Шарапаты мол орталық

0 30

Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасы балаларына арналған оқу орталығы ашылды. Бұл рәсімге қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатыс­ты. Негізінен, «Bilim All» орталығы көпбалалы отбасындағы оқушыларды даярлауға арналған.

Бақтияр Мәкен тұрғындардың әлеу­меттік бастамаларын жүзеге асыру маңызды екенін атап өтіп, орталық ұжымының жұмысына сәттілік тіледі. Орталықта көпбалалы және қолдауға мұқтаж отбасыларда тәрбиеленетін балалар әртүрлі курстарға ақысыз қатыса алады. Орталықта күндізгі топтар, қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдері, математика курстары, шахмат үйірмесі, өнер шеберханасы, гитара және домбыра сыныптары бар. Бұл сыныптарда барлығы 300-ге жуық бала оқи алады.
– Бірінші мақсатымыз – балаларға заман талабына сай қолжетімді білім беру. Біз ҚР Президентінің Жолдауын, атап айтқанда, қосымша білім беру аясын кеңейту туралы ұсынысын толығымен қолдаймыз. Бұл жұмыспен біздің орталық тікелей айналысады, – дейді орталық жетекшісі Райгүл Серікбаева.
Оқу орталығы Strong Mothers NS қоғамдық қоры мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің қолдауымен ашылды. «Мұнда өте қызық. Мұғалімдер сабақты жақсы түсіндіреді» дейді 7-сынып оқушысы Фатима Шарапатова.
Айта кетейік, көпбалалы аналар ақысыз негізде компьютерлік сауаттылық бойынша қосымша курстардан өте алады. Қазіргі уақытта орталықта жиырмаға жуық ана білім алуда. «Өзім көпбалалы ана ретінде осында компьютерлік сауаттылығымды арттырып, біраз нәтижеге қол жеткіздім. Орталықты ашуға қолдау білдірген әкімдікке, қоғамдық қор мүшелеріне алғыс айтамын» дейді Гүлмира есімді көпбалалы ана.
«Bilim All» орталығы Уәлиханов көшесі, 3 мекенжайында орналасқан. Қазір әр топта талапқа сай бес баладан оқуда. Баланы тіркеу үшін кеңсеге келіп, қажетті құжаттарды тапсыру керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 3 =