Шәкіртсіз ұстаз – тұл

0 293

Айдын Тойғанбайқызы – №7 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Осы білім ошағына келгелі небары екі жылдың көлемі болғанымен, жалпы еңбек өтілі – 17 жыл. Жоғарғы сыныптарға сабақ беріп келе жатқан осы жылдар ішінде талай шәкірті үлкен өмірге аяқ басқан ұстаз өзі баулып жүрген талантты шәкірттері жайлы сыр шертті.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұға­лімінің көтерер жүгі ауыр. Себебі, әдебиет саласы үздіксіз, тынымсыз еңбекті талап етеді. Қайбір маман иелері жас ортасына жеткенде профессор атанып, ғылыми атақ-дәреженің біразына қол жеткізеді. Ал, жазушы я ақын әлі оқумен, ізденумен болады. Мұны бірі білсе, бірі біле бермес. Оның үстіне ұстаз сондай дарынды оқушыны жаңылмай та-уып, өлең бәйгесіне, өнер додасына жаратып қоса білуі тағы керек. Осы тұста оған жай ғана білім беруші болып қалу аздық етеді. Ол мұндайда талантты тани білетін көрегендігін көрсетуі керек. Біздің кейіпкеріміз де осы жолда жүрген мұғалім.

Айдын Тойғанбайқызының жетек­шілік еткен шәкірттерінің бірі өткен жылдың түлегі –Айдана Әмірбек. Айдананың қорғаған ғылыми жоба­сының тақырыбы ұнады бізге – «Қ.Рысқұлбеков – жыраулық дәстүрді жалғастырушы». Биыл да жыл басынан бері екі оқушысы топ жарыпты. Оқушысы Әсем Қасымова V Республикалық «КАТЕҮ» қазақ тілі олимпиадасының ІІ (қалалық) кезеңіндегі «Жас ғалым» конкур­сы­ның II орын иегері атаныпты. Екінші шәкірті – 10-сынып оқушысы Нұрлыхан Жиренбай жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың ІІІ (қалалық) кезеңіндегі қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.

Ұстаз өзі де жаңа технология­лармен жұмыс жасау жолында еңбектеніп келеді. Бұған былтырғы жылы «Жаңа заманға – озық технология» атты ІХ республикалық ғылыми-практикалық конферен­цияға белсене араласқаны үшін тарих ғылымдарының докторы С.Н. Байбековтің қолынан марапаттама алғандығы дәлел. Осы бағыттағы жұмысын әлі де жалғастыра беретінін жасырмады әңгімесінде.

– Тәртібі қиын балалармен қалай жұмыс жасайсыз? Қалай дегенмен жоғары сыныптарға сабақ бересіз ғой, – деген сұрағымызға мұғалім былай жауап берді: – «Бала деген – балшық». Қалай илесең, солай болады да. Сондықтан бәрі өзіңе байланысты. Менің алдымнан әзірше бой бермейтін тәртіпсіз бала шыға қойған жоқ. Ақылға салса, кім-кімнің де тілін табуға болады.

Мұғалима апай сабақта қатал екенін де айтып қалды сөз арасында (күліп). Талаптың жоғары болғаны оқушыны шыңдамаса, шыңырауға құлатпайтыны белгілі. – Оныңыз дұрыс шығар, – дедік біз де мырс етіп. Соңғы сөзіміз сол болды.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − ten =