СЕЗІММЕН ЖЕТІП, АҚЫЛМЕН ТАНЫҒАН АҚИҚАТ

0 559

(Басы)

немесе «Китаб тасдиқ» туралы бірер сөз

Хакімнің «Китап тасдиқ» шығармасында көтеріп отырғаны – әрине, махаббат мәселесі. «Ықылас бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады». Көріп отырғанымыздай, автор махаббатты бірінші орынға қойып отыр, оқырманға махаббат уәде етеді: тек қана оның бір шарты бар – ықыласпен оқып, ұғып алу. Абайдың күрделі де қиын мәтініне бойламас бұрын, жалпы осы «махаббат» ұғымы туралы сөз қозғай кетсек дейміз.

Махаббат ұғымы қазақ мәдениетіне қаншалықты етене, қаншалықты жақын? Абай неге бірден еш іркілместен «махаббат» жайлы сөз қозғап отыр. Оқырманның бұл жайлы жалпы түсінігі бар екендігіне неліктен сонша сенімді? Бұлай болатын себебі, біздің ойымызша, қазақ руханиятының Исламды қабылдау ерекшелігінде жатса керек. Қазақ мәдени топырағы «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі» деген сенімге ғана негізделген ортодоксиялық исламмен шектелмеген, дінді Алла тағалаға деген махаббатқа негізделген сопылық ілім арқылы қабылдаған. Оның айқын дәлелі – түркілік сопылықтың негізін қалаушылардың бірі Қожа Ахмет Яссауи. Қожа Ахмет Яссауиді пір тұтып, «Меккеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп нақылдаған қазақ дүниетанымы.

Сонымен, махаббат мәселесі ең басты, ең маңызды мәселе екеніне көзіміз жетіп отыр. Абай үшін махаббат – ең актуальды проблема, сол үшін басын тігіп осы еңбекті жазуға бел байлаған. Енді махаббатты уәде еткеннен кейін уәде етуші оның қалай болатынын, немен болатынын түсіндіруі шарт. Осы шарттың үддесінен шығуға ұмтылған ойшыл енді оқырманға «махаббаттың немен болатынын» түсіндіреді. Түсіндіре отырып махаббаттың негізін ашып береді: «Махаббат – әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер – бірлән». Бұл тезис түрінде айтылған ойдан махаббаттың үш негізі бар екенін көреміз: адамның адамдығы, ғақыл, ғылым. Махаббат тек осылар арқылы жүзеге асады екен, осылар арқылы болады екен. Енді Абай көрсетіп отырған махаббаттың осы үш негізін талдап көрелік. Абай дүниетанымында осы үш негіздің алар орны қандай болмақ? Оларды қандай мағынада, контексте түсінген абзал? Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін Абайдың «махаббат – әуел адамның адамдығы» дегенін моральдық, адамгершілік тұрғыда түсініп келдік. Ә дегенде, «адамның адамдығы» құлаққа адамның адамгершілігі, кісілік қалпы болып естілетіні де рас. Бұның себебі біздің махаббатты моральға айналдыруымызда, моральдандыруымызда жатса керек. Құр мораль, жалаң моральға сүйену, махаббатты мораль арқылы түсіндіру, мораль арқылы бекітудің ғұмыры ұзақ болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мораль – нормативті мән иеленіп, «сен сүюге тиіссің» деген міндеткерлікке құрылады. «Неге сүюге тиіспін?» деген сұрақ мұнда қойылмайды. Адам тек бір жоғарғы инстанция арқылы міндеттеледі. Ал, Абай махаббат адамның адамдығымен қатар ақыл, ғылым деген нәрселермен болады дейді. Осы айтылған үштіктегі алғашқы ұғымды (адамның адамдығы) таза түсінуге соңғы екеуі (ақыл, ғылым) көмектеседі; қалайша түсіну керектігін ашып көрсетеді. Бұлай болатын себебі ақыл мен ғылымның табиғатында жатса керек. Ақыл мен ғылым – бізді танымға жетелейді: ақыл арқылы ғылымға ие боламыз, ғылым – танымға жол ашады. Сонда Абай «махаббат – әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер – бірлән» дегенде, ең алдымен, адамның ақыл, ғылым иесі бола аларлық қабілетін меңзеп тұр. Адамның адамдығы, оның өзге мақұлықтардан (жаратылғандардан) ерекшелігі де сонда. Сайып келгенде, құрт емес, құмырсқа емес, ағаш емес, тас емес, адам адам болып жаратылғанда ғана махаббатқа ие бола алады деп тұр. Сөзіміз дәлелді болу үшін орта ғасырлық араб-мұсылман ойшылы Әбу Хамид әл Ғазалидің пікірін алға тартайық. Ол өзінің әйгілі «Дін туралы ғылымдардың жаңғырығуы» атты еңбегінің «Махаббаттың мәні, оның түрлері және құлдың Алла Тағалаға деген махаббатының мәнісі» атты тарауында былай дейді: «Біл, тап осы махаббаттың мәнін танығанда ғана, одан кейін оның шарттары мен түрлерін, одан соң Алла тағалаға деген махаббаттың анықтамасын оқып-білгенде ғана осы тараудың мазмұнын түсінуге болады… Бірінші істейтін ісіміз – махаббат тек қана танымның нәтижесі ретінде болатынын ұғу, өйткені, адам тек білгенін ғана сүйе алады. Сондықтан, тастар сүйе алмайды: махаббат тірі таным иесінің қасиеті».

Алла тағалаға деген махаббат – қазақ мәдениетіне ежелден етене, таныс ұғым. Жалғыз Жаратушыға деген іңкәрлік сезімі дүниетаным ретінде қазақ топырағында әуелден қалыптасқан. Сондықтан да ойшыл оқырманға махаббаттың маңызы мен орнын түсіндіріп жатуды артық санап, бірден «махаббат деген не?», «ол қалай болады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Іздей отырып, махаббат адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселермен баянды болатынын айтады.

Көп адам, әсіресе, жастар жағы махаббат жайында сөз қозғалса, оны өзінше түсініп, «жымыңдай» бастайды. Әрине, олардың қандай махаббатты меңзеп отырғаны түсінікті – қыз бен жігіттің сүйіспеншілігі. Оларды бұл үшін кінәлаудан аулақпыз: әркім махаббатты өзіне жақын тұтып, өзінше түсінетіні заңдылық болса керек. Бірақ, Абай көтеріп отырған проблеманың әмбебаптығы сонда, ол махаббаттың бұл түріне де келеді. Хакім махаббатты феномен ретінде ала отырып, оның ішкі сырына үңіледі. Үңіле отырып, оның жалпыға тән әмбебап заңдылығын алдымызға жайып салады. Сөзіміз дәлелді болу үшін көпшілік түсінігіндегі махаббаттың осы түріне де тоқтала кетейік. Махаббат ұғымы қазақ тілінің ауызекі қолданысында «жақсы көру» деп аталатыны белгілі. Біз таңертең жұмысқа бару мақсатында үйден шыққанда, аялдамада, қоғамдық көлікте талай адамдармен ұшырасамыз. Бірақ біз олардың бәрін «жақсы көрмейміз», біз оларды тек қана «көреміз». Соқтығып қалмау үшін, кеңістікте оз орнымызды табу үшін, біреудің аяғын басып кетпеу үшін жәй ғана «көреміз». Ал, бір күні ғайыптан тайып сол көпшіліктің ішінен біреуге көңіліміз ауады. Енді біз бұл адамды жәй ғана көріп тұрған жоқпыз, «жақсы көріп тұрмыз», жақсылап тұрып көріп тұрмыз, анық, дәл көріп тұрмыз. Біз ол кісінің ешкімде жоқ, тек оған ғана тән бір қасиетін таныдық. Таныдық та ғашық болып қалдық. Ол кісіні енді сыртқы, бастағы көзімізбен емес, ішкі, жүрек көзімізбен көріп тұрмыз. Жүректе орналасқан ақылымызбен қапысыз танып тұрмыз.

Әдетте, қазақ халқының әдебі бойынша жігіт қызға бірінші көңіл білдіреді. Кейбіреулер «бір көргеннен-ақ ғашық болатын адамдар бар емес пе?» дейді. Оларға да жауабымыз дайын: «бір көрудің» өзі – таным (көру – танымның формасы). Тек біреулерге адамды тану үшін ұзақ уақыт қажет болса, біреулерге бір көрудің өзі жетіп жатыр. Бір көргеннен тану – адамның ішкі сезімінің күштілігіне, интуициясының мықтылығына байланысты болса керек.

«Махаббатта ақыл болмайды, махаббат тек сезімнен құралады» деген ой біздің басымызды жаулап алған. Бұның бәрі махаббат пен құмарлықты айыра алмағандықтан. Абай айтады:

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
«Сенен артық жан жоқ» деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Құмарлық – ақылдан ада, құмарлық – ессіз (ақылсыз), көзсіз болғандықтан, онда таным жоқ. Таным болмағаннан кейін махаббаттың да болмайтыны өзінен өзі түсінікті. Құмарлық – нәпсінің қалауынан туындайды. Ал, нәпсінің өзі тұрақсыз, тез жерігіш, тез айнығыш қасиетке ие. Бүгін өліп-өшіп құмартқан нәрсесінен ертең жеріп шыға келеді. Нәпсі – ол да көреді, бірақ нәпсінің көруі бөлек, нәпсі бас көзімен көреді. Ал, бас көзімен көруі – жалған. Нәпсі мәселесін егжей-тегжейлі зерттеген Шәкәрім атамыз айтады:
Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған,
Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзімен қарағанда,
Өзін берер қалыңға ол қызды алған.
Нәпсінің табиғаты – алдамшы. Алданған адам өзін жоғалтады, өз Мәнін жоғалтады. Ал, ғашықтықтың, махаббаттың табиғаты бөлек. Ғашықтық, махаббат бастағы көз емес, жүрек көзі жүзеге асатындықтан да адамды еш алдамайды. Махаббат – опалы, құмарлық – опасыз, баянсыз, тұрақсыз. Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов бұл тақырыпты өзінше өрбітеді:
Махаббат бар адамда, ақыл, ой бар,
Сергек ақыл жан сырын терең ойлар.
Ойсыз жанға кеудеңнен орын берсең,
Жүрегіңді алар да доп қып ойнар.
Өзіміз түсіне алмай келе жатқан тағы бір мәселе – жүрек пен ақылдың байланысы. Көбіміз ақыл баста болады деп ұғып, жүректі тек сезімнің орны деп қарастыратынымыз жасырын емес. Ойымызды түзетіп, қате кеткен жерімізді аңдатып отыратын халық даналығының сарқылмас қайнар көзі – мақал-мәтелдер. Қазақ мақалы бұл хақында:
Ақымақтың ақылы – білегінде,
Ақылдының ақылы – жүрегінде;
Шәкәрім:
Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Түбі – жүрек, болады мида басы,
деп шегелей түседі. Шал ақын болса:
Сөйлеп қал, қызыл тілім, жақ барында,
Кеудеде – ақыл, маңдайда бақ барында,
Мың сайтан, жүз пәлекет қамаса да,
Бір тәңірі қағып шығар сақтарында,
деп, бұл мәселені тіпті де бекіте түседі.

Сонымен, қазақ руханиятының асыл үлгілерін алға тарта отырып, «Махаббат – әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер – бірлән» деген Абай ойын біршама дәлелдеп шықтық қой деп ойлаймыз. Енді біртіндеп мәтін ұсынып отырған басқа мәселелерге ауысайық.

Абай мәтінінде белгілі бір жүйе, рет, тәртіп бар. Сол жүйеден бір сәтке де ауытқымай, ойшыл біздің алдымызға махаббаттың негіздерін жайып салғаннан кейін, енді осы «махаббатты қалай табуға болады?» деген сауал төңірегінде ойланады. Махаббат – оңай нәрсе болмаса керек: ол табылуы да, табылмауы да мүмкін. Әйтпесе, «жер бетінде қаншама адам бар, бірақ соның барлығы неліктен махаббатқа ие емес?» деген сауал туындайды. «Жалған дүниенің ісі себепсіз болмақ емес» деп Мәшһүр Жүсіп айтқандай, бұның да бір себебі болса керек. «Мұның себебі не?» деген сұраққа Абай: «Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп ой қорытады. Енді Абай ойына бойлау үшін алдымен бізге түсініксіз болып тұрған «хауас сәлим» деген ұғымды талдап, түсінуге талпынып көрелік. Х.Барановтың арабша-орысша сөздігінде бұл сөздердің төркіні былай беріліпті: «ﻮﺍﺱ ﺤ» (хауас) чувство; «ﺳﻟﻴﻡ» (салим) здоровый; нормальный; целый, невредимый. Сонымен, «хауас сәлимнің» мағынасы – сау, қалыпты, бүтін, зақымданбаған сезім болып шықты. «Тән саулығы» – түсінікті: адамның тәнінің, денесінің сау болуы. Ғылыми тілге аударсақ, Абайдың «хауас сәлимі» – психикалық саулық (психическое здоровье), «тән саулығы» – физикалық саулық (физическое здоровье) болып шығады. «Бұлар туысынан» болады дейді ойшыл. Баланың ана құрсағын жарып, жарық дүниеге дені – сау, ақыл-есі – бүтін, он екі мүшесі түгел болып келуін айтып отыр. Махаббат, жоғарыда айтқанымыздай, адамның таным қабілетіне тікелей байланысты болғандықтан, баланың дені сау болып тууы аса маңызды болса керек. Бұл жерден бірнеше мәселе шығады: біріншіден, тектілік мәселесі. Бабаларымыз «Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық» деп, тектілік мәселесін бірінші орынға қойған. Өйткені, тектіден ғана ғылым-білімді игеруге қабілетті, алғыр ұрпақ туатынын жіті аңдап, көңіліне дөп түйген. Екіншіден, қан тазалығы мәселесі: жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспеу дәстүрі. Ағайын адамдардың қаны араласқанда олардан туған ұрпақтың ақыл-есі кем болып туатынын бүгінгі медицина дәлелдеді. Ғылымда бұл құбылыс инцест (лат.incestum – қан араласу) деп аталып, атам заманнан табу (тыйым) салынған. Үшіншіден, баланың ана құрсағына біту процесі. Бала жәй ғана жаратыла салмай, махаббатпен жаратылуы шарт. Әр нәрсені өз атымен айтқан абзал деп есептейтін қазақтың әулиесі Мәшһүр Жүсіп атамыз қазіргі шығып жатқан шығармалар жинағының бесінші томында осы проблемаға қатысты қазақ халқының мынадай мақалын келтіреді: «Көңілсіз жұмыстан – көтсіз бала туады». Ащы болса да ақиқат: ерлі-зайыптылардың арасында шын сүйіспеншілік болмаса, жыныстық қатынас құр міндет деңгейіне түсірілгенде сапалы ұрпақтың дүниеге келмейтіні өзінен-өзі түсінікті болса керек. «Көтсіз бала» – бұл жерде нақты мағынадан гөрі аллегориялық мәнге жақын: жыныстық мүше – ол қазақ мәдениетінде әрі қуат көзі, әрі күш белгісі. Қазақ ауызекі тілде сөзге келіп, керісіп қалғанда қарсыласының мысын басу үшін «бір жеріңе қара» дейді. Онысы – күшіңді шамала, әліңе қара дегені. Ендеше, «көтсіз бала» – қуаты кем, әлсіз, жарымжан бала; рухани ақауы бар, рухы әлсіз бала. Адамға рух беретін – шынайылық, шын сүйіспеншілік, махаббат сезімі. Сондықтан болар, соңғы кезде қазақ руханиятында биологиялық жүктіліктен бұрын рухани жүктілік болуы керек деген мәселе көтеріле бастады. Сонда ғана елді аузына қаратқан шешен, ақылы кемел данышпан, жүрегінде түгі бар қайтпас қайсар бала дүниге келеді деп есептелінеді. Қазақтың даналығының таусылмас қоры қара өлең бұл мәселені былай деп түйіндейді:

Біріншіден не жаман, өсек жаман,
Екіншіден – сүймеген төсек жаман.
Ер жігіттің бойында болмаса өнер,
Жүргенінен не пайда есен-аман.

Бұл қара өлеңдегі «сүймеген төсек» жоғарыдағы «көңілсіз жұмыс» ұғымымен мағыналас, астарлас десе де болады. Сондықтан, Абай көтеріп отырған мәселе, баланың сезімі де толық, тәні де сау болып тууы – бүгінгі күні де өте көкейкесті мәселе. Отаршылық қамытын киген қазақ халқы өзінің рухани мәдениетін жоғалта бастады. Руханияттың құрамдас бөлігі – ұрпақ мәселесі, ұрпақ сапалылығы деген ұғымдар да ұмытыла бастағаны жасырын емес. Бұл рухани дертті алғаш байқағандардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Құдай ерлі-байлы қылып жаратты. Жақсы соқалап, жақсы малалап, жұмысты дәйекті, орнықты қылып жұмыстаса, егін шықпай қала ма? Қазақтың көбінің ойында дәнеме жоқ, сиыр қашырған бұқаның жұмысы. Құр онымен бала бола ма, есебін тауып, ретін тапқандықтан болады. Бала деген Құдайдан сұрайтұғын нәрсе емес, Құдай жасап беретұғын нәрсе емес, ерлі-байлы екі кісінің еңбегі, қолдан жасап, егіп, өстіріп алатұғын ағашы. Осы ағашты жемісті ағаш қылып өстіріп, өндіріп алатұғын қайратты сабаздар бар. Кісі – сол, адам – сол! Ол бір жерден өрік-мейіздің тұқымын алып келіп еккен жоқ. Бірақ ыждаһаты, тілеуі жемісті ағаш болуын ойлап, баққан, қаққандықтан». Сонымен, бұлар («хауас сәлим һәм тән саулық») баланың туысына (тууына) байланысты екен. Жоғарыда Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқандай, «Құдай жасап беретұғын нәрсе емес, ерлі-байлы екі кісінің еңбегі, қолдан жасап, егіп, өстіріп алатұғын ағашы».

Жә, хош. Бала дені сау болып туды делік: ақыл-есі – түзу, сезімі – толық, он екі мүшесі – сау. Бірақ баланың махаббатқа ие болуы үшін бұл жеткіліксіз, енді баланың қалыпты, дұрыс өсуі оның әлеуметтік ортасына тікелей байланысты болса керек. Сондықтан, Абай махаббаттың табылу себептерін одан әрі ыждаһаттылықпен тәптіштей отырып, «қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. «Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махабаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады» деп тұжырады. Талап (арабша «талаб» – іздеу), ұғым – ғылымның басты шарттары. Ал сол талап ету үшін, талап ете отырып тапқан нәрсеңді ұғу үшін – махаббат керек екен. Махаббатсыз талап та, ұғым да жоқ. Демек, ғылым да жоқ деген сөз. Қысқасын айтқанда, адам өзінің сүйген нәрсесін ғана бүкіл жан-тәнімен беріле іздейді; тапқан кезде қатты сүйгендіктен тез ұғып ала қояды. Сүймеген нәрсесін ешқашан іздемейді, іздеуге талаптанбайды да, кездесе қалғанның өзінде оны ұқпайды.

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =