©2020 Астана Ақшамы
СЕРПІН СТРАТЕГИЯСЫ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы арқылы Үкімет пен Парламентке жауапкершілік жүктеп, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын белгілеуді ұсынды. Бұған қоса ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, конфессияаралық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің буынын бекітіп, қанатын қатайтуды тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, мақсатқа жетудің түрлі тәсілдері мен амалдарын айтты.
Елбасы өз Жолдауында тарихи уақыттың жеделдеуі, демографиялық теңгерімсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, үшінші индустриялық революция, әлеуметтік тұрақсыздық, құндылықтар дағдарысы және жаңа әлемдік тұрақсыздық сынды ХХІ ғасырдың 10 жаһандық қатерін атап көрсетіп, бұлардың алдын алу кезек күттірмейтін мәселе екенін жеткізді. Сөйтті де, жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағытының парадигмасын жасап, «ұлт болып ұйысу үшін қайтпек керек?» деген сауалдың нақты жауабын берді.
Президенттің пайымдауынша, әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.
Нұрсұлтан Назарбаев «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарды да қалтарыста қалдырған жоқ. Ол бағдарламалық құжатта нақтыланған 2050 жыл деген дата мақсатқа жетудің межелі мерзімі екенін баяндап:
«Қазақстан-2050» Стратегиясы – тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт. Біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы сапалық тұрғыдан өзгерді. Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек. «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды.
«2030 стратегиясы» 1997 жылы ашық құжат ретінде жасалды. Біз о бастан-ақ оған түзетулер енгізу мүмкіндігін ескердік. Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды. Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде «2030 Стратегиясының» міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек» деді.
Білім беру саласында еңбек етіп жүргендіктен мені «Жолдауда білім туралы не айтылды екен?» деген сауал қатты қызықтырды. Бірден айтайық, Елбасы ешқашан білім, ғылым саласына бей-жай қараған емес. Бұған дейінгі Жолдауларда да білім мен ғылымға басымдық беріліп келді. Десек те, биылғы Жолдаудан отандық білім беру жүйесін тың реформалар күтіп тұрғаны аңғарылады. Бұған Президенттің «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту, инженерлік білім беру жүйесін дамыту, білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін күшейту, білім беру әдістемелерін жаңғырту, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын қолданысқа енгізу және технологиялар трансферті мен ғылым мен бизнестің кооперациясын қалыптастыру қажеттігі туралы тапсырмасы бірден-бір дәлел болып отыр.
Ұлт көшбасшысы қазақстандықтарға арнаған бағдарламалық құжатында жастар оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс екенін мегзеп: «Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деді.
Қолайлы жағдай дегеннен шығады, бізде «білім қуамын, ғылыммен айналысамын» деген жандарға жан-жақты мүмкіндік берілген. Ең бастысы, қолдау үздіксіз жүріп, жалғасын тауып жатыр.
Алдағы уақытта Президенттің Үкіметке тапсырған тапсырмасы бойынша, халықаралық үлгідегі куәліктер ұсынылып, инженерлік білім беру мен заманауи техникалық мамандықтар жүйесі дамытылады. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен ғана шектелмей, қолданбалы және ғылыми-зерттеу институттарын құруға кіріседі. Сондай-ақ, жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінетін болады. Көпсатылы оқу гранттары жүйесі әзірленіп, жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибе заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Бұл – Жолдауда атап көрсетілген білім беру саласындағы игі бастамалардың бір бөлігі ғана.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Елбасының биылғы Жолдауын Қазақстанды қарыштататын, оның білімі мен ғылымының көкжиегін кеңейтетін, ұлтын зерделі әрі зейінді болуға талпындыратын құжат деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі, бұл құжаттың мұраты – мығым, мақсаты – айқын.
Еркебұлан НҰҒЫМАНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің
директоры