СЕРТКЕ БЕРІК САРБАЗДАР

0 89

Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы таяуда елордада бес адамды өрттен құтқарып қалған жауынгерлерге қызмет бабындағы қайсарлық үлгісі үшін құрмет көрсетіп, ерлік белгісімен марапаттады.

Оқиға 21 қыркүйекте кешкі сағат 19.30 шамасында бас қаланың Алматы ауданында болған. Ұлттық ұланның жедел құрамының әскери жасағы қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп жүріп, Кенесары көшесіндегі 51-үйдің үшінші қабатынан қою түтінді байқайды. Өрт жалыны «Сулпак» сауда үйімен байланысқан пәтерлерге қарай ұласып бара жатады.
Жасақ бастығы А.Қалым­тай қасындағы патруль­дер Н.Үсенбаев пен Б.Құспановты ертіп, дереу өрт шыққан көпқабатты үйдің кіребе­рісіне жүгіреді. Өрт кезінде тұрғындардың өз пәтерлерінен қажетті заттарын алу үшін жанталасатыны белгілі, сол себепті олардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында асыға жеткен қосалқы күш көпқабатты үйдің кіреберісін бекітеді.
Үйдің өрт сөндіру сатысымен үшінші қабатқа көтерілген әскерилер шұғыл түрде шатырға жетіп, өрттің негізгі ошағын ауыз­дықтауға кіріседі. Осы уа­қытта далада серуендеп жүрген пәтер иесі де жетеді. Ұландық сарбаздар ең әуелі пәтердегі пропанды газ баллонды шынжырмен сыртқа шығарып, үй иесінің 4 және 1 жастағы балаларын, көрші пәтердің мектеп жасындағы екі баласын қауіпсіз жерге әкетеді. Өрт бұл уақытта аталмыш балкон арқылы жатын бөлмеге өтіп, терезеден көрші пәтерлердің де асүйлерін шарпиды. Алайда екі әскери жасақ пен кезекші офицерлер шапшаң қимылдап, өрт сөндіру қызметі келгенге дейін пәтерлердегі алауды сөндіріп үлгереді. Оларға жоғарғы қабаттағы тұрғындар терезе арқылы шелекпен су беріп көмек көрсеткен. Өрт сөндіру қыз­меті оқиға орнына жете салысымен шатырдағы өртті толығымен ауыздықтайды.
Сөз арасында айтып өте­йік, қызмет барысында қырағылық танытқан алтын асықтай азаматтар: әскери жасақ кезекшісі аға лейтенант Жеңіс Құрамысов, патрульдік топ бастығы кіші сержант Бексұлтан Ниязымбетов, әскери жасақ бастығы қатардағы Алмас Қалымтай және патрульдер – Бауыр­жан Құспанов, Сұраған Серғалиев, Нағашыбек Үсен­бай, Дәулет Кетеркеев, Ерсұлтан Абдусаматов, Әлкей Құрбанбек секілді сарбаздар ерлІгі лайықты бағаланды.

А.ҚҰСАЙЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =