Шапағатты жырлар жинағы

0 447

Ақындығымен де, әдебиет сыншылығымен де есiмi елге таныс Жұма-Назар Сомжүректiң «Алланың 99 көркем есiмiне 99 көркем жыр» атты жыр жинағы Астанамыздағы «Сарыарқа» баспасынан мол таралыммен жарық көрдi. Ақын бұл еңбегiнде тың тақырыпқа түрен салып, барша әлемнiң жаратушысы бiр Алланың құдiретiн, оның 99 көркем есiмдерiнiң ғажайып қасиеттерiн жыр еткен.
Шығыс әдебиетiнiң мамандары да, өзге бiлiмпаздар да мұсылман елдерiнде Алланың қасиеттi 99 көркем сипатты есiмдерiне бұлай арнайы 99 көркем жыр арнап жазған ақынды естiмегендерiн айтуда. Жинаққа алғы сөз мақала жазған Фариза Оңғарсынова: «Өткен ғасыр мен одан арғы замандарда қазақ жырауларының бiрен-саран туындыларында Жаратушыға жалбарыну, көмек сұрау, қиын-қыстау сәттерде Құдайға сыйынып, медет тiлеу шариғат айту сарынында шыққан жыр жолдары кездеседi. Бiрақ, қазақ жыр өнерi тарихында Аллатағаланың қадiр-қасиетiн мадақтап, оның шуақты шарапатын арнайылап өлеңге қосып ұлықтаған, сол тақырыпқа бүтiндей бiр кiтап жыр жазып шығарған ақын болған емес» деп көрсеткен. Ф.Оңғарсынова аталмыш мақалаға алғы сөзiнде Сомжүректiң осынау жыр жинағындағы өлеңдерге аса жоғары баға бере келiп: «Жұма-Назар ақынның бұл кiтабы – әр қазақтың ғана емес, Мұхаммедтiң үмметiмiн деген әр мұсылманның төрiнде тұруға лайық шапағатты шығарма», – деп түйiндейдi.
Рудакиден басталатын «Шығыс жұлдыздары» аталатын ақындар: Фирдауси, Сағди, Жәми, Хафиз, Омар Һаями, Низами, Әлiшер Науаи және басқа шығыс ақындарының өлеңдерi мен дастандары қазақ тiлiне аударылған. Солардың жырларының iшiнде Алланың көркем 99 есiмiнiң әрқайсысын жекелеп жырлаған өлеңдер жоқ екенi мәлiм. Болса, аударылған болар едi ғой.
Егер шынымен солай болып шықса, бұл ақын Жұма-Назар Сомжүрек үшiн ғана емес, қазақ елiне де зор абырой болары анық.
Айта келгенде, кiтапқа Алланың 99 көркем сипаттары сол 99 қырынан суреттелiп, Алланың көркем бейнесi жан-жақты жырланған. Жыр жинақ Астанадағы «Абай» кiтап дүкенi мен Сейфуллин-Бейбiтшiлiк көшелерi қиылысындағы «Кiтап үйiне», «Артем» және «Встреча» аялдамаларындағы «Алты алаш» атты қазақ басылымдары сатылатын дүңгiршектерге және басқа сауда орындарына түсiрiлуде.

Қайыржан Мақанов,
ҚР мәдениет қайраткерi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − fourteen =