ШАҺАР БАСШЫСЫНЫҢ ШЫРШАСЫ

0 106

DSC_5557

Бейсенбі күні Оқушылар сарайында Астана қаласы әкімінің шыршасы өтті. Жаңажылдық думанға 300 бала қатысты. «Мәңгілік Елдің қасиетті құндылықтары» атты театрландырылған қойылым балдырғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала басшысы Әділбек Жақсыбековтің атынан балаларды мерекелерімен құттықтап, алдағы жыл армандар орындалған жыл болуын тіледі. «Сіздер – елордамыздың ең озат, озық ойлы дарынды балаларысыздар. Ел ертеңі – балаларға Елбасы ерекше көңіл бөледі. Жас өркендердің бақытты балалық шағы – бейбіт өмірдің бейнесі» деді Ермек Аманшаев.

Астана қаласы Білім басқар­ма­сының ұйымдастыруымен өткен балалар думанына 150 дарынды бала мен балалар үйінің 150 тәрбие­ле­нушісі қатысты. Басқарма басшысы Эльмира Суханбердиева барлық балаға қала әкімінің атынан тәттілермен бірге ұялы телефоны бар жаңа жылдық сыйлықтар табысталатынын айтты.

Шырша түбіне жиналған топ бала қысқы ертегіні тамашалап қана қойған жоқ, өздері кейіпкер ретінде ойнады. Аяз атамен бірге су астынан, жер астынан Ақшақарды іздеді. Ертегі кейіпкерлері – Аяз ата мен Ақшақар, Мыстан кемпір, Су перісі, Тазша бала, Бақа, Қой және балалар. Балдырғандар түрлі-түсті сәнді киімде өнер көрсетті, байқаулар мен викториналарға қатысты. Жаңа жылдық шыршаға 30 бала алып келген Астана қаласы балалар үйінің директоры Гүлмира Кәрібаева «Біздің балалар үйінде тігін цехы жұмыс істейді. Балалардың костюмін өзіміз тіктік. Бүгінгі шараға үлкен дайындықпен келдік» дейді.

Шара соңында шырша шамы жағылып, балаларға сыйлықтар үлестірілді.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − twelve =