ШАҺАРДЫҢ ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫН

0 138

Егде тартса да атынан түспеген сүйегі асыл қариялар бар. «Орнын жастарға берсе қайтеді екен?» деп, сөгіп жатамыз оларды кейде сыртынан. Осы сөздің түбі қате-ау! Өйткені, қай ортада да қалқиып қариялардың отырғаны дұрыс. Көргені, түйгені, білгені бар емес пе? Түкке пайдасы тимегенде, ақылын айтар. Ал, ақылды сарқылмас қазына демей көріңіз. Энергетиктердің ортасында қадірі артқан осындай қарияның бірі – Сафи Сүйесінов. Жасы жетпістің үшеуіне жетіпті. Десе де, қимылы – ширақ, жүрісі – сергек, ақылы – кемел. Саласының жетік білгірі, айналасының ақылшысы. Немересіндей менімен «ассалаумағалейкум» дегеннен кейін-ақ, сол қазыналы қарттығын байқатты: «Жас егде тартқан сайын үш қасиет пайда болады екен: ұмытшақтық, көңілшектік, мақтаншақтық» деп. Рас-ау!..

Жайықтан ұшып, Есілге қонған

Кейіпкеріміз – Сафи Таспайұлы. Атаның баталы сөзіне кезек бермес бұрын ғұмыр жолына көз жүгіртсек. Сұрапыл соғыс өрті бұрқ еткен 1941 жылдың қытымыр қысында, еліміздің батыс өңіріндегі Атырауда дүниеге келіпті. Иә, ойлап отырғаныңыздай, ол жылдары өмірге келгендерде балалық болған жоқ. Бұғаналары бекіп, қабырғалары қатпай есейген олар. Соғыс олардың бақытты балалықтарын ғана емес, әкелерін де жалмаған.

…1959 жылы он жылдық орта мектепті тәмамдай салысымен, ауылдың қара домалағы Атырауға жол салды. Жайықтың жағасындағы шаһар ол кезде Гурьев деп аталады. Осындағы политехникалық техникумға құжат тапсырды. «Сол жылдары аймақта жарықтың болмай қалуы жиі қайталанатын. Сығырайған білтелі шаммен отырған түніміз көп еді. Содан кейін болар, оқу орны ұсынған мамандықтардың арасынан энергетика саласын таңдадым. Оның үстіне осы салада жұмыс істейтін жездем бар еді. Оған еліктегенім бар, оның үгіттегені бар» дейді Сафи Таспайұлы.

Арнаулы орта білім ошағын абыроймен тәмамдаған жас маман әскерге кетіп, үш жыл Отан алдындағы борышын өтеді. 1965 жылы елге оралысымен, білімін жетілдіріп, шыңдай түссем деген арманмен сол кездегі Целиноградтағы Ауыл шаруашылығы институтының табалдырығын аттады.

Міне, осы кезден бастап талабы таудай, жігері берік бозбала «Целинэнерго» мекемесінде оқи жүріп, еңбек жолын бастады. Күні кешеге дейін қарапайым электр монтерынан бастап саланың барлық сатыларынан өтті.

Еңбек демалысында да еш тынбаған

Кез келген мамандықтың қызығы да, шыжығы да бар, қиыны мен машақаты қатар жүреді. Сафи да қаупі мол жұмысының ләззатын да татты, тезіне де көнді. Білікті маман қай салада да көрінеді, көзге ілінеді. Қала басшылығы оның ұзақ жылғы еңбегін, білімін ескеріп, 1980 жылы жаңа ашылған электр жарығы желілері мекемесіне директор қызметін сеніп тапсырды. Содан бастап талай шәкірт тәрбиелеп, қанат қақтырды. Оның тәлімін алған мамандар бүгінде әр өңірдің шырағын жағып жүр.

1997 жылдары ғой Астана Алатаудан Арқаға қоныс аудара бастады. Құрылыс қарқын алып, жаңа ғимараттардың бірінен кейін бірі іргесі қаланды. Осы кезде энергетиктердің де жұмысы қыза түсті. Айшығы жараса бастаған Астанада жаңадан жарық желілері мекемесі құрылды. Мұнда да қаладағы әріптестерін бастаған, іргелі жұмысқа жұмылдырған – Сафи Таспайұлы. Яғни, жаңа елорданың тұңғыш шырағын жақты. Ол кезді энергетик былай еске алады: «Елорданың түнін мейлінше жарықтандыру, түрлі шырақтармен әрлеу мақсатында Түркия, Ресей сынды мемлекеттердің мамандарымен тәжірибе алмасып қайттым. Қалаға қызылды-жасылды реңк берген бірегей жарық қондырғыларын алғаш қосқан мен едім». Иә, ол елорданың әсем күйге енуіне, көз сүріндірер сұлулыққа бөленуіне осылай үлес қосты.

2005 жылдан бері құрметті еңбек демалысында. Қарттық келді деп, қолын жылы суға малып, жантайып жататын Сафи қария ма? Зейнетке шықса да «Электрощит-Самара» фирмасының солтүстік аймақтағы өкілі бүгінде.

Өрге сүйрейтін үш қасиет

Сафи Сүйесіновтің үлгілі ғұмыр жолына үңілсеңіз, оның Арқа төсіндегі көркем шаһардың үш дәуірін көзімен көргенін байқайсыз: Целиноград, Ақмола, Астана. Батыста туса да, өнегелі өмірін осы өңірде жалғаған энергетик қаланың кешегісі мен бүгінгі тынысын жүрегімен сезініп, болмысымен ұққан және дамуына үлесін қосып, пайдасын тигізген. «Бұрынғы Целиноградта, кешегі Ақмолада электр қондырғыларының дені Ильич шамдары еді ғой. Бүгінгі сұлу Астанада оның бірі де жоқ, құрыған. Қазір бізде заман талабына сай шамдар – көздің жауын алады, шығыны да аз әрі мамандардың құруына, орнатуына оңтайлы» дейді энергетик.
«Аға буынның кейінгіге қашан көңілі толыпты» десек те, Сафекеңнің мына сөзі де орынды секілді: «Осы жасқа келгенде бір қынжылтатыны, электр саласына із салатын жас мамандар көп емес. Келген мамандардың өзінің біліктілігі, білімі практикалық тұрғыдан таяз. Қарапайым сауалдардың жауабын таппай қиналып жатады. Меніңше, студенттерді өндірістермен тығыз қарым-қатынаста оқытқан жөн». Жаны бар түйін, кейінгі жылдары кәсіптік, техникалық мамандықтарға мемлекет тарапынан миллиондап қаражат құйылып жатса да, инженер, тігінші, электр дәнекерлеуші сынды мамандықтарды игеріп, құлағын ұстаймын дейтін түлек сирек…

Қарияның көргені, түйгені, білгені бар деп сөз басында айттық. Жетпістің үстіне шығып үлгерген қарт энергетиктің айтуынша, қарапайым адам үйде де, түзде де, жұмыста да мынадай үш қасиетті бойына сіңіру қажет: жауапкершілік, ұқыптылық, тәртіп. «Қазіргі жастарда өрге сүйрейтін осы үш қасиет жоқ-ау деп ойлаймын. Бойдағы осы үш қасиет қой биікті бағындыртатын» дейді сөзінің соңында.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 2 =