Серік ШАЛДАНБАЕВ, Астана қаласы ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы: ПОЛИЦЕЙЛЕР СЫНАҚҚА САҚАДАЙ САЙ

0 126

Елбасы тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы ретте елордалық полицейлердің сынаққа дайындығы туралы Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Кадр жұмысы басқармасының бастығы Серік Шалданбаев айтып берді.

– Астаналық полицейлердің аттестаттаудан өтуге дайындығы қалай?
– Жақында департамент бастығы Амантай Әубәкіров осы аттестаттау мәселесіне байланысты құрылым және кадр басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Жалпы жеке құрамды аттестаттау белгіленген тәртіп шеңберінде орындалады. Жұмыстың жос-пары үйлестіріліп, жеке құрамның сызбасы мен кестесі белгіленді. Бір сөзбен айтқанда, қызметкерлер сынақтан өтуге сақадай сай.
– Сынақтың әділ өтуін қадағалайтын комиссия құрамына кімдер кіреді?
– Бақылау комиссиясының құрамына қауіпсіздік қызметкерлері, заң және кадр қызметі, ардагерлер ұйымы және қоғамның басқа да өкілдері кіретін болады. Бүгінде құрылымдарда әскери және қызметтік дайындықтар туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, аттестаттаудың тәртібі туралы ақпараттық тақталар орнатылды. Тест өткізуге арналған арнайы компьютерлік сыныптар жабдықталып, тирлерге бейнебақылау камералары қойылды.
– Ал, қызметкерлерге сынақ кезінде қандай талаптар қойылады?
– Сынақ кезінде орган қызметкерлері компьютерлік тест бойынша қолданыстағы заңдар туралы білімін ортаға салады. Олардың логикалық ойлау қабілеті тексеріледі. Дене шынықтыру және әскери дайындықтан нормативтер тапсырады. Сондай-ақ, психологиялық пайымы бойынша жеке әңгімелесуден өтеді.
– Егер қызметкер белгіленген нормативтің бірін де тапсыра алмаса, қандай шара қолданылады?
– Егер ондай жағдай тіркелсе, бұл жөнінде аттестаттау комиссиясының арнайы отырысында қаралып, шешім қабылданатын болады.
– Бұл сынақтан кімдер босатылды?
– Аяғы ауыр қызметкерлер мен бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер сынақ тапсырмайды.
– Сынақ күні келе алмаған қызметкердің жайы қандай болмақ?
– Егер аса маңызды себептерге байланысты сол күні сынақ тапсыруға келе алмаған қызметкер комиссияның қатысуымен әңгімелесуден өтеді. Ол белгіленген кесте бойынша жүргізіледі. Мұндай қызметкерлер 30 желтоқсанға дейін сынақ тапсыруы тиіс. Сынаққа себепсіз қатыспағандардың ла-уазымы, шені төмендетіліп, басқа қызметке ауыстырылады. Ал, комиссия отырысына екі мәрте себепсіз келмегендер ішкі істер орындарынан біржолата аластатылады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 18 =