Шаңыраққа қараса қайтеді…

0 42

Қазақстанның өз алдына отау тігіп, ел болғанына биыл 30 жыл толады. 30 жылда еңсемізді көтеріп, өркениеттің өріндегі елдерді азды-кемді мойындаттық. Бірақ… өз ішіміздегі мысықтілеулілерге келгенде үніміз шықпай отыр. Кейбір басылымдар ішімізден іріткі салып, бақ-берекемізді бұзғысы келетіндей. Сенбесеңіз, Қазақстанда шығатын «Караван», «Аргументы и факты. Казахстан», «Комсомольская правда-Казахстан» газеттерін оқыңыз.

Отыз жылдық тарихы бар, еліміздегі алғашқы коммерциялық басылым «Караван» газеті тәуелсіздік шежіресіне қатысты материалдарды «30 ЛЕТ БЕЗ СССР» деген айдармен жариялап келеді. 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №34 санында 2006 жылғы оқиғаларға шолу жасап, «Каравану» в этом году исполняется 30 лет. Перелистаем страницы Независимости вместе?» деп жазады. Бұл газет Алматыдан 50 320 данамен шығып, бүкіл елге таралады. Иә, Қазақ елінде тіркелген, осында таралады, пайда табады, сөйтіп отырып, тәуелсіздікке 30 жыл деген айдар ашуды неге мін көреді? Мұндай шектен шыққандыққа не себептен тосқауыл қоя алмаймыз? Қазақтың ауасын жұтып, суын ішіп отырып, келмеске кеткен КСРО-ны аңсап, «30 лет без СССР» деп күңіренгені несі?!.
Қазақстанда шығатын «Аргументы и факты-Казахстан» газеті 2021 жылғы 18-24 тамызда шыққан №33 санының бірінші бетіне «Творительный падеж» деген тақырыппен еліміздегі қуаңшылықтан қырылған мал туралы 1 бетіне коллаж жасапты. Бұл коллаждан ұққанымыз – 7 облыста (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан) малдың қырылуынан келген шығынның мөлшері теңгемен көрсетілген. Сорақылықтың көкесі сол, Түркістан облысын неге екені белгісіз «Туркменская область. 5 473, 2 тенге» деп жазыпты. Газеттің бас директоры және бас редакторы қызметін атқаратын Виктор Кияница Қазақстан Үкіметінде баспасөз қызметін басқарған тұлға Түркістан мен Түркіменстанды айыра алмады дегеніне ешкім сенбейді. Бұдан біз не түсіндік?
Ал ақын Олжас Сүлейменов «Комсомольская правда-Казахстан» газетінің 1-8 қыркүйектегі санында жарияланған «Независимость – это взаимозависимость» деген сұхбатында былай дейді: «Мой девиз: взаимозависимость. Помотался по Азиям и Африкам, посмотрел, что стало получившими независимость странами и их народами. Там ничего хорошего не было: яростная борьба за власть, племенные, клановые, национальные разборки, резня. Формула нашей жизни в будущем должна быть такой: от веков зависимости через период независимости к эпохе осознанной взаимозависимости».
Сонда дейміз-ау, Қазақ елінің тәуел­сіздігіне балама іздеп отырған басылымдарға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағаны ма? Үнемі төрден орын алатын Ассамблея неге бір ауыз үн қатпайды? Тәуелсіздігімізге топырақ шашқан, келеке қылғысы келгендерді тәртіпке шақыратын уақыт жетті емес пе?!.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 3 =