Серік ШАЛАМБАЕВ, Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары: «КӨЛЕҢКЕЛІ» ЭКОНОМИКАНЫ КҮЙРЕТУГЕ КҮШ ЖҰМСАЙМЫЗ

0 184

– Серік Мұсаұлы, қоғамда етек жайған экономикалық қылмыстар көбейіп кетті. «Көлеңкелі» бизнес арқылы көлденең ақша табушылармен күрес қалай жүргізілуде?
– Бүгінде қаржы полициясының шұғыл-қызметтік іс-әрекеті өз өкілеттігіміздің шегінде қаланың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу­ге, сонымен қатар, жалпы азамат­тардың конституциялық құқылары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Осы санаттағы қылмысқа ба­ра­тын азаматтар – ерекше қыл­мыстық топ, олар жоғары зият­ты адамдар, сондықтан қылмыстардың алдын алуға тырысамыз.
Ағымдағы жылдың соңғы он айында астаналық Қаржы полициясы департаменті 719 экономикалық қылмысты анықтап,10 млрд теңге көлеміндегі залалдың орны толтырылды.

– Соңғы кезде Астана базарларында кездескен жалған ақша туралы келеңсіз оқиғалар неге көп айтылып жүр? Жалпы, мұндай банкноттар қалаға қайдан келген? Жалған ақша қаражаттарын өткізумен айналысатын топты іздестіруде ауыз толтырып айтатын нәтиже бар ма?
– Рас, қазіргі таңда сауда орындарында жалған ақша анықтау фактілері жиі орын алатын болды. Биылдың өзінде жалған ақшаларды жасап, өткізу деректері бойынша 552 қылмыстық іс қозғалды.

Жедел-іздестіру шаралары нә­тижесінде департамент қызмет­керлері ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшелеріне қатысты екі маңызды қылмыстық іс қозғалды. Бұл топ мүшелері алдын-ала сөз байласу арқылы ұзақ уақыт аралығында номиналы 10 000 тең­ге 750 дана банкнотты, яғни жалпы сомасы 7 500 000 теңге жал­ған ақшаны заңсыз өткізумен айналысқан.

– Құпия болмаса, қылмыстық топ ақша тарату схемаларын қалай ұйымдастырған?
– Негізінде, қылмыстық топ Жамбыл және Оңтүстік Қазақ­стан облысының бес адамынан тұрады. Зерттеу барысында жалған белгілерді дайындау орны, қылмыстық өткізу схемалары, тасымалдау маршруттары анықталды.

Жалған ақша қаражаттары 3 бағыт бойынша – Батыс, Оңтүстік және Солтүстік-шығыс аймақтарға таратылған. Күдіктілер жалған ақша қаражаттарын сыбайластары арқылы шағын топтамалармен өткізіп отырған. Мәселен, астаналық такси жүргізуші жалған ақшаларды өткізіп, қосымша табыс тауып жүрген. Ұстау кезінде оның «Шкода Октавия» қызметтік көлі­гінің жасырын қоймасында жалған ақшалар табылды. Қылмыстық істі тергеуі барысында, осы топ мүшелерінің республика аймақ­тарында 800 рет жалған ақша өткіз­ген дерегі расталды. Осы бойын­ша жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Тараз қаласында жалған ақшаларды дайындау желісі жойылды.
Қазіргі уақытта алдын ала тергеу өндірісі аяқталды, айыпталушылар мен олардың қорғаушылары қылмыстық іс материалдарымен таныстырылуда.

– Салық төлеуден жалтарып, заңсыз кәсіпкерлікке бой үйреткендер азайды ма?
– Кәсіпкерлік саласында са­лық төлеуден жалтару, жалған кәсіпкерлік, қосымша құн салығын қайтармау түрлері жиі кездеседі. Ағымдағы жылдың он айында салық төлеуден жалтарудың 31 фак­тісі анықталып, 448 млн теңге мөлшерінде зиян өтеліп, бюджетке қайтарылды.

Зиян сомасы 5 млрд теңгені құраған жалған кәсіпкерліктің 7 фактісі тіркелді. Департамент пен салық органдарының бірлескен іс-әрекеттерінің нәтижесінде жалған фирмалардың контрагенттерінен 2,3 млрд теңге қайтарылды.

«Көлеңкелі» экономика сала­сын­дағы қылмыстардың бірі – заңсыз алкоголь өнімдерін өндіру. Жыл басынан бері заңсыз өнім айналысына байланысты 224 қылмыс анықталып, жалғандық белгілері бар майдагерлік жолмен дайындалған 219,4 мың дана арақ-шарап өнімдері тәркіленді. Арнайы шұғыл-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, қызметкерлер жалған есептік-бақылау маркаларымен «есепке алынбаған», соның ішін­де, бағасы жоғары «Адмиралтейская», «Хлебная Русь», «Журавушка», «Парламент», «Финка», «Хуторянка», «Березовона бруньках» арақтары, «Аль-Фараби» «Адмирал» конья­ктары және «Bluenun», «Chateau», «Merlot» атаулары бар шараптардың 155 мың данадан аса топтамасы бар қойманы тапты. Қазіргі уақытта соттық-криминалистік сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде

– Экономикалық контрабанда жөнінде не айтар едіңіз…
– Кеден саласындағы экономи­калық қылмыстар қоғам мен мемлекетке айтарлықтай зиян келтіретін қауіптің бірі. Мәселен, «Стамбұл-Астана» рейсінің жолаушысына қатысты экономикалық контрабанда дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол тасымалдаған 20 мыңнан астам атауы бар жалпы сомасы 1,7 млн долларды құрайтын тәркіленген алтын бұйымдардың жалпы салмағы 50 келі.

– Елбасының жарлығына сәйкес, қаладағы ойын бизнес­тері рұқсат етілген аймаққа шығарылуы тиіс. Десек те, заңды белшесінен басып жүргендер неге тиылмай тұр?
– Жалпы, мұндай «көлеңкелі» бизнестің келтіретін зияны көп. Департамент бұл ретте талай былықтардың бетін ашты. Заңсыз ойын бизнесі саласында 33 мекеменің, соның ішінде 11 ойын залының, 7 казиноның, 4 покер клубының астыртын қыз­меті тоқтатылды. Олардан 161 ойын автоматтары, 7 рулетка және 7 млн теңгеден аса ақша қаражаты тәркіленді. Заң­сыз ойын мекемелері түрлі қоғамдық қажеттілікке ие мекеме атауын, мысалы, «Ломбард», «Аспаздық», «Химчистка» т.б., көлегейлеп қызмет етеді. Бұл мекемелер астыртын жұмыс істейді және кез келген қонақтың ішіне енуі қиынға соғады, себебі, тек таныстар арқылы немесе тұрақты келушілердің ғана ену мүмкіндігі болады.

Дегенмен, мұндай мекемелерге келушілер де аз емес. Бірде казино-рулеткаға қатысты жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыру барысында келушілердің ішінде зейнеткер әйелдің де бар екендігі анықталды.

Нақты дерекпен айтсам, бүгін­де астыртын ойын бизнесін ұйымдас­тырған А.Хаджимурадовқа қатыс­ты қылмыстық іс сотқа тапсырылды. Жалпы сомасы 1млн тең­ге­ден аса мөлшерде заңсыз табыс тапқан А.Ляхович Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотының үкімімен кінәлі деп танылып, мерзімі 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түрінде жаза тағайындалды.

Бұл бағытта жұмыс әрі қарай жалғасуда. Біздің мақсатымыз – қалада бұл бизнесті түбегейлі жою.

– «144» сенім телефонына «сенуге» бола ма?
– Әрине. Қаржы полициясы органдарына ортақ «144» сенім телефоны мен департаменттің кезекші бөлімінің 210-901 телефоны жұмыс істейді. Бұл нөмірлер бойынша қала тұрғындары тәулік бойы кез келген сұрақтармен ха­бар­ласуға мүмкіндігі бар. Қыл­мыспен күресу – барлық азаматтың міндеті мен парызы. Егер жасалайын деп жатқан немесе орын алған қылмыс туралы ақпарат белгілі болса, қаржы полициясы органына хабарласыңыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eight =