©2020 Астана Ақшамы
Шаңғышы бүлдіршін
Астана қаласында бүкіләлемдік қар күніне орай қалалық шаңғышылар сайысы өтті.
Орталық паркте өткен шаңғышылар жарысына атақты Владимир Смирнов арнайы ат басын бұрыпты. 4 дүркін әлем чемпионы әрі ақ олимпиада чемпионы атанған Владимир Михайлович жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысып, шаңғышы бөбектерге зор қуаныш сыйлады.
Жарыс 2000-2001 жылдары туылған ұл-қыздар арасында 500 метр қашықтықта, 2002-2003 жылғылар үшін 300 метр қашықтықта, 2004-тен кейінгілер арасында 100 метр қашықтықта масс-стартпен басталып, «еркін жүру» стилі бойынша өтті.
Жарыстың ең қызықты сәті 6 жасқа дейінгі шаңғышылар арасында болды. Кішкентай шаңғышы бөбегіміз Томирис Иманқажының бірінші келе жатқанын көрген жұрт шулап қоя берді. Томириске бәрі дем беріп, ақыры ол мәре сызығын бірінші болып кесті. Владимир Смирновтың қолынан мақтау қағазын алған ол сол кісі сияқты олимпиада чемпионы болғысы келетінін жасырмады.
Томирис 56 мектеп-лицейінің бапкері Дулат Иманқажының шәкірті әрі қызы болып шықты. Дулат ағамыз Астаналықтар үшін тегін бапкерлікпен айналысып жүр. Оның көксегені – қазақ жастарының шаңғы спортын меңгеруі болып жүргендігін білеміз. Сонымен қатар, бапкердің бұл додада Тәліпхан Сәбина және Жанпейісова Назым есімді шәкірттері де өз қатарластары арасында ІІІ орынды иеленді.
Ербол ЖАНАТ