Шағын бизнестің жағдайы қалай?

0 36

Төтенше жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнес жаңа жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойынша мемлекеттен 600 млрд теңге несие бөлінетін болды. Кәсіпкерлік нысандарының айналым қаражаттарын толықтыру үшін 8 пайыздық мөлшерлемемен 1 жылға несие беріледі. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» (БЖК) бағдарламасы бойынша бұған дейінгі қойылған салалық шектеулер алынып тасталды. БЖК көлемі 2,5-тен 7 млрд теңгеге дейін өсті. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жобаларды қаржыландыру көлемі 400 млрд-тан 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.Дегенмен қазіргі карантин жағдайында шағын кәсіпкерлік өкілдерінің жеңілдетілген несиелерге қол жеткізуі мүмкін болмай тұр. Өйткені банктер тек жеке тұлғаларға Үкімет белгілеген 42,5 мың тг жәрдемақыны рәсімдеумен ғана айналысады, басқа операциялар тоқтатылған. Сондай-ақ онлайн кредиттер рәсімделмейді. Оның үстіне жеңілдетілген несиенің қашан, қандай жағдайда берілетіні беймәлім.

Кәсіпорындарды сақтап қалу маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен дағдарысқа қарсы біршама шаралар қабылданды. Бұл шаралар кәсіпкерлік субъектілері қызметіне де қатысты: оның ішінде салықтық жеңілдіктер, несие төлемдерінің кейінге шегерілуі, ұтымды қаржыландыру, т. б. Алайда аталған шараларды жүзеге асырумен қатар, кәсіпкерліктің салалық ерекшеліктеріне қарай олардың кейбір түрлерін әлі пысықтай түсу, жетілдіру қажет.
«Атамекен» ҰКП мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігі туралы мәселелерді көптен көтеріп келеді. Ал экономикадағы дағдарысқа орай жобаларды қаржыландыру көзқарасын өзгерту қажет. Егер осыған дейін ірі және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды несиелеу тиімді болса, енді шағын және орта бизнесті, импортты алмастыру жобаларын несиелеу – қазіргі уақытта елге қажетті шара. Індетке және негізгі экспорттық тауарларға бағалардың күрт төмендеуіне байланысты қаржы институттарының жұмыс форматын өзгерту және отандық бизнес сұранысын қанағаттандырған жөн. Мұндай позицияны «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында айтты.
– Бүгінде бізге инвестициялық жобаларды қолдау емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды сақтап қалған аса маңызды. Егер осыған дейін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бо­йынша қаржыландыру екіге бөлініп, 50 пайызы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды қолдауға, екінші бөлігі инвестициялық жобаларға жұмсалған болса, қазіргі жағдайда барлық қаржы айналым қаражатын толтыруға бағытталуы қажет, – деді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, несиеге берілетін 600 млрд теңге тұтастай айналымға шығу үшін өңдеу секторының басқа бағыттарын қатыстыру маңызды. Өйткені қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға арзан айналым қаражаты қажет.

Кәсіпкерлерді не толғандырады?

Аты жаман вирустың әлемге кең таралуы салдарынан шетелден келетін импорттық тауарлардың жеткізілім тізбегі үзілді және республиканың негізгі экспорттық позициялары бойынша әлемдік бағалар айтарлықтай төмендеді. Осының отандық бизнеске тигізетін теріс әсерін азайту мақсатында жедел штаб құрылды. Штаб атқаруы тиіс мақсат-міндеттер сан алуан. Мәселен, бизнеске келтірілуі мүмкін тәуекелдер мен ағымдағы экономикалық жағдайдың теріс салдарын бағалау; импорттық шикізат, жабдық және қосалқы бөлшектерді сатып алудағы проблемалар; қаржыға қолжетімділік (қаражат айналымы, валюталық заем, қайта қаржыландыру қажеттілігі және т. б.); кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндіктерді анықтау (өткізу нарықтары, қолдау шаралары); бизнестен алынған мәліметтер негізінде Үкіметке ұсынымдар әзірлеу.
Кәсіпкерлер палатасының жанынан Нұр-Сұлтан қаласында құрылған жедел штабқа күн сайын жүздеген өтініш-шағымдар келіп түседі.
– Олардың басым бөлігі орта және шағын бизнес нысандарының қызметтеріне байланысты. Көптігі жағынан бірінші орында – мейрамханалар, баспаханалар, сұлулық салондары, консалтинг қызметтері, екінші орында – автобөлшектер сату, жөндеу және түрлі ұсақ-түйек қызметтер көрсететін компаниялар, үшінші орында – сау­да саласы. Кәсіпкерлер, негізінен, банктермен, мемлекетпен арадағы бекітілген шарттардың бұзылуына қатысты шағымданады. Сондай-ақ кадр мәселесіне, оның ішінде мерзімсіз еңбек демалысына кеткен немесе жұмыс уақыты қысқарған қызметкерлерге жалақы төлеу мәселесіне байланысты сұрақтар көп, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.
Бизнестің қаржылық жағдайы, жылжымайтын мүлікті жалға алу, коммуналдық қызметтер төлемі, т. б. проблемалар – өз алдына бөлек әңгіме. Ал тауар өндірушілерді шикізаттың жетіспеушілігі мен теңгенің құлдырауына байланысты олардың құны қымбаттап кеткені толғандырады. Алмат Жүнісовтің айтуынша, бірқатар мәселелер қолданыстағы заңды түсіндіру, ақыл-кеңес беру және карантин жағда­йында жұмыс істеу шарттарымен таныстыру арқылы шешіледі.

Кеденнен кедергі жоқ

Сонымен қатар, астанада карантин жарияланған алғашқы күндері блокпостарда «жасыл дәліз» бойынша біршама келеңсіздіктер орын алған. Егер қаланың өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жеке тұлғалардан басқа адамдарға 22 наурыздан бастап елордаға кіріп-шығуына тыйым салынған болса, мұндай жеке тұлғаларға QR-код беріледі. Бұл біржақты шешілген. Бірақ жүк көліктеріне қатысты түсініспеу­шілік туындап отыр.
Бүгінде бас қалада азық-түлік орындарынан басқа, сауда және қызмет көрсету нысандары жабылғаны белгілі, бірақ құрылыс жұмыстары тоқтатылған жоқ. Тиісінше, егер жұмыс басына жабдықтар, шикізат пен материалдар жеткізілмесе, құрылыс тоқтайды. Ол келісілген шарттардың, оның ішінде мемлекеттік ұйымдармен жасалған шарттардың бұзылуына әкеліп соқтырады. Жақын күндері осы сәйкессіздік оң шешімін тап­қанға ұқсайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =