СЕЗІММЕН ЖЕТІП, АҚЫЛМЕН ТАНЫҒАН АҚИҚАТ

0 258

немесе «Китаб тасдиқ» туралы бірер сөз

(Басы)

Сөз жоқ, Абай хакімнің «Китаб тасдиқ» шығармасында алдына қойып отырған бас­ты мәселесі – махаббат. Бірақ, махаббат ғылым-білімсіз жүзеге аспайтын болып тұр ғой. Махаббат – ғылым-білімге тікелей байланысты. Солай болғандықтан да, ойшыл енді махаббат жайындағы жалпы ойларынан, нақты практикалық ойларына ауысады. Енді іс жүзінде махаббаттың жүзеге асу мәселелерін қарастыра бастайды. Айтар ойын ашықтап, айқындап, тікелей ғылым-білім мәселелеріне ойысады. Жалпы махаббат мәселесінен, ғылым-білімге деген махаббат мәселесіне көшеді. Сонымен, ғылым-білімге махаббаттандырмақ «әлгі айтылған үшеуіне» байланысты болып шықты. «Махаббаттандырмақ» дегенді бұл жерде «ғылым-білімге деген махаббаттың оянуына себепкер» деп түсінсек те болады. Енді осы адамды ғылым-білімге махаббаттандырмақ «әлгі айтылған үшеуге» нақты тоқтала кетейік. Олар – «хауас сәлим һәм тән саулық». Бұлардың баланың «туысынан болатынын» жоғарыда қарастырдық. Абай айтып отырған баланы ғылым-білімге махаббаттандырмақ «үшеудің» алғашқы екеуі осылар. Ал, қалған үшінші себебі – жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстазға байланысты болса керек. Көріп отырғанымыздай, ойшыл өзінің ғылыми-педагогикалық ойларында тектілік мәселесі (хауас сәлим һәм тән саулық) мен әлеуметтік тәрбие (жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз) қатар қарастырады. Ғылыми тілде айтар болсақ, баланың қалыптасуына әсер ететін үш аспектіні – психологиялық (хауас сәлим), биологиялық (тән саулық), әлеуметтік (жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз) ықпалды бірдей қамтиды. Баланың бойында ғылым-білімге деген махаббаттың оянуына осы үшеуі себепкер дейді. Әрине, дені сау болып туған баланың әлеуметтік ортасы идеалды болуы (жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз) өте қиын шаруа. Абай атамыз қалай болуы керек екенін айтып отыр. Бірақ өмірде дәл осылай бола қалады десек, өзімізді өзіміз алдағандай болып шықпаймыз ба? Идеалды мен нақты өмір, идеалды мен реалды үнемі сәйкес келе бермейтінін әмбеге аян шындық. Десек те, Абай хакім ұсынып отырған идеалды жол бізді жақсылыққа үндейді, баланы қоршаған ортаның идеалды болуына тырысуымызға жетелейді. Біз көбіне мән бермейтін, қалай болса солай қарайтын бала тәрбиесіне асқан ыждаһаттылық танытуға үйретеді.
Батыстың көрнекті психоаналитигі Карл Густав Юнг өзінің «Құдай және бейсаналық» атты еңбегіндегі «Тұлғаның қалыптасуы» деген тарауында бұл хақында: «Тәрбиелегің келсе – өзің тәрбиелі бол» дейді. Абайдың «жақсы ата, жақсы ана» деп отырғандағы ойы да осы ма деп ойлаймыз. Қалай десек те, баланың бірінші тәрбиеленетін орны – отбасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақ мақалының қисынына сүйенсек, ұя – отбасы баланың өмірінде бірінші орында тұратынын аңғарамыз. Баланың тұлға ретінде қалыптасатын да жері – отбасы. Оның жеке индивид ретінде негізі қаланып, өмірге деген көзқарасы айқындалатын да жері – отбасы. Дүниеге келген бала ең бірінші әке-шешесіне қарап өседі, бой түзейді. Тағы да қазақ даналығы «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді. Ендеше, баланың бойына білім ұрығын сеуіп, ғылым-білімге махаббаттандыру – ең бірінші отбасынан басталатыны сөзсіз ақиқат. Абай хакім ойын таратып жатпайды, тек қана «жақсы ата, жақсы ана» дейді де қояды. Қалған шаруа – біздің ісіміз: талдап, талғап түсіну. Әл Фараби мен Абайды қатар зерттеген ғұлама Ақжан әл Машани: «Абайды жақсы білетін бір қарттың айтқаны бар: «Абай сынына толмаған сөзді аузына алмайды». Басқаша айтқанда, Абайдың аузына алған әрбір сөзінің арғы жағында терең тамырлы, күрделі мағына жатады…» дейді. Ойымызды қорытып айтсақ, балаға бірінші үлгі – ата-ана. Абай ойының иіріміне сүңгісек, ата-ананың өзі жақсы болмағы абзал. «Ал жақсы ата-ана қандай болуы керек?» деген сауалға келсек, тағы да контекстке сүйенеміз, ата-ананың жақсылығы баланы ғылым-білімге махаббаттандыруында жатыр. Қазақта: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар. Пір – бұл жерде ұстаз, диуана – шәкірт. Шәкіртті тәрбиелеп шығару үшін алдымен өзің ұстазға айналуың керек деген ойға меңзейді. Мәшһүр Жүсіп туралы ғылыми еңбек жазған Әсет Пазылов өзінің «Мағлұмат-и Мәшһүр Жүсіп Көпеев» атты кітабында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисін алға тартады: «Әкесі жақсы болса, баласының пірі болмақ». Бірақ бала отбасында ғана тәрбиеленіп қоймайды, ол тең құрбыларымен асыр салып ойнайды, өзінің қатарластарымен еркін араласады. Абай бұл қарым-қатынас түріне де қатаң талап қояды: «баланың ойнайтын құрбысы да жақсы болуы керек» дейді. Өйткені, «сынықтан өзгенің бәрі жұғады»: кіммен аралассаң, сондай болып кетесің. Тағы да қазақ мақалы: «Жақсымен бірге жүрсең, жақсы боларсың, жаманмен бірге жүрсең, жын ұрып бақсы боларсың» деп ескертеді. Сонымен, баланың қалыптасуында ұстаздың атқаратын рөлі, тигізетін әсері ұшан-теңіз. Отбасынан қанаттанып, құрбысынан қуат алып, алып-ұшып мектепке келген баланың жаман ұстазға жолығып, маңдайы тасқа соғылмасына кім кепіл?…

Балаға ата-анасының, құрбысының, ұстаздың әсері мол екенін кәміл түйсінген хакім Абай үнемі төрт құбыласы түгел бола бермейтін мына өмірде қалай жол тапты екен? Енді осыны өз баласы Тұрағұлдың аузынан естиік: «…Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсаруды өзі еңбек қылып тапты. Әкесі қажының қайтпайтын, суық мінезін сөгіп отырушы еді. «Қорықпақ пен сүймек от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамының ақылын ұғып, сонан баһыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды» дейтін. Көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ, тиып-қақпай, еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман-жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп, ұрсып, былайша сөгуші еді: «Адамға көбіне үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-ана, ұстаз, құрбысынан, солардың ішінде қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп барғыларың келіп отырған жақсы құрбыларың қайсы?».

Осы келтірілген үзіктен нендей ғибрат аламыз, нені ұқтық? Ұққанымыз, Абай идеалды емес жағдайда идеалды шешім таба білген. Баланың қалыптасуы оның махаббатына байланысты екенін анық ұққан әке бірінші кезекте балаларының сүйіспеншілігіне лайық болуды ойлаған. Құрбыларынан, ұстаздарынан ала алмаған мінезді өз бойынан жұқтыруды мақсат еткен. Былайша айтқанда, Абай балаларына әрі әке, әрі құрбы, әрі ұстаз бола білген. Болғанда да қандай, жақсы ата, жақсы құрбы, жақсы ұстаз болды. Оған дәлел – Абайдың айналасында қалыптасқан мектеп. Кімді алмаңыз, өз балалары болсын, ба­уырлары, немере-жекжат інілері болсын, бәрінің он бармағынан өнер тамған өнерпаз, сұңғыла ойшыл һәм музыкант, ақын, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы болып өскенін көреміз. Немістің ұлы ойшылы Фридрих Ницше: «Барлық жазылған нәрселердің ішінен өз қанымен жазылғандарды ғана жақсы көремін. Қаныңмен жаз, сонда сен қанның рух екенін білесің. Біреудің қанын түсіну оңай емес, мен еріккеннен оқитындарды жек көремін» дейді. Ендеше, Абайдың да жазып отырғаны – қанмен жазылған жолдар. Ол не жазса да өмірден көріп-біліп, кәміл түйсініп, ақиқатына көзі жетіп жазды. Һәм жазғаны қағаз жүзінде қалмай, өмірде іске асты. Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» атты баға жетпес еңбегі – соның айқын айғағы.

(Жалғасы бар)
Омар ТЕМІРБЕКОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =