Шала туған сәбилерге қамқорлық қандай?

0 14

Нұр-Сұлтанда 2020 жылдың 9 айында үш перзентханада 21 429 бала дүниеге келді. Оның 245-і 500-ден 1500 грамға дейінгі салмақта дүние есігін ашқан. Бұл 2019 жылға қарағанда 8 балаға аз. Осы салмақ дәрежесіндегі балалардың өмір сүру деңгейі 85% жақсарған.«Бұған перинаталдық технологияларды тиімді пайдалану, жүкті әйелдерді қарауды жетілдіру, қауіп­тілік тобындағы жүкті әйелдерді бақылаудың үшінші деңгейіне дер кезінде ауыстыру арқылы қол жеткізіліп отыр» деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Әр орталық шала туған нәрес­телерді емізуге арналған жоғары мамандандырылған жабдықтармен жабдықталған. Неонатологтардың санаты мен мамандануы да жоғары деңгейге көтерілді. «Қазіргі технологияларды алдыңғы технологиялармен салыстыруға болмайды. Олар ана құрсағына мүмкіндігінше жақын болу үшін жасалған. Медицина бір орында тұрмайды. Технология да дамуда, дәрігерлер заманауи технологияларды қолданады» дейді №1 көпсалалы балалар ауруханасы директорының орынбасары Динат Қожекенов.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда дене салмағы өте төмен (500-ден 1500 грамға дейін) сегіз бала бар. «Менің балам мерзімінен бұрын дүниеге келді, өте кішкентай, 730 грамм. Мен оны бірінші рет көргенде, әрине, қатты шошып кеттім. Кез келген ана баласының басқалар сияқты дүниеге келіп, өскенін қалайды. Бірақ егер сіздің өміріңізде осындай жағдай болып жатса, үмітіңізді үзбеңіз. Бізде жанын салып жұмыс жасайтын осындай дәрігерлердің болғанына қуаныштымын. Сәбиімнің өмірін аман сақтап қалуға қатысқан барлық адамдарға алғыс айтамын» дейді Наиля Халиулина.
Жыл сайын әлем бойынша 17 қарашада шала туған балалар мен олардың отбасыларының мәселелеріне назар аудару және шала тууға қатысты хабардарлықты арттыру мақсатында шала туған балалар күні атап өтіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =