Серік АҚШОЛАҚОВ: ӘРКІМНІҢ НАСИХАТШЫСЫ – ӨЗ ІСІНІҢ НӘТИЖЕСІ

0 258
IMG_338822
Серік АҚШОЛАҚОВ, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы

Ояу адамның ми ісігін аларда өз мүмкіндігімізге сендік

– Серік Қуандықұлы, сіздер өткен айда Азия нейрохирургтерінің конгресін өткіздіңіздер. Мұндай шаралардың тиімділігі неде?

– Расында да, қыркүйек айында елордада Х азиялық нейрохирургтер конгресі болды. Оны Қазақ нейрохирургтер қауымдастығы мен Нейрохирургия ұлттық орталығы ұйымдастырды. Бұл біздің мамандарымыз үшін жақсы жаңалық болды деп айта аламын. Өйткені, мұндай конгресс Орта Азия, ТМД аумағында бірінші рет ұйымдастырылды. Және оған 50-ден аса елден 652 делегат келіп қатысты. Олардың қатарында өз саласының жілігін шағып, майын ішкен мықты мамандар  болды. Шараның тиімділігіне келсек, біріншіден, бұл мамандарымыздың тәжірибе алмасуы үшін өте қажет. Мысалы, өткен жиын барысында біз арнаулы оқу курстарын өткіздік. Сол конгреске делегат болып келген мықты мамандар, нейрохирургия саласында ерекше жетістіктерге жеткен, мойындалған ғалымдар, дәрігерлер біздің мамандарымызға өзінің білгенін айтып, дәріс оқыды. Шеберлік сабағын өткізді. Екіншіден, осы шара аясында тәжірибелік жұмыс ретінде біз өз клиникамызда емделіп жатқан азаматтардың атақты дәрігер-ғалымдардан тегін кеңес алуына мүмкіндік туғыздық. Яғни, арнайы қабылдаулар ұйымдастырдық. Мысалы, Мәскеуден келген белгілі дәрігер Александр Коновалов біздің науқастарды қарап, кеңес берді.

Содан кейін, дәстүрге сай, жалпы нейрохирургия саласын дамыту, бұқараның денсаулығын оңалту жолында соңғы технологияны дұрыс пайдалану секілді тақырыптарда талқылаулар болды.

Бүгінгі таңда Астанадағы Нейрохирургия ұлттық орталығы нейроонкология тармағының жаңа технологиясымен қамтамасыз етілген. Сондықтан да осы конгресс аясында III Азия нейрохирургиялық медбикелерінің конгресін де өткіздік. Мұның бәрі бірден көзге көрінбегенімен, іс жүзінде өз жемісін беретін, медицинамыздың нейрохирургия саласын алға бастыратын шаралар екені даусыз.

Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылғалы елді елең еткізерлік уақиғаларды аз өткерген жоқ. Осы жылдың басында сіздің жүкті әйелге ота жасап, миының қатерлі ісігін емдегеніңіз туралы сенсациялық ақпарат тарап жатты. Ал жуырда мидың қатерлі ісігін алу үшін басқа наркозсыз ота жасаған екенсіз. Ояу адамның бас сүйегін ашып, оны емдеудің қиындығын, бұл істің үлкен жүректілікті, тәжірибелілікті, біліктілікті қажет ететінін ешбір дәрігер, ешбір ғалым жоққа шығара алмаса керек. Мұндай батылдыққа қалай бардыңыз?

– Дамыған елдердің нейрохирургиясында мұндай тәжірибе бар. Бұл кейбір елдер үшін таңсық емес. Бізде, рас, бұлайша ота жасау бірінші рет жүзеге асырылды. Бірақ бұл соқпақсыз жерден жол салу болып есептелмейді. Неге десеңіз, біз мидың қатерлі ісігін алу үшін басқа ота жасағанда кушеткада жатқан адамды міндетті түрде бір рет оятып, бақылап қараймыз. Ота жасап жатқан жерді жауып, тікпес бұрын бас құрылысының ішіндегі зақымданған тұсты оңалта алдық па, соны тексеріп аламыз. Мысалы, адамның қолы дірілдеп тұратын болса, біз миға ота жасап тұрып, сол діріл кетті ме, біз емдей алдық па, соны тексереміз.

– Бірақ бұл жолы сіздер науқасты ояу жатқызып қойып, басына ота жасадыңыздар ғой.

– Иә, рас. Біз бұл жолы мидың ісігін алдық. Ол ісік адамның сөйлеуіне жауап беретін ми талшықтарының жанында болатын. Бұл ауруды біздегі қалыптасқан тәжірибе бойынша емдеуге болмайтын еді. Себебі, ісікті алу барысында сөйлеуге жауап беретін ми талшықтарын зақымдап алсақ,  науқас өзінің сөйлеу қабілетінен айырылуы мүмкін еді. Сол себепті, отаның алғашқы кезеңінде кесілетін жерге, яғни, шектеулі жерге жансыздандыру уколын салғанмен, науқасты толықтай ояу, саналы қалыпта ұстауға мәжбүр болдық. Сөйтіп, сұрақ қойып, сөйлетіп, әңгімелесіп отырып, оның миындағы ісікті де алдық. Науқас толық оңалып, ризашылығын білдіріп кетті.

Негізінде, ол кісі бізге дейін шет елдерге барған екен. Бірақ ондағы дәрігерлер ота жасағаннан кейін сөйлеу қабілетінен айырылуы мүмкін екенін ескертіпті. Ол кісі тәуекелге барғысы келмеген.

– Дертіне шипа іздеп нақты қай елдерде болған?

– Ресейде және Қытайда болыпты. Қай қаласына барып, қандай клиникаға көрінгенін мен білмеймін.

– Сіздер науқасқа ота жасамас бұрын психологиялық жағынан ерекше дайындаған шығарсыздар?

– Әрине, дайындадық. «Алғашқы сәтте наркозда боласыз, содан кейін оятамыз. Біздің айтқанымызға құлақ түріп, сұрақтарымызға жауап беріп жата беріңіз. Біз мидың ісігін аламыз, бірақ миды ашқанда, оның ісігін алғанда сіз оны сезбейсіз» дедік. Сезбейтін себебі: мидың ішінде жүйке талшықтары жоқ. Ол ауырмайды.

– Мұндай ота сіздің тәжірибеңізде бірінші рет болыпты. Жүрексінбедіңіз бе?

– Мұндай ота жасау процестеріне бұрын шет елдерде қатысқаным бар. Мысалы, Америкаға, Германияға оқуға барғанымда осындай ісіктерді алғанын көргенмін. Сондықтан, аса жүрексінген жоқпын. Біздің мұндай қадамға баруға толық мүмкіндігіміз болды. Аппараттарымыз жеткілікті. Қысқасы, біз дайын болдық.

Назарбаев университетінде медициналық құрал-саймандар жасау қолға алынбақ

– Оқу демекші, осы жылы тағы да Америкаға барып оқып келіпсіз.  Бұл мақсаткерліктің белгісі ме?

– Мединица, бұл – шекарасы жоқ сала. Үздіксіз дамып отырады және даму үстінде болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан да, медицинаға келген адам қашан да ізденісте болуы керек. Озық елдерде емдеудің қандай жолдары табылып, қандай жаңа технология шығып жатыр, өзге елдердің үлкен ғылыми орталықтары қандай жаңалық ашты, қай тәсіл тиімді – соның бәрімен танысып, көріп-біліп отырған жақсы. Сондықтан, сен президентсің бе, профессорсың ба – әңгіме онда емес, әр уақытта жаңалықты білуге тырысу, оқу, көру әр дәрігердің алдына қойған мақсаты болуы керек деп ойлаймын. Осы мақсатыма орай, биыл Назарбаев университеті арқылы екі жарым айға Америкаға барып, үлкен клиникада курстан өтіп келдім. Жаңа айтқанымыздай, басқа наркозсыз ота жасау процесін сол жерде де көрдім. Кейбір науқас түрлерін емдеудің жаңа тәсілдерін, яғни, басқаша ота жасауларға қатыстым. Енді сондағы үйренген емдеу тәсілдерін осы орталықта да енгізуді алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Өткен конгреске сол клиниканың да ғалымдарын шақырған болатынбыз.

Мұнымен айтқым келгені, кез келген маман үздіксіз оқып, ізденуі керек. Мықты мамандардың лекциясын тыңдап, тәжірибесін үйреніп, жаңа техника, технологиялармен танысып, өз саласының қайда дамып бара жатқанын біліп отырғаны жөн. Мұндай үрдіс, әсіресе, ашылғанына жеті-ақ жыл болған біздің орталық үшін аса қажет. Сондықтан, оқуға біздің дәрігерлердің бәрі барып тұрады.

– Нейрохирургиясы ең дамыған деп қай елдерді айтуға болады? Қай елдерден көбірек үйренуге құштарсыздар?

–Таяуда өткен конгреске 56 елден делегат келді деп отырмыз ғой. Олардың арасында Америкадан, Франциядан, Швейцариядан, Германиядан, Жапониядан, Финляндия­дан, Оңтүстік Кореядан, Қытайдан, Үндістаннан… – жалпы осындай әр тараптан келген мамандар болған. Демек, нейрохирургия саласының өзінде әртүрлі тарамдар бойынша алға озған елдер бар. Шынын айтқанда, қазір нейрохирургияның дамуы оған қаржының қалай бөлінгеніне тікелей байланысты. Өйткені, мұндағы ең басты мәселе – қазіргі заманға сай жаңа аппараттар алып отыру, диагностикалық, емдеу аппараттарын игеру. Содан кейін сол аппараттармен жұмыс істейтін дәрігерлердің білімін жетілдіру үшін де қаржылай көмек көрсетіп отыру қажет.

– Жаңа сіз айтып отырған диагностикалық емдеу аппараттары қай елдерде шығарылады?

– Ол Америкада көп шығарылады. Одан кейін Германияда, Швеция­да, Жапонияда шығады. Жалпы, мұндайлар әр жерде шығарылады.

– Ал біздің елімізде…

– Біздің Қазақстанда шығарылмайды.

– Неге?

– Менің ойымша, біртіндеп оған да келеміз. Әзірге бізде медициналық емдеу мекемелерінде қолданылатын төсек орындары ғана шығарылады.

– Біз әзірге медицина саласындағы технологияның тұтынушысы ғанамыз ғой?

– Иә, тек қана тұтынушымыз.

– Десе де, емдеу аппараттарын өзімізден жасап шығаруға не кедергі?  Әлде біздің әлі де әлеуетіміз жетпей жатыр ма?

– Білесіз бе, бұл бір күнде орындала қалатын шаруа емес. Бірақ бізде жақсы мамандар бар.

Мысалы, жақында ғана Америкадан Антонио Нобель деген профессор келіп кетті. Ол көп жылдан бері нейрохирургия, кардиохирургия саласына арналған құрал-саймандар шығарып келеді екен. Енді осы Астанадағы Назарбаев университеті зертханасында емдеу саймандарын шығарсақ деген ниеті бар. Онда бізге қандай аппарат керек, соған сәйкес, яғни, біздің идеямыз бойынша құрал-саймандар дайындау жағын қолға алғалы отыр. Жыл соңына таман сол кісі келеді деп жоспарлап отырмыз. Оны енді уақыт көрсетеді. Жалпы, бастамалар бар.

Бізге шет елдерден келіп емделіп жатқандар көп

– Сіз басқаратын Ұлттық нейрохирургия орталығына шет елдерден келіп емделушілер бар ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Неге десеңіз, өзінің қызметін дамытып, жетілдіре түскісі келген кез келген мекеме өзінің клиентурасын кеңейте түсуді мақсат етеді. Десек те, біздің қазіргі алдымызға қойып отырған мақсатымыз – Қазақстан халқына, өз науқастарымызға сапалы нейрохирургиялық көмек көрсету, әлемдік жаңа технологияларды игеріп, соны халықтың денсаулығын жақсартуға пайдалану. Бұл жағынан біз өз мақсатымызға толық жетіп отырмыз деп айта аламын. Ендігі алдымызда тұрған мәселе – емдеу ауқымымызды кеңейтіп, өз әдістемемізді, бүгінгі мүмкіншілігімізді шет елдерден келетін азаматтарды емдеуге пайдалану. Бұл жағынан да біз қол қусырып отырған жоқпыз.

– Бүгінге дейін қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

– Осы жылы, мысалы, 70-тен аса шет ел азаматы келіп емделіп кетті. Олардың арасында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары көп. Басқа елдерден, мысалы, Еуропадан келген азаматтар да бар. Бірақ олардың көбісі осында тұрып, қызмет етіп жүрген, біздегі медицина саласының жетістіктерімен таныс, яғни, бізге сенім арта білген азаматтар. Ал, Грузия, Тәжікстан елдерінен арнайы келіп емделіп жатыр.

Өткен конргесс кезінде бірнеше елдің дәрігерлерімен ортақ меморандумға қол қойылған. Олар бір-біріне науқастарын жіберіп, емдете алатын болып келісті. Арасында, әрине, біздің орталық та бар. Өйткені, өзге елдер өкілдері біздің науқастарға қандай көмек көрсете алатынымызды білді. Сондықтан, алдағы уақытта шет елдерден келіп, біздің орталықта емделетін азаматтардың саны арта түседі деп ойлаймын.

– Интернет желісінде Израильдің, Ресейдің, тағы басқа елдердің клиникаларының жарнамасы көп. Хат жаза қалсаң, күн өтпей өздері қоңырау шалып, қызметін ұсынып жатады. Ал сіздер жарнама жасайсыздар ма?

– Жарнама жасаған дұрыс шығар. Бірақ біз әзірге ондай қадамдарға барған емеспіз. Біздің, яғни Ұлттық нейрохирургия орталығының сайты бар. Барлық жетістіктеріміз де, орталық туралы ақпаратымыз да сонда қамтылған. Алайда, менің ойымша, жарнаманың, насихаттаудың ең әділ және дұрыс, тиімді жолы – ол өз ісіңнің нәтижесі деп ойлаймын. Біз науқастарға дұрыс қарап, диагнозын дұрыс қойып, жақсылап емдеп жіберіп жатсақ, біздің ең үлкен насихатшымыз – солар.

Әркез ота жасауға алғаш кіріскендей сезінемін

– Бас сүйек-ми жарақаттарын емдеу адамнан ерекше қабілетті талап етсе керек. Ал, сіз мидың ең күрделі бөлімдеріне ота жасап жүрсіз. Сегіз патент пен авторлық куәліктің иегерісіз. 150-ден астам ғылыми еңбегіңіз, 6 монографияңыз жарық көріпті… Қырық жылға жуық медициналық қызметіңізде шамамен неше рет операция жасадыңыз? 

– Нақтысын айту қиын. Бірақ 4500-5000 ота жасаған шығармын. Ал осы орталық құрылған алғашқы жылдары науқастардың көбіне өзім ота жасап жүрдім. Қазір жастар өсті. Сондықтан, ең қиын отаны өзім жасаймын, ал қалғандарын басқа дәрігерлерге жүктеймін.

Бірақ біздің нейрохирургияның бір ерекшелігі, мұндағылар жасаған отаның санына емес, сапасына қарайды. Өйткені, бізде кейде ота сегіз сағатқа созылатын кездер болады. Он сағатқа созылады. Ал, оңай деген отаның өзі төрт, алты сағатқа созылады. Әрине, тез өтетін жеңіл оталар да болады. Сондықтан, біздің хирургтар бір күнде он шақты отаға дейін қатыса береді.

– Алғаш рет басқа неше жасыңызда ота жасадыңыз?

– Алғаш рет Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенімде, 80-жылдары бастадым деп айтуға болады.

– Дәрігер Әділхан Абдуллин өзінің алғаш рет операцияға қатысқан сәтін былайша еске алады. «Адам деген – алау екен. Мен өкпеге ота жасамақ болып, адамның ішкі ағзасына зейін салғанда осыны аңғардым. Алғаш рет өкпеге ота жасауға кіріскен кезім есімнен кетпейді.  Жанындағы бүлкілдеп тұрған жүректен сескеніп, қолым қалтырағандай еді… Кейін үйреніп кеттім. Лүпілдеп тұрған жүректі олай жылжытып қойып, былай жыжытып қойып, өкпені емдеуге жүрексінбейтін болдым» дейді… Ал адамның бас сүйегін ашу компьютерді ақтару емес қой. Сіз ота кезінде не сезінесіз? Миға ота жасау үстінде қандай күйде боласыз?

– Бұл – кәсіп қой. Үйреніп кетесің. Бірақ, сонда да өзіңіз айтқандай, ерекше бір сезімдер болады. Мен оны бейнелеп жеткізе алмайтын сияқтымын. Неге десеңіз, ота үстінде сен басқа әлемде жүргендей боласың. Қырық жылдан бері ота жасап келе жатсаң да, әрбір операцияға кірісерде осы іспен алғаш рет бетпе-бет кеп тұрғандай сезінесің. Ол мүмкін жауапкершілік жүгінен шығар.

Қазіргі кезде миға отаны микроскоп арқылы жасаймыз. Мидың ішіне кіргенде мен өзімді шынымен де өзге планетаға тап болғандай сезінемін. Өйткені, мидың құрылымында да өзіне тән денелері болады. Рет-ретімен орналасқан ұсақ бөлшектері бар. Мен жалпы бұл процесті теңіздің тереңіне сүңгігенмен бірдей дер едім… Бірақ өмір бойы өзімді таңғалдырып келе жатқан нәрсе, сағаттап ота жасағанда да хирург шаршамайды. Өйткені, ол жерде ойланбайсың. Ойлануға мұрша болмайды. Миды зер салып қарайсың, ісік өздігінен ерекшеленіп көрініп тұрады. Соны аласың. Осы екі-ақ ауыз сөзбен айтылатын жұмыстың өзі  сегіз, он сағатқа созылуы мүмкін. Бірақ сен сезбейсің. Уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Сіз ота жасауға жаңа кіріскендей күйде боласыз. Сезіміңіз бір минутты ғана қамтиды. Мен бір де бір хируртың ота жасау залынан шаршап шығып, қалжырап отырғанын көрген емеспін.

Ал ота нәтижесі ойдағыдай аяқталса, тіптен қуанасың.

– Неше жасыңызға дейін осы іспен айналыса беремін деп ойлайсыз?

– Тарихта әртүрлі жағдайлар болған. Мысалы, Американың атақты дәрігері профессор Майкл Дебейкидің 91 жасына дейін ота жасағанын білемін. Мәскеудің әйгілі хирургі Борис Петровский де 90 жасқа дейін ота жасады. Менің оқытушым Александр Коновалов қазір 80 жастан асқан, ол да әлі күнге ота жасап келе жатыр.

– Ойыңызда жүрген ең үлкен арманыңыз қандай?

– Біз орталықты ашқаннан бері алдымызға қойған мақсаттардың көпшілігіне жеттік. Енді осы орталықты ТМД бойынша ең жоғарғы технологияны пайдаланатын орталық қылсақ деп армандаймын. Себебі,  шетелдің көптеген клиникаларында ақылы болғаннан кейін отаның кез келген түрі жасалады. Ал менің қалағаным – мұндай жол емес. Біздегі облыс орталықтары мен ірі қалаларда да нейрохирургиялық орталықтар бар, онда да ота жасалады. Жақсы, тәжірибелі мамандар сол жақтарда да науқастарды емдей алады. Сондықтан, біздің орталық алдағы уақытта тек қана күрделі оталарды жасайтын орталық болса екен деймін. Ондай аурулар көп. Біз тек сол күрделі оталарды жасайтын болсақ, орталық қазіргіден де дамып, төңірекке беделді клиникаға айналар еді.

Мысалы, қазір Қазақстанда функционалдық нейрохирургия жағы кемшін. Осы салаға көбірек қызмет етсек екен деймін. Ол дегеніңіз, қан тамырларының нейрохирургиясы, радиохирургия салалары боп жік-жікке бөлінеді. Осы жағын дамытсақ деймін.

Жаңа да айттым, біз өткенде бүкіл дүниежүзі нейрохирургтерін жинап Азия конгресін өткіздік. Сонда жиналған профессорлардың көбі Қазақстанның бүгінгі күні дүниежүзілік нейрохирургтар конгресін өткізерліктей күші бар екенін айтып жатты. Бұл да менің бір арманым десем болады. Оны енді өмір көрсетеді.

Әңгімелескен:

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 4 =