©2020 Астана Ақшамы
СЕРІКТЕСТІКТІҢ ЖАҢА СЕРПІНІ
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен кездесті.
Кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Ас-Сисидің Қазақстанға алғашқы сапары екі ел арасындағы серіктестік қарым-қатынастарға жаңа серпін беретінін айтып, қазақ даласының даңқты перзенті, ХІІІ ғасырдағы Мысыр мен Сирияның атақты билеушісі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс – тарихи тамырластығымыздың айғағы, ал Отырардан шыққан әлемге әйгілі ғалым әрі философ Әбу Насыр әл-Фараби – екі елдің ортақ мақтанышы екенін атап өтті.
– Біздің ел Мысырмен сенімді достық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Биыл қазақстандықтар өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелейді. 1991 жылы араб елдері ішінен Мысырдың ең бірінші болып тәуелсіздігімізді танығаны есімізде. Содан бері халықтарымыз бен елдерімізді жақындастыру үшін көп жұмыс жасалды, осы жылдар ішінде мен Мысырға бірнеше рет бардым, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі елдің географиялық алшақтығына қарамастан, көлік-транзит байланысын дамыту үшін зор әлеуетке ие екеніне де назар аударды.
– Каирдің Еуразиялық экономикалық одақтың еркін сауда аймағын құру талпынысын біз қолдаймыз. Каирдің Жібек жолы экономикалық белдеуінде Қазақстан мен Мысырдың маңызы зор. Екі елдің әлеуеті осы бағытта тиімді жұмыс істеуге жаңа мүмкіндік туғызады, – деген Н.Назарбаев ауыл шаруашылығы саласында екі ел ұзақ мерзімді байланыс орнатқанын айтты.
– Қазақстан – астық экспортында көш бастаған мемлекеттердің бірі. 2006-2010 жылдары Қазақстаннан Мысырға 1 млн тоннадай астық жөнелтті. Осы бағытты әрі қарай да өрбітетін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мысырда фармацевтика саласы өте жақсы дамыған. Осыған тоқталған Мемлекет басшысы Қазақстан аталған елмен өзара іс-қимылды осы салада дамытуға мүдделі екенін айтты.
– Қазақстанда қазірдің өзінде Мысырдың қырыққа жуық дәрі-дәрмегі, 30 шақты медициналық бағыттағы қондырғылар тіркелген. Біз Мысыр тарапына елімізде бірлескен дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын ашуды ұсынып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев екі ел арасында инвестициялық байланыстарды дамыту мақсаты қойылғанын, бүгінгі таңда елімізде Мысырдың қатысуымен бірқатар жобалар іске асырылып жатқанын, соның ішінде мысырлық іскерлер Каспий теңізі жағалауындағы «Кендірлі» курортының құрылысына инвестиция құю бойынша келіссіз жүргізіп жатқанын атап өтіп, оны қолдайтынын жеткізді.
Қазақстан Президенті екі ел ғарыш саласындағы ынтамақтастық аясын кеңейтуді көздеп отырғанын айтты. Мысыр алғаш рет Қазақстан жеріндегі «Байқоңыр» айлағынан өзінің ғарыш серігін ұшырғанын еске салып, соны қайталауға мүдделі болып отырғанын айтып өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мысырдың бейбіт атом саласындағы ықпалдастық мәселесін қозғады. Елімізде байытылған уран банкі құрылса, Мысырдың атом электрстансасын салу жоспары бар. Н.Назарбаев екі ел арасында осы бағытта ынтымақтастық жайы талқыланып жатқанын жеткізді.
Қазақстан Президенті мәдени, білім саласындағы байланыстарды да жаңғыртты.
– Кеңес заманында көптеген қазақстандық мамандар Мысырда жұмыс істеді, ал біздің елде Мысыр студенттері оқыды. Осы дәстүрді қайта жандандыру керек. Біз мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша өзара тиімді шараларды жүзеге асыруға әзірміз. Ең бастысы, Қазақстан Мысыр мен оның халқын жақын дос әрі бауыр санайды, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесудің қорытындысында екі ел арасындағы бірқатар құжаттарға, соның ішінде Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Мысыр Араб республикасының қатысу шарты мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының жарғысына қол қойылды.
А. ҚАЛЖАНОВ, astana-akshamy.kz