«Сергек» сергек болуға үйретеді

0 61

Цифрландыру – дамуға бет алған мемлекеттер үшін трендке айналды, цифрлық жүйеге көшкен ел экономикада бәсекеге қабілетті бола алады, осы себепті де мемлекет ақылды технология, смарт сити жүйесін дамытуға мүдделілік танытып, бұл саланы қолдауға әзір. Ал біз әңгімелейтін «Сергек» жүйесінің бірінші мақсаты – халықтың соңғы технологиялар мүмкіндігін пайдалануына жағдай жасау, жол апатын азайту. Біз «Сергекті» орнатумен айналысатын «Көркем Телеком» ЖШС директоры Әсет Ахметовпен әңгімелескен едік.

– Ең алдымен жас кәсіпкерлердің өз кәсібін қалай бастағаны қызық.
– Сүлейман Демирель университетін инженер мамандығы бойынша оқып жүріп, ағам екеуміз интернет кафе аштық, 2008-2009 жылдары сайт құрастыру, платформа, IP телефониямен айналыса бастадық, 2010 жылы Азиа­да кезінде колл-центр жасақтадық, Саммит өткенде де өз үлесімізді қостық, 2012 жылы «Көркем телеком» компаниясын аштық. Ол кезде үлкен қалалардағы жолдарға орнатылған бақылау камералары Ресей, Қытай компанияларыныкі болды, олардың кешені де, сервистік қызметі де қымбат екенін білдік, әрі біздің климатқа сай емес, «біз өз нарығымызды неге өзгелерге беріп қоямыз?» деген ой болды, міне, осылайша «Сергек» жобасы дүниеге келді. «Сергек» біздің елдің заңдарын, полиция жұмысын ескере отырып құрастырылды. Мемлекет тарапынан қолдау бар, гранттар, бағдарлама акселераторы болды, 2010 жылдары сол бағдарламаларды қолдандық, бүгінгі таңда қалыптасқан компания ретінде басқа деңгейде әріптестіктеміз.
– Бастапқыда қандай қиындықтар болды, әлде бірден жұмыс жүріп кетті ме? Қазір компанияда қанша адам жұмыс істейді?
– Біз бизнесті бастағанда үлкен қаржымен емес, ең төменгі баспалдақтан бастадық, ол кезде пәтерімізді кепілдікке қойдық, көлігімізді саттық. Ал қазіргі кезде инвесторларымыз бар, әрине, олар дайын жобаға келді, ал ол кезде біз өз күшімізге сендік. 2008 жылы бізде компанияда 3-5 адам болса, 2017-де 50 қызметкер болды. «ЭКСПО» көрмесі кезінде сол кездегі қала әкімі ­Ә.Исекешевке таныстырылған «Сергек» камералары қанатқақты жоба ретіндегі өз жұмысын «ЭКСПО» шарының айналасында бастады. Бүгінде 300-ден астам қызметкеріміз бар, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен яғни «Сергек» жүйе­сі бар қалаларда кеңселер ашылған. Өз өнімдерімізді экспортқа шығарамыз, Өзбекстан, Украинамен мемлекеттік деңгейде әріптестік орнаған.
– Жобаның атын «Сергек» деп кім қойды? Өзіңіз Омбыда дүниеге келіпсіз, Павлодардың қазағы екенсіз, әлде жобаның да, компанияның атауын да қазақша қой деп біреу кеңес берді ме?
– Компанияның атын «Көркем телеком» деп өзіміз қойдық. «Сергек» жүйесінің атын да өзім ойлап тауып қойдым, оның мағынасына мән бердік. Жалпы өзім қазақша сөздерге қызығамын. Қазір «Сергек» деген атау жаңа мағынаға ие болған, халық арасында әлі «Сергек» бара қоймаған басқа қалалардағы бақылау камераларын да «сергек» деп атау әдетке айналғанын көреміз.
– Соңғы кездері елордада жол-көлік оқиғаларының азаюына «Сергек» жүйе­сінің әсері бар деген пікір айтылады. Әсіресе, полиция департаменті осындай мәлімет келтіреді.
– Нұр-Сұлтан қаласында 700 жол кешені бар. Жалпы бұл «Сергек» жүйесі жүргізушілерге ереже бұзбауға мотивация береді, бұзса айыппұл келеді, ол жерде «нөлдік төзімділік» пен «жазадан жалтармау» қағидасы бар. Тек қана жол ережесін бұзу емес, құқықбұзушылық статистикасын келтіруге болады. Мысалы, ай сайын мәлімет алған кезде Нұр-Сұлтан қаласында жолдан қаза тапқандар туралы нақты статистиканың соңғы жылы екі есеге азайғанын көреміз. Ол – өте жақсы көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда көлік жүргізу мәдениеті, жолда жүру менталитеті өзгергені байқалады. Жылдамдықты асырмау – бұл ең бірінші көрсеткіш. Адам мас болса да жылдамдықты арттырмаса, үлкен жол апаты болмайды. Жол апаттарында ең басты фактор – жылдамдықты асыру болып есептеледі.
– Бастапқыда «Сергекке» қарсылық болғанын білеміз, тіпті камераларды сындырып кеткен жағдайлар кездесті. Неге бұлай болды?
– Ол жерде біздің де кінә­міз болды, халыққа дұрыс мәлімет бере алмадық, түсінік жұмыстары жүргізілмеді, кей адамдар «Сергекті» тек қана айыппұл үшін қондырылды, ақша жекеменшік компанияға кетеді деп ойлайды. Айыппұл мемлекетке төленеді. Біздің басты мақсатымыз – жол апатын, өлім санын азайту, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік жасау, ата-аналар балаларын мектепке, балабақшаға жібергенде жолдағы қауіпсіздік үшін қорықпауы керек. Сонымен бірге «Сергек» камералары арқылы алимент не салық төлеуден жалтарып жүргендер де ұсталды.
– Білуімізше, компания құрып, осы жобаны бастауда ағаңыз Қайрат Ахметовтың ролі ерекше екен.
– Ағам Қайрат Ахметов Павлодар қаласындағы қазақ-түрік лицейінде физиканы терең оқып, Италия, Индонезия, Англияда өткен халықаралық олимпиадаларға Қазақстанның атынан қатысып, медальдарға ие болған. Кейін Мәскеу физика-техникалық институтында оқыды, ең соңғы Нобель лауреаттары сол институттан шыққан. Ағамның ойлау қабілеті ерекше. Әкеміз инженер, анамыз педагог болғандықтан білімге мән берді, мен де сол қазақ-түрік лицейінде оқыдым.
«Сергектің» басқа елдердегі осындай жүйелерден айырмашы­лығы неде, осы бағыт­та келешектегі жоспарлар қандай?
– «Сергек» жүйесі – бірегей жүйе, бағасы төмен, құрас­тыру уақыты тез, қолданған технологияларына келсек, компания классикалық IT технология емес, телеком және микроэлектроника бағыты бар. «Сергек» – тек бағдарлама емес, аппараттық жүйе, яғни мамандар бағдарламаны жазады, үстінен компьютерлік алгоритм жасалады, сонымен бірге сол бағдарламаны жолға орнату жұмыстарын да өздері жасайды, сол жерге электр қуаты байланысын әкелуді де өздері атқарады. Сондықтан Қытай, Ресей, Еуропа жүйелері бізге келгенде олар сол мәселелерді шеше алмайды, олардың жиынтықтары (комплект) ішінде батарея, байланыс блок есептелмейді екен, өйткені оларда жер астынан ұзын оптикалық кабель, электрокабель келетіндіктен, бір жерден екінші жерге қоюға мүмкіншілік жоқ. «Сергек» жиынтығында барлығы есептелген, қай жерге қойғың келсе де сегіз сағаттың ішінде орната аласың. Ағашқа да ілуге болады. Сол – инновация. Былайша айтқанда, Еуропада жол бойында оптика, интернет, электр бар, Қытайда да мемлекеттік деңгейде инфрақұрылым бізден біраз жоғары, ал біздің жүйе Қазақстанға ыңғайланып жасалған. Бұл жағынан инфрақұрылымы Қазақстанға жақын елдерде бәсекелестік артықшылық бар деуге болады. Келешекте Қазақстанның әр қаласында ғана емес, ауылдарда осы жүйені құрас­тыру жоспарда бар.
– Бизнесмен ретінде айтыңызшы, қазіргі таңда қаражатты бизнестің қай түріне салған дұрыс?
– Кейде маған келіп, ақшаны қайда салуға болады деп сұрайды. Меніңше, адам қай саланы жақсы біледі, қай саланы меңгерген болса қаражатын сонда салуы керек. Өзің білетін саланың мүмкіндіктерін пайдаланып, кездесетін қиындықтарын болжауға болады
– IT суверенитет яғни тәуелсіздігі туралы бірер сөз…
– IT суверенитет туралы айтатын болсақ, компьютерлік көру деген бар. Мысалы, сіз Қытай, Америка, Еуропа арасында бәсекелестік барын білесіз, камера болсын, телефон болсын дамыған, мысалы, планшеттен Гуглге кіресіз, телефонды сатып алғанда хабарламаларды оқуға оған рұқсат бересіз, демек, Гугл сіз туралы бәрін біледі. Әрине, біз мемлекеттік деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық корпорацияларды кіргізе алмаймыз, оның бәріне мұқият болу керек. Сондықтан біз өзіміздегі бағдарлама, алгоритмдерді мемлекеттен аттестациядан өткенде құзырлы органдарға ашып көрсетеміз, біз қазақстандық өнім болғасын бұл міндетті болмаса да ашып көрсетеміз, кодта тыңшылық әрекет жоқ. Ал біздің орнымызда шетелдік камера болса, олар сізге ашып көрсетпейді. Жалпы «компьютерлік көру» дегеннің өзі ерекше, мысалы, сіз компьютер алдыңыз, оны интернетке байламайсыз, компьютер қауіпсіздігіне кепілдігіңіз бар, ешқайда деректеріңіз шықпайтынына сенімдісіз, бірақ, компьютердің көруі бар – камераның бір жерінде портал ашық болуы мүмкін. Оны жапсаңыз да, ол көреді. Оның жұмысы – бақылау. Сондықтан біз өз тарапы­мыздан алгоритмдерді көр­сетуді дұрыс санаймыз. Осы себептен Қазақстан үшін «Сергек» сияқты жүйені жүзеге асыратын компанияның отандық болуы маңызды.
– Компания маман мәселесін қалай шешеді, IT мамандары жеткілікті ме?
– Қазақстан IT мамандарына зәру. Менің осы салаға аса жетік көп достарым шетелде, жақсы білім алсаң шетелге шыға аласың, жақсы айлық табасың. Маман тапшылығы бізге әлеуметтік жауапкершілік жүктейді. Мысалы, біз алгоритмді Үндістанда жасасақ ол екі есе арзан болар еді, бірақ, біз оны екі есе қымбатқа Қазақстанда жасадық, сөйтсек қана елімізде маман пайда болатынына көз жеткіздік. Бірнеше техникалық директор Booking-те жұмыс істейді, біз де инновациялық корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға жұмыс істей бастадық. Біз қызметкерге ертеден кешке дейін тек қана жұмыс істе демейміз, ол жұмысын өз қалауымен еркіндікте шабытты істеуі керек. Неге мамандар Google, Booking баруға құштар, онда жұмыс кесте деген жоқ, өз еркінше жасайды, біз де сол бағыттамыз, жұмыста тамақ беріледі, спортзалдар бар, кітапхана бар, маман курсқа оқи алады, біз батыс стандартын таңдап отырмыз. Батысқа шыққан мамандарды қайтару мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандық IT нарығында маман аз, шетелге кетіп қалғандардың көбі азаматтығын ауыстырмаған, сондықтан оларды қайтаруға мүмкіндік бар деп есептеймін. Әрине, әлемдік корпорацияларда, мысалы, Еуропада жақсы маман 5-6 мың евро айлық алады, біздің елде ондай айлық бере алмаймыз, бірақ, әр азаматтың бойында патриоттық сезім, осы елдің қуатын көтеру ниеті болу керек деп есептеймін. Елге қызмет ету керек.
– Пандемия кезінде «Сергек» жүйесі елге қандай пайда әкелді?
– Індет кезінде «Сер­гек» бойынша көп жұмыс істелді, бір ай бойы ұйық­тамадық десек те болады. Блокпосттарда бастапқыда қағаз журналға қаламмен жазып отырды, оны қалаға әкеледі, оны толтырып есеп береді, бұл тиімсіз, нәтижесі нөл, оны көріп отырып көмектескіміз келді, күшіміз, мамандарымыз болғандықтан арнайы қосымшаны тегін жасап бердік. Қосымшаның арқасында полиция қызметкерлері адамдармен жақын байланысқа түспей-ақ жеке куәліктегі штрих-кодты планшеттің камерасы арқылы сканерледі. Солай блокпосттан өтерде планшет арқылы бірнеше секундта деректер полиция департаментіне түседі. Бизнес үшін ақша табу басты мақсат болғанымен, қиын кезде елімізге көмектесуді парызымыз деп санадық. Пандемия кезінде 6-7 жүйе жасап енгіздік. Мәскеуде пандемияға қарсы қосымшалар сәтсіз болғаны туралы интернеттен таба аласыз, ал біздің Қазақстанда бұл нәтижелі болды деуге болады. Бұл жерде азаматтардың жеке куәлігінде штрих кодтың болуы пайдаға асты, ал бұл штрих код басқа елдерде жоқ, бұл жағынан біз оздық.

Сұхбаттасқан
Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 1 =