СЕРГЕКТIК БОЛСЫН СЕРIГIҢ

0 118

Қазақ халқында «ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде» деген нақыл бар. Сырқаттана қалсақ, осы даналық сөз еске түседi. 7 сәуiрде Дүниежүзiлiк денсаулық күнi аталып өттi. Бұл 1950-жылдан бастап дәстүрге айналған үрдiс. Iс-шара адамдардың денсаулық қадiрiн түсiнiп, оны жақсарта түсу мақсатындағы тиiстi шешiм қабылдаулары үшiн ұйымдастырылады. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкестi мәселелердiң бiрiне арнап отырады. Биылғы «Жақсы денсаулық ғұмырға жас қосады» атты тақырып қарттық пен денсаулық мәселесiн қозғады.

Игi iс-шараны әлемнiң 200-ге тарта елi атап өтедi. Оның iшiнде бiздiң елiмiз де бар. Қазақстан бұл ұйымға 1992-жылы мүше болды. Содан берi бұл күндi ескерусiз қалдырған емес. Денсаулық мерекесi Астанада көтерiңкi көңiл-күйде тойланды. «Жастар» сарайының маңында түрлi мәдени-көпшiлiк ойын-сауық, спорттық сайыстар көрiгi қызды. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының аясында медицина саласындағы мамандар қала жұртшылығына тегiн кеңес берiп, тексеруден өткiздi. Елорда тұрғындары бiлiктi дәрiгерлермен сұхбаттасып, көкейiнде жүрген сауалдарына толыққанды жауап алды. Бiрi қан қысымын өлшетiп жатса, бiреулерi шылым шегудiң алдын алу жолдарын сұрастырды. Сондай-ақ, Қазақстандағы дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының өкiлi Мелита Вуйнович дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының әлемдегi және Қазақстандағы рөлi туралы әңгiмелеп бердi.
Мамандардың пiкiрiнше, Қазақстанда соңғы жылдары егде жаста-ғылардың саны өсiп келедi. 2010 жылы 1 қаңтарда 65 және одан үлкен жастағылар саны 1,1 млн адамды құраған. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес, халықтың өмiр сүруiнiң ұзақтығы 2015 жылға қарай 70 жасқа жетедi.

Еркежан СӘТIМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + ten =