«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шаһар шежіресінен сыр шертеді

0 243

Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында ел астанасының Алматыдан Ақмола қаласына көшуіне 20 жыл толуына арналған «Тоғыз жолдың торабындағы Астана» атты фотодеректі көрме ашылды. Желтоқсан айының аяғына дейін жалғасатын көрмеге осы тарихи оқиға жайлы сыр шертетін құжаттар, елорданың даму кезеңдерін бейнелейтін фотодеректер жинақталған. Олардың дені көпшіліктің назарына алғашқы рет ұсынылып отыр.

Астананы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіру идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 6 шілдесі күні ҚР Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысында ұсынғаны белгілі. Қаланың мемлекеттік мұрағатының құжаттарды жариялау және пайдалану бөлімінің басшысы Бақыт Балтабаеваның айтуынша, бұл ой Елбасыға тосыннан келмеген.
«Ел Президенті «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірін­ші хатшысы қызметінде жүр­генде қолына академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға немесе Целиноградқа көшіру жөніндегі баянхаты түскенін жазады. Бұл елеулі мәні бар баянхаттың Мәскеуге жіберілгенін, ол уақытта мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі қолға алынбайтынын, Мәскеуден «Басқа істейтін істерің жоқ па?» деген сыңайда жауап келгенін келтіреді» дейді Бақыт Балтабаева.
Мұрағат қызметкерінің сөзінше, Кеңес Одағы ыдырап, одан бөлінген мемлекеттер жеке отау тіккен тұста арандатушылық әрекетке барған адамдар көп болған. Мәселен, Александр Солженицын «Ресейді қалай жайластырамыз?» атты мақаласында қазақтардың ежелгі атақонысы – Қазақстанның солтүстік аумағын Ресейге қосу туралы әңгіме қозғаған. Сондықтан Қазақстан астанасын республи­ка­ның солтүстігіне қарай қоныстандыру тәуелсіздіктің елең-алаңында күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе еді.
Мемлекет басшысы жаңа астананы 32 өлшем бойынша таңдаған. Соның ішінде аса маңыздылардың қатарында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы мен оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстары аталады. Осы өлшемдерге Ақмола қаласының жағдайы мейлінше сәйкес келген.
«Ел Президенті еліне сеніп, болашақты ойлап, астананы көшіруге бел буып, осындай шешімге келді. Енді ғана тәуелсіздік алған мемлекеттің экономикалық жағдайына қарамай Елбасының елдің келешегі үшін жасаған бұл батыл қадамына алғыс айтуымыз керек. Бұл саяси жағынан да, тарихи жағынан да өте дұрыс шешім болды. Бірақ Астана Сарыарқаның төсіне оңай орналаса салған жоқ. Осыны ұмытпауымыз қажет» деді көрменің ашылуына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.


Кезіндегі Ақмоланың, одан кейінгі Астана әкімінің орынбасары болған Николай Тихонюк Астананың қалыптасу жылдарын еске алып, жаңғыртты. «Елордасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру шешімі қабылданғанда Алматыға жиі баратын болдым. Сол кезде астана ретінде 17 қала ұсынылды. Қызылорда, Көкшетау қалалары, Ақмола мен Қарағандының арасындағы аумақ сынды көптеген нұсқалар талқыланды. Көпшілігі Ақмоланың ескі қала аумағында астана салайық деген пікірде еді. Бірақ сәулетшілер сол жағалауда құрылыс жүргізу керек деп айтып, ұсыныстарын дәлелдеп шықты. Бастапқыда Ақмолаға келіп жатқан қызметкерлерді қарсы алу қиындық тудырды. Ол уақытта қалада «Есіл» және «Мәскеу» аталатын екі-ақ қонақ үй, үш-ақ мейрамхана болды. Бір жыл ішінде жағдай біраз қалыпқа келді. Жаңа үйлер, жаңа даңғылдар салынды. Шынымды айтайын, осындай әсем қала сала аламыз деген ой менде болған жоқ. Елбасы өте көреген адам. Кез келген дағдарыстан құрылыс, яғни оны бастау шығарады. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Астананың құрылысын бүкіл Қазақстан жүргізді. Астанадан кейін елдің қалаларында құрылыс басталды. Бұл жағынан Астана аймақтарға үлгі көрсетті. Осылай болатынын Нұрсұлтан Әбішұлы ойламады емес. Қазақстан Президенті жаңа астанамен бірге елдің дамуына жол ашып берді» деді ол.
Көрмеге Астана қаласы мемлекеттік мұрағатының қорларынан, ҚР Ұлттық мұра­ғаты мен Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттар қойылды. Онда 1997-2014 жылдар аралығындағы құжаттар орын алды. Олардың қатарында астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы акті, қаланың атын өзгерту жөніндегі қаулы, мемлекеттік ұйымдарды қайта орналастыру туралы, соның ішінде Ақмолаға алғашқылар болып көшкен ведомстволар – Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі құжаттары, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы, т.б. деректер орналасты.
Астананың тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбековтің жеке қорынан алынған құжаттар, наградалар және Ақмола қаласына жоғарғы және орталық органдарды көшіру бойынша мемлекеттік комиссиясына жетекшілік еткен Фарит Галимовтың жеке қорындағы фотоматериалдар көрмені айшықтап тұр. Астана әкімдігіне шетел делегацияларының атынан сыйға тартылған кәде­сыйлар мен түрлі сыйлықтар да көрмеден орын алды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды