Шаңырақ «шайқасы»

0 75

Отбасылық жанжалдарға байланысты көмек сұрап 102-ге қоңырау шалатындардың қарасы қалың. Олай дейтінім, шаңырақ шайқасы «Ұлы Отан соғысына» ұласып тұрған жайы бар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мәліметі бойынша жедел шақырту арнасына апта сайын елордалық тұрғындардан отбасылық жанжалға байланыст ы 300-ден астам арыз-шағым түседі. Есірген еркектердің бірі – айыппұл төлейді, бірі – уақытша қамау изоляторына жіберіледі… Тек үйде болған керіс үшін кешірім жоқ. Ерлі-зайыпт ы – екі тарап өзара татуласса да, бәрібір айыппұл төлейсіз.

6207_foto537e65dda9cfb

Ыдыс-аяқ сылдырламайтын үй бола ма?! Ұрыс деген – ұры ит, берекеңді қашырып, «сұғанақ» болмай тұра ма? Шаңырақта шу-шұрқан шықса, бірден сыртқа «от» ала жүгірмес үшін жақсылап тұрып ойланған жөн. Әйтпесе, іс насырға шауып, отбасындағы араздық пен алауыздықтың соңы еш жақсылыққа апармайды, әбүйір әпермейді. Сосын арқа етің арша, борбай етің борша болып тапқан-таянған тиыныңды бала-шағаңның аузынан жырып, айыппұл арқалайсың, отбасылық қоржынды орталайсың. Ешкімнің ештеңесі кетпейді. Тәртіп сақшысы бар болғаны өз міндетін мүлтіксіз орындайды. Одан өкіметтің қалтасы «қалыңдайды»… Айтпағымыз, 102 қабылдаған ауызша арызын қайтарып ала алмай талай қазақ әйелі сорлап жүр.

– Ашумен шақырып қойыппын, кешірмей қайда барамын, айыппұлын төлесе болды емес пе, күйеуімді жіберіңіздерші, отбасымның жалғыз асыраушысын қамамаңыздаршы, ертең жұмысынан айырылып қалса бізді кім асырайды?!.

– Жоқ! Осының бәрін 102-ге қоңырау шалмас бұрын ойлануыңыз керек еді! Күйеуіңіз енді айыппұл да төлейді, 20-25 күнге «курортқа» да кетеді. Телефоннан түскен арыз өліп кетсеңіз де қайтарып алынбайды!

Міне, еститін жауабыңыздың сиқы – осындай.

PS. «Отан – отбасынан басталады» деп шешенсиміз әншейінде. Дей тұра, мемлекеттің бір бөлшегін өз қолымызбен ойран-топыр ете саламыз. Ал «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» бойынша әлсіз тарап пен диірмен тартатын жақтың дауын сот арқылы реттеуге келгенде біз шебер екенбіз. Мемлекеттік аппарат тарапынан жол берілген құқық бұзушылықтарды бейбіт жолмен шешу үшін «татуласу» деген арнайы бап енгізіп тастаймыз. Жол болсын?!. Жә, бұл – үлкен мемлекеттің кішкентай шаруасы ғой, ал «кіші мемлекеттің» үлкен шаруасын кім реттейді?

Бауыржан Сегізбаев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 3 =