. Өзім көпбалалы анамын, балалардың жұрттан кем болмағанын қалаймын, алайдa оған қаражат жеткіліксіз болады. Сол тұста шапағаттың шарапаты тиді бізге. Арнайы жаздық лагерь ұйымдастырады. Өзім заң жүзінде, материалдық, психологиялық көп көмек алдым. Төрт баланың анасымын, үйде отырдым. Содан бір күні тігін машинасын баланың ақшасына сатып алдым. Түрлі киімдер тіге бастадым. Шапағатта «Шебер ана» курсы ашылыпты, соған қатыстым. Үлкен тәжірибе жинадым. Тағы бет әрлеу бойынша сабақ алдым. Артынша кәсіби тігіншілік сабағына 1 ай қатысып, жұмысқа орналастым. Ал қазір өзімнің тігін салоным бар. Қасыма көмекші де алдым. Назгүл ханымның арқасы деп білемін. Менің бойымдағы таланттарды ашуға сеп болды. Өз кәсібімді ашу мен үшін тіпті орындалмас арман еді, бүгін қарасам, бәрі өз қолыңда екен. Сол жолда қайырымды жандардың «Шапағаттың» үлкен қолдауы тұр» дейді Дана. Сондай-ақ тағы бір келіншек: «Мен ұлыма киім сатып алған жоқпын бастапқыда. Өзімнің әдемі көк халатымнан күртешесін, жемпір қиындыларынан шұлық, жаңа жемпір тоқып бердім. Өкшесі жыртылған ползункидің балағын қиып тастап, қайтара тігіп, түйме қададым. Сәнді шалбар тігіп бердім өз қолымнан. Сол уақытта ешкім бізді сырттан қиналып жүр деп ойлаған емес. Қайта мұны қайдан алдың деп қызығатындар көптеп кездесті. Сондықтан алған білімім кәдеге жарады. Қиындыққа қарсы тұруға үйретті» деп жазба қалдырыпты жоба сайтында.
«Ботақан» – бұл да кезекті жақсылық жасауға арналған жоба. «Бізге жолдасы немесе жігіті тастап кеткендіктен және қаржылық қиындық салдарынан балаларын перзентханада тастағалы жүрген жүкті әйелдер келе бастады. Болашақ аналардың босанар алдындағы керекті заттар тізімін жинай алмай, үміті таусылған. Біз оларға қолдау көрсеттік. «Шебер ана» курсына қатысушылар сәбидің жаялығын, жейделерін, аналарға арнап халат тікті. Бір кәсіпкер жөргекпен қамтамасыз етті» дейді Назгүл.
«Шапағат» халықтық жобасы аясында өмірдің қиындығына тап болған адамдарға тек қана материалдық емес, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіледі.
Орталықпен байланысу үшін 8-771-020-93-37 нөміріне хабарласу қажет немесе инстаграм желісіндегі @shapagatproekt парақшасында хат-хабар қалдырса болады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 3 =