«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шаһарды қардан тазалау

0 199

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР?

Астана – жер жүзі мемлекеттері байтақтары арасындағы ең суық елді мекендердің бірі. Бұл жағынан келгенде, ол Моңғолияның ордасы – Улан-Батордан кейінгі екінші шаһар. Осылайша солтүстік ендікке орналасқандықтан, қыста қаланы қардан тазарту біздің елорданың ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бүгінде жаһанның басқа бірқатар елдерінің астаналары да осындай проблемаларды бастан кешуде. Ал олар бұл тығырықтан қалай шығып жүр, енді соған келейік.

АҚШ-тың бас қаласы – Вашингтонда жүргізушілердің бәрі «3 сағат» деген ережені жақсы біледі. Осы қағидатқа сәйкес, қалада әр қар жауғаннан кейін тәуліктің қай шамасы екеніне қарамастан, негізгі көшелер мен жолдар үш сағаттың көлемінде түгел тазартылып шығады. Аталмыш жүйе көп белдеулі даңғылдар мен көшелерді мейлінше тез тазартуды қамтамасыз етеді. Мұнда мемлекеттік мекемелер ұлттық хайвейлердегі қарды сыпырып алса, муниципалды ұжымдар қала жолдарының толық аршылуына жауап береді.
Бұған қоса, алып абаттағы кәсіпорындар мен жеке үйлердің иелері өздері орналасқан және тұратын ғимараттардың жанындағы алаңқайлар мен тротуарларды қар мен мұздан тазартып шығуға міндетті болып саналады. Мұндай талапты уақтылы орындай қоймаған үй иелеріне тағылатын айып заматында 100 доллар көлеміндегі сомамен шек түрінде кесіліп келе қалады. Кәсіпорындарға берілетін жаза бұдан да көп, ол мекеме қамтитын аумаққа қарай есептеледі.
Тағы бір айтатын нәрсе, Құрама Штаттардың кез келген қаласында көшені химиялық ерітінділердің көмегімен тазартып шығуға тыйым салынған. Тұрғындар қарды жинап қойғанымен, оны далаға шығарып тастамайды, мұның орнына арнайы құралдардың көмегімен таптап, ерітіп, суға айналдырып, соңынан арықтар бойымен ағызып жібереді.
Өткен жылдың ақпан айында Канаданың орталығы – Оттавада соңғы 69 жылдан бері болмаған қар жауып, мұндағылар біраз әбігерге түсті. Сөйтіп, айдың 17-сі күні бір тәулікте жер 46 сантиметрлік қар көрпесін жамылып, 1947 жылғы рекордты 5,4 сантиметрге жаңартты. Бірақ канада астанасының тұрғындары бұдан оншалықты бір айылын жиып, айбынын қашыра қойған жоқ. Себебі мұнда жылдар бойы қалыптас­қан қар тазалау жұмысының үздік үлгісі мен жүйесі бар. Егер дәл жаңағыдай қар тасқыны Ресейдің бас қаласы – Мәскеуге түсетін болса, сол жентектелген қалпы көктемге дейін жатар еді. Ал Оттаваның арнайы қызмет орындары мен жергілікті халқы келесі тәуліктің ішінде-ақ қаланы қар құрсауынан түгел тазартып үлгерді. Мұнда да қардың қомдарын шұғыл түрде еріткіш жабдықтарға жеткізіп, таптап, кәріздік ағын су арналарына құйып жіберу тәсілі жүзеге асырылды.
Жалпы, Канада қар еріткіш технологияны жасаудың отаны болып табылады. Мұнда, дәлірегі, Торонто қаласында өткен ғасырдың 70-ші жылдарында алғаш рет шұғыл қар ерітетін қондырғылар пайдаланыла бастаған. Осы орайда бұлайша жиналған қарды таптап, нығыз­дап не керегі бар, одан да сыртқа алып шығып, өзендер арналары мен көлдер айдындарына төге салуға болмай ма деген сауалдар тууы мүмкін. Бұған мамандар қазіргі қар құрамының таза бола бермейтінін, сондықтан оны бір рет тазартудан өткізіп, суға айналдырмаса, кейінірек өзі еріген кезінде нағыз экологиялық апаттың орын алатынын айтып жауап береді.
Финляндияның астанасы – Хельсинкиде қардың жауатын шағын алдын ала болжап отыру өте жақсы жолға қойылған. Бұл көше бойларына қойылған әлденеше мыңдаған фотокамералардың ауа райындағы кез келген өзгерісті қалт жібермей бақылап тұрулары арқылы жүзеге асады. Синоптиктер осыған қарап аптаның қай күні қар жауатынын дәл айтады. Ал қала муниципалитеті содан тура бір тәулік бұрын осы мәселеге арналған отырыс өткізеді. Онда жолшылар мен басқару әкімшілігінің мамандары қайда қанша көлемде қандай техниканы шығару керектігі жөнінде келелі кеңес құрады. Осының негізінде коммуналды қызмет жұмысшылары алғашқы қар ұлпасы жерге түсетінінен жиырма минут бұрын өзіне бекітілген көшелер бойы мен парктердің аясына барып тұрады.
Суоми елінде, жалпы, мұз болып қатқан табанға тұз себу үрдісі жоқ. Бүкіл Скандинавия елдері мұның орнына ұсақ тас қиыршықтарын төсейді. Бұл экологиялық тазалықтың сақталуына мүмкіндік береді. Ал жол үстіндегі қиыршықтар жел екпінімен, машиналар доңғалақтарының күшімен жарты сағаттың ішінде жоқ болады. Бұл елде тұзды қолданбаудың тағы бір себебі, қаланың айналасындағы ну ормандарда өріп жүретін бұғылар мен бұландар оны өте жақсы көреді екен. Олар тұз көрсе, сілекейлері шұбырып, жол бойын жағалап кетеді. Осының салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып кете бергесін, фин мамандары көшеге тұз себуді үзілді-кесілді тоқтатыпты.
Хельсинкидің қар тазалау­шылары жұмысқа келгенде, қарқынды күрт арттырады. Олардың жүк көліктері сағатына 90 шақырымдық жылдамдықпен жүріп, қала сыртындағы көлдер мен су қоймаларына қарды апарып тастап отырады. Бас қалада қар көп жауып, қауырт жағдай орнай қалған кезде көше бойларын тазалауға тұрғындар түгел жұмылдырылады. Финдер бұл жұмысқа ерекше мән береді. Сондықтан қар тазалауға қарапайым күрекпен қатысатын адамдарға дейін қала басшылығының есебінде болады. Сол себепті олардың барлығы алдын ала дайындық курсынан сабақ алып шығады.
Бұдан 4 жыл бұрын наурыз айының басында біз Ослода болып, ондағы қар тазалау үрдісіне таң қалған едік. Сол күні Норвегия­ның астанасында түнімен қар жауып шықты. Бірақ таңертең көшелерден де, тротуарлардан да бір жентек қар таппай, айран-асыр болғанбыз. Бақсақ, мұнда да қар тазалау жұмысы ол жаңа жауа бастаған шақтан қолға алынып, қашан тоқтағанша толас таппайды екен. Қасат қары бір түскенде қарыс бойынан асып кететін өлкеде оны тазалау жұмыстарына айрықша көңіл бөлетін болып шықты.
Жер шарының солтүстік белдеуін алып жатқан елде жыл сайын қар тазалау жұмыстарына 200 млн еуро мөлшерінде қаржы қарастырылады. Норвегтер қар тазалап, жинайтын көліктерінің саны жағынан да талай елді таңғалдырады. Тек ел ордасының өзінде осындай 300 көлік бір мезгілде қала көшелеріне шығарылады. Ал бүкіл арыстан арқалы түбек бойынша мұндай техника 2 600-ге жетеді. Мұның сыртында осыған қарайлас грейдерлер, тракторлар және қар ататын агрегаттар тағы бар.
Норвегияның тағы бір ерекшелігі, бұл елде тіпті велосипед жүретін жолдарды тазалайтын коммуналдық қызмет бөлімшесі де бар. Жоғарыда айтылған тротуарлар табандарын басқа қызмет жүйесі қардан тазалайтынын да сол жолы білдік. Ежелгі викингтер ұрпақтары бұл жағынан да айлакер екен. Олар үйлерге ыстық су жеткізетін құбырларды осы тротуарлар астынан жүргізеді. Өстіп, оның бетіндегі қар қапсырмасының өзінен өзі еріп, тазалау жұмысының оңай жүруіне жол ашады.
Исландияның негізгі кенті – Рейкьявикте үйлер табиғи ыстық су көздері арқылы жылытылады. Осы сумен сондай-ақ экзотикалық жемістер өсірілетін жылыжайларға, сондай-ақ көшедегі жолдар мен тротуарларға жылу беріледі. Ыстық су ағып жататын құбыр­лар көшелер бойларын түгел қамтиды. Нәтижесінде жерге түскен қар заматында еріп, жол бойлары мен олардың жиектері ұдайы тазаланып тұрады. Бұл тіпті экологиялық жағынан да өте таза болып шықты.
Әлемнің солтүстік бөлігінде жайғасқан бірқатар мемлекеттер ордалары қаптаған қалың қардың қамауынан осындай әдістермен құтылып отырады. Бізге бұлардан алатын үлгі-өнеге де жеткілікті сияқты. Қаңтардың 11-і күні орын алған Астанадағы қарлы боран бізді осындай ойларға жетелеп отыр.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды