«Сергекке» де «сезім» керек сияқты

0 62

Бағдаршамға келіп тоқтағанымыз сол еді, соңымыздан «қиқулатып» жеткен жедел жәрдем көлігі төрт жолдың қиылысынан оңға бұрылып кете алмай, тұрды да қалды. Науқастың туысы болса керек, бір жас жігіт жедел жәрдем көлігінен секіріп түсіп, жолды бөгеп тұрған жеңіл машинаның жүргізушісінен жолдың шетіне қарай ығысуды өтінген еді, анау «Мен қалай сызық басып, жол ережесін бұзамын, әне «Сергек» түсіріп тұр» деп бағана басындағы камераны нұсқады. Бір-екі минуттың арасында болған осы жағдай маған ой салды.

Жедел жәрдем керек кезінде бәріміздің жанымыздан табылатын жанашырымыз – халықтың денсаулығын сақтауда маңызды қызмет атқаратын медициналық көмек тобы. Екі аяғын тік басқан пенде баласының өмір бойы емхананың есігін аттамай кетпейтіні сияқты, ешкім де «Маған жедел жәрдем керек емес» деп кесіп айта алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, сіз бүгін жеңіл машинада жайланып отырып, біреудің шыбын жанын сақтап қалу үшін жанталасқан жедел жәрдем көлігіне жол бермесеңіз, «Кезек екі, тәңір бір» дегендей, ертең өзің де жолдағы кептелістің немесе әлдекімдердің жол бермеуінен жол ортада қатты қиналуыңыз, тіпті жан тапсыруыңыз әбден мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алғанда, мейлі кім болса да, жедел жәрдем көлігіне жол беруге міндетті. Әрине, мен бұл арада жол бермеген жігітті кінәлап отырған жоқпын. Моральдық тұрғыдан алғанда, оның жол бермегені дұрыс емес болғанымен, қаламыздың қалыптасқан қағидасы бойынша, жол ережесін бұзбай, «Сергекке» түсіп қалып, ертең айыппұл төлеуден сақтанғаны орынды. Себебі жедел жәрдем көлігіне жол беру үшін жол ережесін бұзғанын ол ертең дәлелдей алмайды. Қия бассаң, айыппұлды ғана танитын біздің цифрлы бақылау жүйемізде ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Жол апаты себебінен кептеліс болған жағдайда автобус жолағымен айналып өтемін деп «Сергектің» «садағына» ілініп, айыппұл төлеген азаматтар да аз емес. Кептеліс кезінде бағдаршам аумағында амалсыз қалып кететін жағдай да болды. Кейде жолды кескен жолаушыны қағып кетпеу үшін жол тәртібін бұзасың. Бірақ «Сергек» мұндайларға селт етпейді. Кейде сенің алдыңда тұрған көлік «ойламадым» деп қаңтарылады да, сен де ереже бұзасың. «Сергек» мұны түсінбейді. Соған қарағанда, біздің жол полициясы айыпты ғана танып, «Сергектің» не үшін түсіргенін сараптап, істің ақ-қарасын айыруға онша назар салмайтын секілді.
Жедел жәрдем көлігіне жол беру және оның шақыртуға шұғыл жетуіне жағдай жасау өркениетті қоғам құрудың қажеті. Сонымен қатар, жедел жәрдем көлігіне жол беру азаматтардың ар-ұждан, моральдық қасиетіне қатысты. Себебі жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуға қаншалықты жылдам жетсе, адамды ажалдан арашалап қалу мүмкіндігі соншалықты арта түседі. Міне, осы жағдайды ескерген дамыған елдер жедел жәрдем көлігіне жол берудің арнаулы тәртібін де белгілеген.
Елімізде де жедел жәрдем көлігіне жол бермегендерге айыппұл салу қарастырылған. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» №235-V ҚРЗ Кодексі 598-бабының 1-тармағына сәйкес, бiр мезгілде жарқылдауық маягы мен арнайы дыбыс дабылы іске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруіне басымдық бермегендерге жетi айлық есептiк көрсеткiш (бір айлық есептік көрсеткіш 2917 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. 2-тармағына сәйкес, жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермегендерге он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. 3-тармағына сәйкес, осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген белгілемеге сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер он бес айлық есептiк көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Демек, біздің елде де жедел жәрдем туралы заң бар, бірақ дұрыс атқарылмайды. Тіпті көлік жүргізушілерінің көбі бұл заңнан бейхабар. Сосын да көптеген азаматтар жедел жәрдем көлігіне жол берем деп «Сергекке» түсіп қалудан барынша сақтанады. Керек болса, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін сабап кетуге дейін барады…
Әрине, жол ережесін бұзғандарды қалт жібермей қадағалап тұрған «Сергек» арқылы да жедел жәрдем көлігінің кедергісіз жүруін бақылуға болады. Яғни, «Сергек» камералық бақылау жүйесінен жедел жәрдем көлігіне қасақана жол бермеу әрекеті байқалса, айыппұл салу әдісі қолданылса, жұрттың бәрі жедел жәрдемді тез өткізіп жіберуге тырысар еді. Екінші тұрғыдан, «Сергекке» де «сезім» керек. Атап айтқанда, туралап қойған бағыт бойынша барлығын қадағалап тұратын камераның күтпеген жағдайларға байланысты талдау жасау қабілеті жоқ болғандықтан, оны жауапты органдар қайталай қадағалап, кейбір шарасыздықтан болған (мәселен, жедел жәрдем көлігіне жол беру үшін жол ережесін бұзу, жол апаты себебінен жеңіл автомобиль жолы бөгеліп қалғанда, автобус жолағы арқылы өту, т.б) жол ережесін бұзушылықтарды адамгершілік тұрғыдан екшеп, саралап отырған дұрыс секілді. Өйткені заң моральдан биік емес. Моральға бағынған елде заңның да мәртебесі биік болатынын естен шығармаған дұрыс.
Автобус жолағы демекші, Нұр-Сұлтан қаласында Bus Lane ұзындығы 69,3 км құрайды. Қазіргі таңда жолаушылардың жол жүруіне жайлы жағдай жасау үшін Жеңіс даңғылы, Абылай хан даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Мұхамедханов көшесі, Мәңгілік ел даңғылы және Қошқарбаев даңғылында автобус жолақ жолын енгізіп, Bus Lane ұзындығын 93 км-ге дейін арттыру жоспарлануда, бұл маршруттық желіні қамтуды 23 пайызға кеңейтуге мүмкіндік береді. «Автобустарға арналған» деген белгі қойылған бұл жолаққа, әдетте, автобустан басқа, ресми такси және жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі көліктері ғана жүруге құқылы. Ал басқа көліктер оған түсетін болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабының 1-тарауына сәйкес 8751 теңге айыппұл салынады.
Індет жағдайына байланысты еліміздің үлкен қалаларында демалыс күндері қоғамдық көліктердің жүрмегеніне біраз уақыт шектеу қойылды. Бұл әдіс індеттің алдын алып, ауруды ауыздықтауға мүмкіндік бергенмен, қала тұрғындарына қолайсыз болғаны да жасырын емес. Қоғамдық көлік тоқтағанмен, тұрғындардың тіршілігі тоқтамайды, автобус жүрмеген соң, жұмысы бар халық амалсыз такси жалдауға мәжбүр. Міне, осының салдарынан сенбі, жексенбі күндері де қала жолдарында көлік кептелісі көбейді. Ал Bus Lane-дар бос тұрды. Бос тұрса да, онымен басқа көліктердің жүруіне рұқсат жоқ. Оған түссең, «Сергек» сырт еткізіп түсіріп алады. Бұл – қып-қызыл шығын. Себебі кептеліс молайса, тұрғындардың жүріс-тұрысына қолайсыз болып қана қоймай, зиянды газдардың ауаға көптеп тарап, қала экологиясына да әсер етеді. Сондықтан Вus Lane бос кезінде жеке көліктердің жүруіне де жол қойған дұрыс деп санаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 13 =