«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«ШАБЫТ» ЖАҚҚАН ШЫРАҚТАР

0 270

Астанада алты күн бойы дүрілдеген «Шабыт» шығармашыл жастардың XIX халықаралық фестивалінің қорытындысы шығарылды. Әлемдік деңгейдегі шараға қатысуға Қазақстан, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украина елдерінен келген 644 үміткердің арасында дара шыққан жастарды марапаттау рәсімі Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.

kbb_1410

Бас жүлде – Қазақстан Президентінің кубогы «Көлеңкесіз адам» толғауы мен «Құлан ауған» өлеңін «Үздік әдеби шығарма» аталымына ұсынып, топ жарған астаналық ақын Ербол Алшынбайға бұйырды. Кубокты ақынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тапсырды.

– «Шабыт» фестивалі мәресіне жетті. Бұл фестивальдің ең жоғары, ең бағалы сыйлығы – Елбасымыздың кубогы. Жыл сайын осы жүлде иегерін анықтау барысында біз көп толғанып, қазылар алқасының мүшелерімен кең сұхбат құрамыз. Сонда әр аталымнан кем дегенде бір үміткер ұсынылады. Қорытындысында өзінің бар шығармашылық қабілетін жарқырата аша білген жасқа береміз. Астана әкімі Әсет Исекешевтің атынан жастарға лайық бағасын берген қазылар алқасының барлық мүшелеріне үлкен алғысымды білдіремін, – деді әкімнің орынбасары.

Бұл жолы дарынды жастар алты аталым бойынша сайысқа түсті. «Классикалық музыка» аталымы ішінара үш тармаққа бөлінді. Соның алғашқысы – ағаштан жасалған үрмелі аспаптарда шығармаларды орындауда Толғанай Дәулет үздік атанды. Мыс үрмелі аспаптар мен соқпалы аспап бойынша Ілияс Әбдірашев дараланды.  Классикалық аспапты ансамбль тармағында Ақдидар Тоқтаған мен Дана Букуневаның дуэті озып шықты.

 «Бейнелеу өнері» аталымында Асқар Нұрболат бас жүлде алды. Сондай-ақ, графика және көркемсурет тармақшаларында бірқатар суретші дипломант атанды.

«Халық музыкасы» аталымындағы бас жүлде музыкалық аспаптарға сәйкес үш қатысушыға табысталды. Прима қобыз бен қобызды Аяттола Тұрғанов бәрінен шебер меңгерді деп шешілді. Дарын Құдайбергенов домбыраның құлағында ойнайтындығын танытты. Ал прима домбыра, шертер және бас-шертер тармақшасында Бауыржан Мұқажанов қарсыластарынан қара үздірді.

«Эстрадалық вокал» аталымында Қытайдан келген қандасымыз Қайсар Далайұлы гран-при иегері атанды. Ал «Хореография» аталымында Алматы облысының атынан фестивальге қатысқан «Алтынай» би ансамблі топ жарды.

kbb_1356

– Азат Астананың аспанының астында он тоғызыншы рет «Шабыт» фестивалінің шалқар тойы өтті. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында іргетасын берік қалаған Қазақ елінің жас тұлпарлары мен жас сұңқарларының тойы болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнеріміздің болашағы, халқымыздың келешегі – жастар дүбірін тек Қазақ елі ғана емес, бүкіл көрші елдер сезді. Сондықтан «Шабыттың» тойы – халықтың тойы дегім келеді. Бұл тойды жыл сайын өткізіп келе жатқан Астана әкімдігіне, оны басқарып отырған азаматтарға жастардың атынан, қазылар алқасының атынан көптен-көп рақмет айтқым келеді. Өйткені биылғы тойдың басқа жылдардағы тойлардан жөні бөлек. Биыл фестиваль Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Сондықтан биылғы «Шабыттың» шарықтауы да, биіктеуі де ерекше болды. Мәңгілік ел болуымыздың тірегі бүгінгі жастардың қолында. Халықтың әл-қуаты жыл сайын артып келеді. Алайда руханияты, өнері жұтаң ел алға баспайды. Ал «Шабыт» төрт құбыласы түгел өнерлі жастарымыздың қанатын аспанға самғатып, шарықтатты. Елбасы Ұлытаудың төрінен сөйлеген сөзінде біздің арғы-бергі өнеріміздің тарихы туралы толғана отырып, жастарға сенім артты. Сол жастарға деген сенім ақталып отырғандай, – деді бұл жолы қазылар алқасына төрағалық еткен белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы.

Фестивальдің жабылуына байланысты өткен гала-концертте оның жеңімпаздарымен қатар, Бейбіт Құшқалиев, Адеми сынды белгілі эстрада әншілері мен «Аюми» тобы жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды