ШАБАНДОЗ ШЫҢЫ

0 266

Көкпар десе тақымы қоза кеткен бабамыз қазақ емес пе! Апайтөс, қамыс құлақ, болат тұяқты тізгіндеп, сегіз өрім қамшыны сауырға екі рет басып, езуге қыстырып, додаға тебіне кіргенге не жетсін! Беу, шіркін! Сосын таласқа түскен серкеге ұмтыла беріңіз!

Нағыз жігіттің әуселесін байқар тұс осы сәт қой!..

Сайын Сарыарқаның самалын төске ұрып, қылқұйрықтының жа­лына жармасып, жарыса шапқан дәурен бүгін де түгесілмеген. Ат құлағында ойнап, «еңку-еңку жер шалған» ұлдардың төресі арамыз­да аз емес. Сайыпқыран саңлақтар ер қанатының бабын жасап, додаға түсіп, топ жарып жүр. Дәлел ке­рек пе, күні кеше елордадағы №7 Олимпиадалық резервінің балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің сайдың тасын­дай іріктелген он екі шабандозы ХІІ көкпаршылар чемпионатын­да бірінші орынды қанжығалап қайтты. Еліміздің шығыс өңірінде өткен додаға жер-жерден он екі команда сынға түскен. Ә деген­нен «алысқанын» тізе бүктірген астаналық оғландар, Павлодар батырларының қазандығына он бір салым тастады!..

…Жағымды жаңалық құлағымызға шалынысымен «Тұлпар» аталып кеткен Көктал тұрғын алабындағы мектепке ат басын бұрғанбыз. Мектеп директорының орынбасары Дулат Нагубаев пен бапкер Арысұлан Кәбжанов қарсы алды. Әңгіме ауаны – жеңісімізбен тәмамдалған көкпар барысы. «Кезекті қарсыласымыз сыр бойынан келген шабандоз­дар болды. Даланың ұлдары ғой. Шетінен «сен тұр, мен атайын», шетінен шымыр. Басым түсуіміз жеңіл болған жоқ. Алғашқы тартыстардан-ақ қазандығымызды маңайлап, үш салым салды, алайда, есепті еселеп қайтардық», дейді бапкер. Яғни, есеп 6:3.

Астаналықтардың астында Бүркіт, Үркер, Адай, Сарыбас, Байқасқа, Сарышаян сынды жа­нуарлар болған. Нағыз көкпардың жылқылары. Еліміздің жер- жерінен қоса, арысы Қырғыз елінен жеткізілген. Олардың бабын жасап, ерін салып, ойқастата мініп жүргендер – Ұлан Байтөреев, Ба­уыржан Айтмағанбетов, Қуаныш Рысмағанбетов, Ұлан Қыбыраев, Дәулет Омбаев, Қазбек Амангелді, Елдос Тілепалдиев, Ермек Көбеев сынды шабандоздар. Бесқасқаның үстіндегі – неміс баласы Ким Владимир, ал Баксер есімді жылқының жалына жармасқан – Александр. Орыс бауырымыздың астындағысы көкпар кезіндегі жек­пе-жектерде иесінің ым-жымын айнытпай түсінетін ақылды ат көрінеді. Ал Арысұланның тақымындағы Ақжал ше! О-о, Ақжал десе, Ақжал-ақ! Жан алып, жан беріскен алай-дүлей додада да, арбасқан жекпе-жектерде де шабандозын ұятқа қалдырған жері болған емес. Топ ішіне бұзып- жарып кіргенде, алдындағысын жайпап-тапап жібере жаздайды. Екпінінен ат тұрмақ, адам үркетін. Сол Ақжалмен ғой Арысұланның алаң иелерімен болған айқаста он- шақты салымның басым көпшілігін бір өзі салатыны. Өскемендіктер терлеп-тепшіп, біздің қазандыққа бір-ақ рет бас сұқты.

Шешуші дода! Ақырғы айқас! Сонау Жамбыл жерінен келген шабандоздар. Олар да үш ко­мандадан басым түсіп, төртіншісін қабылдаған беттері. Көкпаршыларға кеңінен мәлім ағайынды Момыновтар араб тұқымдас күреңқасқаларын олай да, бұлай да ойқастатады. Кілең білекті жігіттер қамшыларын тістеп алып, көк серкеге жармаса кетті… Тағы да Ақжалды Арысұлан суырылып шығып, қазандықты екі рет айналып, сирақтан ілген серкені лақтыра берген. Нысанаға дөп түскені… Елордалықтар осы­лай сегіз салым салды. Жеңіс біздікі! Бірінші тұғырда Сарыарқа саңлақтары, Сарыарқа шабандоз­дары!

Бет дайындалып жатқанда, редакциямызға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орын­басары Самат А мангелдіұлы телефон шалып, чемпионатқа қатысқан он екі жігітке спорт шебері дәрежесі берілетінін сүйіншіледі. Айтпақшы, бұл астаналық көкпаршылардың алғашқы биігі! Осы қуаныш үстінде бапкер Арысұлан аттардың ер-тоқымдары мен әбзелдері ескіргенін айтып қалды. Енді көкпаршылардың бұл назы да ескерілер деген ойдамыз.

Жеңіс жеңіске ұласқай!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 8 =