Шах-Мұраттың шабыты

0 108

«Серпер» жастар сыйлығының иегері Шах-Мұрат Ордабаев есімі театр сүйер қауымға жақсы таныс. Актердің Қаллеки театрына қызметке келгеніне он жылдан асты. Осы уақыт ішінде талғампаз көрермендердің алдына небір бейнелерді шығарды.Киелі Торғай өңірінде дүние есігін ашқан Шах-Мұратқа өнер әке қаны, ана сүтімен дарыды. Әкесі, марқұм Сайлау Ордабаев С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрында актер болса, анасы Отаркүл Мұқатова Арқалық филармониясында еңбек етті. Жастайынан ата-анасының соңына еріп, сахнаның қыр-сырына қанық болған бала Шах-Мұраттың алдында «өскенде кім боламын?» деген сұрақ тұрмады.
Ержетіп, мектепті тәмамдаған соң, Қазақ ұлттық музыка академиясына «академиялық вокал» бөліміне оқуға түседі. Сол уақытта Шах-Мұраттың жүрегінде бір арпалыс басталды. Жандүниесі әншілікті емес, актерлікті қалайтынын түсініп, келер жылы «Театр және кино актері» мамандығына, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Лейло Бекназар-Ханинганың шеберханасына түсті. Осылайша қызығы мен таңғажайыпқа толы «өнер» атты әлемнің есігін айқара ашты.
Оқуын ойдағыдай аяқтап, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына қабылданды. Сол кезде елорда театрында өнер ошағының негізін қалаушы әртістер Шәміл Жүніс, Рымкеш Омарханова, Түйметай Атымтаева, Айман Аймағамбет, Бақыт Исабекова, сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетов пен Қадыр Жетпісбаев осы театрға тартқан Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Жұмагүл Мейрамова, Нұркен Өтеуілов, Алтынай Нөгербек, Айнұр Бермұхамедова сахнада жұлдыздай жарқырап жүрген. Аға буын әртістер театрға жаңа келген Жанат Оспанов, Жасұлан Ерболат, Айнұр Жетпісбаева, Шах-Мұрат Ордабаев сынды жастарды жатсынбай, үнемі ақыл-кеңестерін айтып, тәрбиеледі.
Шах-Мұраттың театрдағы дебюті Лейло Бекназар-Ханинганың 50 жас мерейтойына арналған Еркін Жуас­бектің «Сен үшін» комедиясы еді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов қойған спектакль көрермендерді күлкі аралас терең ойға жетелейтін.
Осыдан бастап Шах-Мұрат Ордабаев кейіпкерді зерттейтін актерге айналды. Қазір ол – әр кейіпкерінің жандүниесіне, мінез-құлқына, шығармадағы орнына мән беретін сахна маманы. Айтылған сөзімізге Ж.Эвренің «Ізгілік формуласы» комедиясындағы Мануэльді дәлел қылып көрсете аламыз.
Шах-Мұрат кескіндеген Мануэль – Самир (Жасұлан Ерболат) мен Кристинаның (Айнұр Жетпісбаева) жанашыры, олардың тілеулесі. Актер кейіпкер бейнесін, оның мінез-құлқын актерлік элементтер арқылы айқын көрсете алды. Жас жұбайларға қожайы­ны Маривон ханымның үйін уақытша паналауға беріп, олардың қорғаны екенін спектакль барысында байқатты. Комедия жанры көрермендерге жеңіл әзіл мен күлкіге ғана құрылғандай болып көрінеді. Дегенмен, күлдіре отырып жылататын, ащы әжуа арқылы үлкен ойға жетелейтін туындылар да жоқ емес. Солардың бірі – А.Чеховтің «Шие бағы» спектаклі.
Шах-Мұрат Ордабаев өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, ізденімпаздығын тек комедиялық спектакльдерде ғана емес, драмалық, трагедиялық қойылымдарды да көрсетіп жүр. Ф.Болоньяның «Байланыс аясы» драмасындағы Диего – Шах-Мұрат шығармашылығындағы ерекше бейне. Актер осы кейіпкері арқылы қоғамның бүгінгі жайын, басты дертін көрсетеді.
Қаллеки театры драма ғана емес, музыка театры болғандықтан Шах-Мұрат Ордабаев әншілік қырымен де көрініп жүр. С.Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясындағы «Кешікпей келем деп ең» әнін нақышына келтіріп орындаса, И.Кальманның «Кабаре жұлдызы» музыкалық комедиясындағы Бони атты кейіпкерінің әндерін өзгеше үн арқылы жеткізеді.
Өнер жолында тек қана театр мен киномен шектелмей, дубляжға да үлес қосып жүр. Шах-Мұраттың режиссерлігімен «Коконың құпиясы», «Супер отбасы-2», «Өрмекші адам», «Арыстан патша» сынды анимациялық фильмдер қазақ тілінде сөйледі.

Бахтияр ТҰРСЫН,
театртанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =