«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Шабыт» шуағы

0 295

Кеше Астанада «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХІ халықаралық фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Бес күн бойы конкурсанттар «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика» аталымдарында өнер жарыстырды. Соңғы аталымда әріптестеріміз де биіктен көрінді. «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Гүлмира Аймағанбет үшінші орынды, «Elorda.info» сайтының тілшісі Айнұр Шошаева «Sputnik» халықаралық ақпарат агенттігі және радиосының арнайы сыйлығын иеленді.

«Тележурналистика» (жаңалықтар сюжеттері, бағдарлама сюжеттері мен деректі фильмдер) және «Интернет ресурс­тар» атты ішінара секция­ларына бөлінген «Журналистика» аталымына келіп түскен материалдар шарт бойынша Астананың 20 жылдығына және қаланың дамуына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналды. Мұнда Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдені Динара Тілеубек («Айқын» газеті), екінші орынды Айгөзел Қадыр («Sputnik» халықаралық ақпарат агенттігі), ал бірінші орынды Назерке Жұмабай («Егемен Қазақстан» газеті) алды. Тележурналистер арасында Асылбек Тойбек (Қарағанды облыстық «Saryarqa» телеарнасы), Дулат Әбибуллаев («Qazaqstan» ұлттық арнасы), Лимара Удасова («Profi S Agensy» компаниясы) және Лаура Байпатчанова («Хабар» телеарнасы) топ жарды. Ал бұл аталымдағы бас жүлдені Нартай Сәрсенғалиев («Qazaqstan» ұлттық арнасы) жеңіп алды.
«Халық музыкасы» аталымы қобыз, прима қобыз, прима домбыра, шертер, бас шертер секциялары­нан құралды. Байқау қорытындысы бойынша Шолпан Шарапатова үздік қобызшы атанып, гран-при алды. Ал Мәдина Тілеубаева бірінші орынды иеленді.
Прима домбыра, шертер, бас шертер секциясында бас жүлде Әділхан Годжановқа бұйырды. Баян Мырзабекова және Қазаннан келген Вера Ледянина бірінші орынды бөлісті.
«Прима қобыз» секция­сында қазылар алқасы Айым Мейірханованы жеңімпаз деп таныды, ал бірінші орын Аида Әбдуғалиге берілді. Досымжан Тезекбаев және Дүйсенбек Толымбеков атындағы арнайы жүлделер иегерлерін тапты.
238 бишінің басын қосқан «Хореография» аталымы халық билеріне негізделді. Мұнда қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен астаналық «Наз» би театрына бас жүлде тапсырылды. Бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының «Мәңгілік» ансамблі және жергілікті «Шалқыма» би ансамблінің әртісі Айсұлу Мұратқалиева бөлісті. Осы аталымда Шара Жиенқұлова атындағы арнайы жүлде иегері де анықталды.

«Эстрадалық вокал» аталымына қатысқан 117 үміткерден астаналық Ахмет Сұлтан бас жүлде алды. Мұнда бірінші орын түркістандық Ерік Төленовке берілді.
«Классикалық музыка» аталымына қатысушылар ағаш және мыс үрмелі аспаптар, соқпалы аспаптар және камералық ансамбльдер секцияларына бөлінді.
Мейіржан Кеңесбаев, Айя Ғаббасова, Леонид Мысовский, Бағжан Есіркеп сынды музыканттардан құралған квартет үздік камералық ансамбль болып танылып, бас жүлде иеленді. Бұл секцияда «Sardor» ішекті аспаптар квартеті бірінші орын алды.
«Мыс үрмелі аспаптар» секциясында Азат Әбілқасымов топ жарды. Ағаш аспаптарда ойнауда Тілек Дәуітқан мен Владимир Ардашев көш бастады. «Соқпалы аспапта» Арыс­тан Әбілдин гран-при иеленсе, бірінші орын Худойберган Бахромовқа бұйырды.
«Ағаш үрмелі аспаптар» аталымында бас жүлде алған гобойшы Ислам Әлиев осы фестивальдің ең үздігі болып танылып, Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын иеленді. Кубокты оған Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тапсырды.

Жалпы биылғы байқауға қатысуға 613 адам ниет танытты. Олардың басым бөлігі Астананың атынан қатысты. Қатысушылардың арасында еліміздің дарынды жастарымен қатар Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Ресей, Украина және Өзбекстан мемлекеттерінің өнерпаздары болды. Бас жүлде иегерлеріне – 350 мың теңге, бірінші орын алғандарға – 300 мың теңге, екінші орын үшін – 250 мың теңге және үшінші орынға 200 мың теңге берілді. Арнайы жүлделер 80 мың теңгені құрады. Мәдениет және спорт басқармасы атынан да арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды