ШАҺАР ТАЛАПҚА САЙ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

0 144

216422

Қазіргі кезде елорданың келбетіне кері әсерін тигізетін негізгі түйткілді мәселелердің бірі аумақты өз бетінше қоршау, маңдайша жазулар орнату, витриналар мен терезелерді безендіру болып табылады.

Бүгін Астана мәслихатында әкімдік әзірлеген қала аумағын дамыту, санитарлық күтіп ұстау, тазалауды ұйымдастыру мен тазалықты қамтамасыз ету ере­жесіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілді. Осы ережеге сәйкес, жоғарыда аталған нысандардың атаулары, маңдайша жазулары, сөрелер мен терезелердегі көрнекі ақпараттардың жазылуы міндетті түрде қалалық сәулет және тілдерді дамыту басқармаларымен келісілуі керек, ал, бұл талап бұзылған жағдайда құқық бұзушыларға айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жыл сайынғы кеңестерде тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар айналасындағы қоршаулар және ғимараттар мен құрылыстардағы маңдайша жазулар қаланың эстетикалық қалпын сақтауы керектігі үнемі айтылып жүр.
Бұдан бөлек, «Астана қаласының аумағын кешенді абаттандыру нормалары мен ережелеріне» сәйкес мемлекеттік басқару органдары, ұйымдардың кеңселері, көп қабатты тұрғын үйлердің аумақтарына қоршаулар орнатуға тыйым салынады. Құжат бойынша қоршау орнату және оның сәулеттік-көркемдік шешімі нысанның жобасы ұсынылатын Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы бас­қармасымен келісілуі тиіс.

Жұма ҚАЗИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 4 =