Шәкірт жанына нұр құйған

0 143

Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол — мұғалім. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін адами асыл қасиеттерін шәкірттерді сіңіруге тер төгеді. Осындай ұлағатты ұстаздардың бірі — Астанамыздағы Сарыарқа ауданына қарасты №58 мектеп-гимназияның технология пәнінің білгір маманы – Карип Самат Исаұлы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкірттерін шексіз сүйетін адам. Мұғалімнің құрметке бөленуі әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында жатыр. Өйткені, оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Оқушылардың дүниетанымын, шығармашылық қабілеттерін дамыту жолында шәкірттердің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жан. Өйткені, ол үнемі шығармашылық ізденісте. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мұғалім сабақтарын заман талабына сай жаңа технологияларды пайдалана отырып еселі еңбек етуде. Мектептегі сабақ өткізетін кабинеті эстетикалық талғаммен безендіріліп, сабаққа қажетті дидактикалық материалдар, көрнекі құралдар сынып бойынша жинақталған. Педагогика саласындағы тың өзгерістерге ынтазарлықпен зер салатын Самат Исаұлы – бүгінгі оқыту жүйесінде жаңалықтарды жылдам қабылдап, оларды тәжірибеде қолдануда үлкен белсенділік танытып жүрген мұғалім. Шәкірттерінің әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып биіктен көрінуі – мұғалім еңбегінің жемісі. Атап айтар болсақ, Астана қаласы Білім басқармасының «Жас шебер-2008» қалалық көрме байқауында Сағындық Искаков, «Жас шебер-2009» Дамир Жакенов, «Жас шебер-2010» Аблайхан Әбдіраш І» орындарды иемденді. Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналған қалалық байқауда Қанат Қылышев ІІ орынды иеленді. ҚР Тәуелсіздігіне «20 қайырымды іс жобасы аясында «Ата-баба мұрасын сақтаймыз және көбейтеміз, сәндік қолданбалы қолөнер балалар шығармашылығының қалалық көрмесінде Асқар Болат ІІ орынды алды. Сондай-ақ, қазақ экономика, қарсы және халықаралық сауда университетінің Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырған мектеп оқушылар арасында өткен ең үздік ғылыми жұмыстардың 1 қалалық конкурсына қатысқан Абай Төлеген ІІІ орынды иеленді. «Жақсы мұғалімді шәкіртіне қарап таны» деп халық даналық айтқандай, осындай оқушылардың шығармашылық қабілетін дер кезінде танып, бағыт-бағдар беріп отырады. Негізінде, шығармашылық дегеніміз – өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік жасайтын оқушы бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің болуы болса, бұл тұрғыда да шәкірті Абай Төлегеннің ізденімпаздығымен ғылым жолындағы алғашқы баспалдағы көңілге қуаныш ұялатады. Ата-бабаларымыз адамзат қоғамның шалқар көшінде өзінің шаруашылығын негізіне, тұрмыс-тәсіліне, ұлттық ерекшелігіне қарай дара ұлттық дәстүр салт-санасын қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, мәдениетін сақтап қалды. Тұрмыс бұйымдар адамзат мәдениетінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Сол асыл қазыналардан көненің көзіндей болып, дәуірімізге жеткен мұраларымыздың бірі қазақтың ыдысы — күбісі. Ежелгі салтымызды білу өз болмысымызды еш бұрмалаусыз танып-білуімізге үйретеді. Сондықтан да, бабаларымыздың дүниетанымын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау өте маңызды. Кезінде Ақтамберді жырау :

– Арудан асқан жан бар ма?
– Жылқыдан асқан мал бар ма?
– Сары қымыздан асқан дәм барма?
– деп тегін айтпаса керек. Қымызда адам ағзасына қажетті элементтердің барлығы да табылады. Сол қымызды ұмыт болып бара жатқан ыдыстардың бірі күбіде сақтаған. Күбіге, сондай-ақ, шұбат, айран, ашыған көже құйылады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Отанның болашағы, мемлекеттің келешегі жастардың қолында, олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды тіршілігі тек біліммен ұштасқан біліктің арқасында биік белестерге жетеді» деген сөзін ойға ала отырып, Карип Самат Исаұлының жеткен жетістіктеріне тағы бір тоқталғанды жөн көрдім. Білікті ұстаз «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Қорыта келе, жаңа ғасыр педагогы ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай қайталанбайтын тұлға болу керек. Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген екен. Сондай нұр құйып жүрген мұғалім – Карип Самат Исаұлы. Хасен Масғұтұлы,

№58 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 5 =