Шағбан шарапаты

0 1  124

29

Шағбан айы хижри жыл санауы бойынша – сегізінші ай. Шағбан – Рамазан айын сүйіншілеуші, қасиетті айға дайындыққа шақырушы ай.

Шағбан айында Аллаһ елшісі (с.ғ.с) басқа айларға қарағанда көбірек құлшылық қылып, парыз намаздарымен қоса нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Аллаһ тағаланың көркем есімдерін мадақтайтын, Раббысына шүкіршілігін арттырып, жоқ-жітік, кедей кісілерге садақа беретін. Пайғамбарымыздың сүннетін ұстанған барша сахабалары да бұл айда құлшылыққа құлшына кірісетін. Нәпіл ғибадаттарды көбірек орындап, жоқ-жітік, мұқтаж жандарға көмектесетін. Ислам тарихына көз жүгіртсек, Шағбан айының қасиеттілігін айғақтайтын оқиғаларды көптеп кездестіреміз.

Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар» деп, мұсылман қауымына парыз болған Рамазан айына дайындық жасауға шақырған. Иә, бұл – дайындық айы. Ертедегі мұсылмандар Рамазан айының оразасына жарты жыл дайындық жасап, асыға күтетін болған. Рамазанға деген ықыласы мен құрметінің жоғары болғаны соншалық, рамазан айы аяқталғанда, қимай қоштасып, рамазанның рухани шуағына шомылып, соның әсерінен алты ай арыла алмай жүретін.

Осыған орай мұсылман үмметінің Рамазан айына дайындығы Ережеп, Шағбан айларынан бас­талуы тиіс. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) бұл айда өзге айлардағы әдетінен көбірек ораза тұтатын еді. Айша анамыздан (р.а) жеткен хадисте:«Пайғамбарымыздың толығымен ораза ұстаған айы Рамазан айы еді. Ал көп ораза ұстайтын айы – Шағбан айы еді» (Бухари) делінген.

Және де Аллаһ елшісі (с.ғ.с) Шағбан айында өзге айлардан артық нәпіл ораза мен ғибадаттардың жасалуының себебін былай түсіндіреді: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кетенін айы. Бұл айда Аллаһ тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Аллаһтың кұзырына көтерілгенін қалаймын».

Оразаның адам баласына беретін пайдасы өте көп. Аллаһ тағала ораза ұстаған момынды екі дүниенің жақсылығына бөлейді, күнәларын кешіреді, дәрежесін көтереді, оған Өзінің рахымын төгеді, тозақ отынан сақтайды .

Шағбан айында періштелер жер бетіне түсіп, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын түн бар. Ол – күллі ислам ғұламалары «мүбәрак», «кешірім» деген атаулармен атап кеткен Бәраат түні. Бұл түн шағбан айының 14-нен 15-іне қараған уақытта енеді. Бәрааттың күнін оразамен, түнін ғибадат, дұғамен өткізгеніміз абзал. Себебі, бұл – пенденің жайған алақаны мен дұғасы қайтарылмайтын, күнәлары кәффарат (кешірілетін) етілетін түн.

Сондай-ақ, шағбан айында Алланың хақ әрі соңғы елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) көбірек салауат айтуымыз керек. Себебі, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы» деп, ережеп айында – кәлиманы, шағбанда – салауат, рамазанда – көбірек құран оқудың маңыздылығын жеткізген.

Ал, ардақты елші Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, сол салауат үшін Аллаһ оған он рет салауат айтады» деп, момын жанға мол сауаптар жазылатынын тағы да еске салады.

Тағы бір хадисте Шағбандағы шарапаты мол бәраат түні жайында былай баяндалады: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Аллаһ тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп, таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» дей келе, «Аллаһ тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді» деп те айтқаны бар. (Сүнән-и Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191). Сондай-ақ, әз елші (с.ғ.с.) Ережептен кейін келетін Шағбан айында «Аллаһ тағалам, Режеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғаны жиі айтатын.

Бұл ай ислам тарихында маңызды оқиғалардың орын алуымен де ерекшеленеді. Хижреттің екінші жылы, Шағбан айының орталарында түскен аяттарда мұсылмандар құбыласы өзгерген. Мұсылман үмбеті осы сәттен бас­тап, жүздерін Ақса мешітіне емес, қазіргі Мекке шаһарындағы қасиетті Қағбаға бұрған.

Иә, қадірлі мұсылман қауымы, осы қасиетті шағбан айын нәпіл оразасыз, басқа да ізгі амалдарсыз өткізіп алмауға тырысайық. Уақыт – бізге Аллаһ тағаладан берілген үлкен нығмет, оны бағалай білейік.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адамдардың көбі қадірін білмеген Аллаһ тағаланың екі нығметі бар. Ол: денсаулық пен бос уақыт» (Ибн Абасстан, Бухари) деген. Ал, үлкен ілім иесі ғалым Хасан Басри: «Уақыт адам баласынан: «Ей, адам баласы! Мені қандай амал жасап өткіздің, мен жақсы істеріңнің куәсімін. Кетсем, қайта оралмаймын. Ақыретте пайдалы болып оралуым үшін, қалағаныңша ізгі амалдарды жасап қал! дейді» депті.

Тағы бір хадистерде Аллаһ елшісі: «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл! Қартаймай тұрып жастықтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, іспен шұғылданбай тұрып бос уақыттың, өлмей тұрып өмірдің» дейді.

Дана қазақ аталарымыз да «Уақыт – қамшының сабындай өте қысқа» деген. Ақиық ақын Мұқағалидың:

«Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым,
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген» деген өлеңі шариғатымызда ескертілген ұйқының кіші өлім екенін еске салады.

Сол себепті, қадірлі мұсылман ағайын, Алланың сыйлаған мүбәрак кештерін қаперсіз, күндерін алаңсыз өткізбей, сөзімізді, ісімізді түзеп, пайғамбар (с.ғ.с.) салған өнегелі жолдан сабақ алайық, бұрынғы өткен ізгі салиқалы мұсылмандардың қатарынан табылайық. Аллаһ тағала баршамызға қасиетті Шағбан айын берекелі қылып, құлшылық, ғибадат жасауға ықылас, күш-қуат берсін. Бауырымыз бүтін, басымыз аман қасиетті айларда жүздесуімізді, Рамазанның нығметтерімен бірге қауышуымызды нәсіп етсін!

Асхат Сәлимов,
«Нұр Астана» мешітінің найб имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =