ШАҚАР ШАМНЫІ ЫЛАҢЫ

0 135

Конспирология мен қастандық теориясы – саясаттанушы түгілі, жәй шолушыға да ешқашан абырой әпермеген нәрсе. Сөзінде қастандық теориясының элементтері пайда бола сала, кешегі аузы дуалы һәм көреген делініп келген саясаттанушыға «шаршап жүр» деген диагноз қойылып, мерзімінен тыс «зейнетке» жіберіледі. Енді одан ешкім сұхбат алмайды, оның мақалаларын ешкім баспайды.

Дегенмен, Шам шәрінің айналасындағы дау бар қисынды сапырып кетіп отыр. Сосын ба, ғаламдық саясаттанушылар сырттай қандай болсын бірізділік нышаны болғанымен, іші әлем-тапырық түсініктемелер ұсынып әлек. Ендеше, біз де Астананың тамаша ақшамының бірінде «бұл не соғыс?» деген сұраққа жауап іздеген болдық.

Теория №1. Бөріні аяғы,
АҚШ-ты мылтығы асырайды

Сонымен, Сирияға шабуыл Конгреспен ақыры мақұлданды. Рас, сенаторлар Обамаға тек «алпыс күндік» операцияға ғана рұқсат берді. Бұл не? Бағдадтағы күйреу шекеге тимегені ме? Бұрын мұнай деуші едік, енді немене?

Оның үстіне, АҚШ-тың «қандыкөйлек жолдасы» – Британия да оғаш қылық көр­сетті. Кэмеронның бір сағатқа жуық жалынды баяндама-ұраны мыңжылдық дерлік тәжірибесі бар ағылшын парламентін селт еткізбеді. «Англия соғысқа қатыспайды!» деген кесімді, айқын үкім шығарды. Бұл – бұрын-соңды болмаған оқиға. АҚШ-тың барлық әскери миссиялары әрқашан ағыл­шынның тікелей не жанама қолдауымен өтіп келген. Енді басты одақтасы жоқ АҚШ шарқ ұрып, NATO-ның басқа мүшелерін қолқалап жүр. Әзірге француздардан бас­қалары ыңғай таныта қойған жоқ.

Бұрында да абырой әкеле қоймаған, ал, қазір экономика шатқаяқтап тұрған уақытта берер ұпайы көрінеу аз соғысқа АҚШ әйтеуір құмартып тұр. Осы орайда ұсынылған қи­сынды тәпсірлердің бірі мынау болып отыр.

АҚШ Үкіметі Рузвельттің тұсынан бері әскерилердің шырмауында. Әскерді үнемі сақадай сай ұстап отыру үшін «ілуде бір соғысып қою» стратегиясы сол кездерде қалыптасып қалған екен (Ресей қайраткері Митрофанов та осы сөзді айтқан). Әрі соғыс өзі сұмдық тиімді де көрінеді. Тұтастай әскери кешенге миллиардтаған сомаларға тап­сырыс келеді. Айталық, кезінде Дж. Буш пен сыбайластары істі бола жаздаған «Halliburton» мұнай компаниясын алсақ. Тек қана Бағдадтағы әскерилерді жанар-жағар маймен қамтамасыз етуден 2 млрд долларға жуық пайда тапқан. Бұған қоймаларда «бейбіт жатып алған» тактикалық қару-жарақтарды қосыңыз. Әлбетте, классиктің пьесада қабырғада ілулі тапаншаның міндетті түрде атылатыны туралы қалжыңы шынға айналып тұр. Тоқетері, Сириядағы соғыс тапсырыс аңсаған АҚШ әскерилеріне керек. Бұрын ас үйдің сандырағы деп еленбейтін осы бір тұспалға қайтадан жан біткендей болып жатқан жайы бар.

Теория №2.
Басы бірікпеген діндер

Қисыны қиғаш келмейтін екінші ірі тұспал – Сирияның дін жөнінде бір жаққа шығуы арабтарға керек. Араб болғанда, сүннит арабтарға.

Шиғалық ағым ошағы Иран, Ирак, сосын, Сирия болатын. Иран толығымен дерлік шиғалық мемлекет болғандықтан, азаматтық қақтығыс іріткісін салу мүмкін болмай отыр. Ал, Иракты дінаралық төзімсіздіктің «тірі мысалы» деуге болады. Енді Сирияға да тықыр таяу. Бірақ, ол АҚШ-қа неге керек?

Сөйтсек, басында бос байбалам көрі­нетін бұл тұжырымның жаны бар сияқты. Бай араб елдері АҚШ-қа мұнай сатумен ғана шектелмейді. Олар жыл сайын жүздеген миллиард долларға АҚШ-тың қазыналық облигацияларын сатып алады. Иә, қолма-қол ақшаға құнды қағаз сатып алады! Енді қызығы сол: тек қана Сауд Арабиясы бұрын-соңды сатып алған облигацияларын тап қазір төлеуді талап етсе, АҚШ экономикасы опырылып түседі! Бірақ, арабтар оның орнына Иран мен Сирияның мәселесін шешіп беруді сұрап отырған көрінеді. Тағы да классиктің «тегін жылу тек тозақта болар» деген сөзіне жан біткендей.

Бұл мақаламен бәлкім ұсақтық танытып отыр дерсіз. Бірақ, АҚШ-тың Сирияны шабуылдау пиғылы ресми ақпараттардан да, арнайы саяси-әскери ресурстардан да қарапайым қисын таппайсыз. Тіпті, көк жәшіктен көре-көре көз сүйел болған сарапшылардың да иықтарын қиқаң еткізгеннен басқа шарасы болмай отыр. Ұғынықты түсініктеме бар десеңіз, сайтымыздағы осы мақаланың астына пікіріңізді жаза кетіңіз!

Ерлан ОСПАН

Үш тарап

Меғдад Фейсал:
«Американың шабуылы алдымен әл Каидаға тиімді болмақ»

2013, 2 қыркүйек. Си­рияның сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Меғдад Фейсал Батыс БАҚ-тарына берген сұхбатында АҚШ-тың шабуылы ең алдымен Әл Каида лаңкестік ұйымына тиімді болмақ деген мәлімдеме жасады.

«Сирияға кез келген шабуылды Әл Каида мен оған сыбайлас топтардың, айталық, «Жабат әл Нусра» немесе «Сирия мен Ирактағы Ислам Мемлекеті» сияқты ұйымдардың көмегімен ғана ұйымдастыруға болады» деді сириялық саяси шенеунік. Меғдад Фейсал сонымен бірге Сириядағы химиялық қару шабуылына АҚШ қолдап отырған топтар кінәлі екенін атап өтті. «Обама өз беделін саудаға салды. Енді Конгресс қандай шешім шығарса да, ол амалсыз Сирияға соғыс ашады» дейді Меғдад Фейсал жалпы саяси ахуал жөнінде.

Барак Обама:
«Сирия екінші Иракқа айналмайды»

2013, 3 қыркүйек. АҚШ президенті Барак Обама «Сириядағы әскери операция Ирактағыдай созылмалы науқанға айналмайды» деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, әскери науқан қысқа және шектел­ген түрде жүргізілмек екен. Барак Обама Сирия­дағы әскери операцияға Конгрестің рұқса­тын күтіп отырған болатын. Кеше белгілі болғандай, сенаторлар 60 күндік шектеулі операция жос­парын мақұлдады. Мұның барлығы жалпы аме­­ри­калықтардың басым көпшілігі Сирияға шабуыл­ды қолдамайтынына қарамастан болып отыр. Әлеу­меттік зерттеулердің қорытындысы бойынша, америкалықтардың 46 пайызы соғысқа қарсы.

Владимир Путин:
«Ресейдің қолдауын жоққа шығармаймын»

2013, 4 қыркүйек. РФ президенті Владимир Путин Ресейдің Сирияға шабуылды қолдауы мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, Ресей мұн­дай қадамға Сирияда хи­миялық қару қолданылғаны дәлелденген жағдайда бармақ. Дәл сол уақытта, Халықаралық Құқыққа сәйкес, химиялық қару қолданылған елге қатысты қандай да бір шара, тек қана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары бойынша басталуы керек.

«Бөтен айла-тәсілдер, алып-қашпа әңгімелердің негізінде басқа елге шабуыл жасау – тек басқын­шылық деп танылады» дейді Путин.

Оның мәлімдеуінше, тап қазіргі мезетте Сирия­да не болғаны туралы нақты мәліметтер жоқ. «Бізді осы мәселені терең зерттеу нәтижелері ғана бірдеңеге сендіре алар еді. Егер біреулерде Сирияда химиялық қару бар екені және оның тұрақты әскер тарапынан қолданылғаны туралы нақты дәлел болса, міндетті түрде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне апаруы керек» дейді РФ президенті. Уланған балалар туралы бейнекадрларға қатысты сұраққа Путин: «Бұл – қорқынышты кадрлар» деп жауап берді. «Қазір кім кінәлі деген мәселе туындап тұрған жоқ. Және бұған сіздер айтып отырған кадрлар еш жауап бермейді. Бірақ, бұл іс Әл Каиданың қолымен жасалған қылмыс болуы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, Әл Каида әрқашан қаталдығымен белгілі болған» деді Путин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =