ШАБЫТ ШАҚЫРҒАН «ШАТТЫҚ»

0 116

«Астаналық саябақта» халықаралық «Шаттық» жас дарындар фестивалі өтуде. Үш күн бойы 600-ге жуық бала вокал, хореография, аспапта ойнау, бірегей жанрлар мен сән театры аталымы бойынша өзара сынға түседі.

Байқау аясында әр облыс өнерпаздарының 30 минуттық бағдарлама қоюға мүмкіндіктері бар. Осы уақыт ішінде кемінде үш номинацияға сәйкес өнер көрсетілуі тиіс. Ал, бағдарлама тақырыбы бас шаһарды жан-жақты әспеттеу керек.
Елорданың дәстүрлі өнер сайысына айналған «Шаттық» фестивалі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Астананың туған күніне арналған мерекелік шара бұған дейін «Жастар» сарайы, «Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» алаңдарында өткен еді. Биылғы сахнаның паркте құрылуы тегін емес. Себебі «Астаналық саябақ» – нағыз балалықтың мекені.
– «Шаттық» фестивалінің ауқымы кең. Оған Қазақстанның өнерпаздары ғана емес, Армения, Беларусь, Болгария, Германия, Грузия, Италия, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Саха Республикасы, Ресей, Түркия, Өзбекстан сынды таяу және қиыр шетелдің жас жұлдыздары қатысады. Ал, білікті өнер майталмандарынан құрылған қазылар алқасының төрайымы жылдағыдай – КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова, – дейді «Шаттық» фестивалінің авторы Қарлығаш Әбдікәрімова.
Қала тұрғындары мен қонақтары әр өңір үздіктерінің талантын тамашалай алады. Ал ертең дарындылар ішінен дара шыққан коллективтердің есімі анықталып, гала-концерт қойылады.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =