«ШАБЫТТЫҢ» ШАРЫҚТАУ ШЕГІ – ШЫҢНАН КӨРІНГЕН ТАЛАНТТАР

0 120

Көпшілік көп күн көз тігіп, құлақ түрген XVII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі жаңа таланттарды танытты. Сенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты жабылу кешінде конкурс жеңімпаздарының аты айғақталып, марапатталды. Жас дарындар шоғырланған өнер додасының бас бәйгесі – Президент кубогы.

Алты күнге созылған «Шабыт» байқауында жер-жерден жиналған 495 өнерпаз алты аталым бойынша бақтарын сынады. Оның ішінде Қазақстаннан 364, ал Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғыз республикасынан 131 дарынды жас қатысты.

Астана қаласы әкімдігі мен Астана қаласы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен он жетінші рет өткізілген бәсі биік байқаудың бұрынғыдан ерекшелігі – «Ұлттық музыка» және «Камералық хор» аталымдарымен толығуы. Бұл аталымдарға сирек қолданылатын сазсырнай, сыбызғы, жетіген сынды ұлттық аспаптар енгізіліп, фестиваль ауқымы кеңейтілді.

Биылғы байқаудың жеңімпаздарын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов, Берлин симфониялық оркестрінің бас дирижері Лиор Шамбадал,  ҚР Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының бас дирижері Бейімбет Демеуов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Серік Еркімбеков, «Тәуелсіздік сарайы» ғимаратының бас директоры Әсел Өміршина және «Астана Опера» театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев анықтады.

Жас ақындарды бағалаған қазылар алқасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: ««Шабыт» жыл өткен сайын түрленіп, дәрежесі көтеріліп келеді. Бұрын әдебиет аталымында проза мен поэзия жанры аралас болатын. Кейінгі жылдары осы екі жанр жекелей өтіп келеді. Биыл байқау поэзияға арналды. Бұл жолғы «Шабыттың» жаңалығы «Әдебиет порталында» кімнің және қандай шығармасымен қатысып жатқаны жария түрде белгілі болды. Тағы бір ерекшелік қазылар алқасы аттары танылып, қалыптасып қалған жас ақындардан жасақталды десек болады. Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Танакөз Толқынқызы, Әнуар Омар сынды ақындарға бас болып, бірге төрелік еттім» деді.

Сонымен, гала-концертте «Шабыттың» ең жоғарғы сыйлығы – Президент Кубогын Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов 15 жастағы алматылық сазгер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3-курс студенті Рахат-би Әбдісағынға тапсырды.

Ал, түрлі аталымда Гран-при иегері деп танылғандар – «Камералық ансамбль» бо­йынша Өзбекстанның Ташкент қаласынан келген «Zebo» квартеті; «Классикалық музыка» аталымының «Композиторлар са­йысы» аталымы бойынша алматылық Рахат-би Әбдісағын; «Бейнелеу өнері» аталымы бо­йынша көкшетаулық Лолита Хугаева; «Халық музыкасы» аталымының «Ұлттық үрмелі аспаптар» аталымы бойынша алматылық Райхан Омар; «Халық музыкасы» аталымының «Ұлттық шертпелі аспаптар» аталымы бойынша Асылай Әпенова; «Камералық хор» аталымы бойынша Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының хоры; «Ең үздік әдеби туынды» аталымы бойынша түркістандық Батырхан Сәрсенхан; «Хореография» аталымы бойынша астаналық Еркін Рахметуллаев.

Сондай-ақ, конкурстың арнайы сыйлықтарына қол жеткізгендерге келсек, Вудиман Яков атындағы сыйлық  Әйгерім Дәуітбаева, Айгүл Раушан; Ахмет Жұбанов атындағы сыйлық Никита Палагнюк; Еркеғали Рахмадиев атындағы сыйлық Әлібек Андырбаев; Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы сыйлық Хакчыназ Ахмадзия; Болат Сарыбай атындағы сыйлық Ғанибат Сарқытұлы; Ғазиза Жұбанова атындағы сыйлық Алматы қаласы Чайковский атындағы колледждің «Алатау» хоры; Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлық Әлия Іңкәрбек; Рамазан Апаков атындағы сыйлық Еркін Рахметуллаевқа берілді.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Рахат-би Әбдісағын, XVII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері:

– Президент Кубогын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Өнерімізді шыңдап, осындай дәрежелі додаларда халыққа көрсетуімізге мүмкіндік алғанымыз және ең бастысы Қазақстанның қарыштап дамуы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы.

Лиор Шамбадал, Германиядан келген Берлин симфониялық оркестрінің бас дирижері:

– Қазақстанға әр келіп-қайтқан сайын «Қазақстан бізден алыста ғой» дейтін отандастарыма мен «жоқ, біз олардан алыстамыз» деп жауап беремін. Өнерде шек жоқ, сондықтан музыка барлық жерде  бірдей бағаланады. Біраз уақыт бұрын Сеулде болдым. Онда мен Моцартты көрдім, бірақ оның көзі қысыңқы, өңі қараторы болды. Ал, Астанада үшінші рет болып тұрмын. Әр сапарымда мұндағы мәдениеттің күннен-күнге дамып келе жатқанын байқаймын.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 7 =