Сеніміңді серік ет…

0 114

Осы күні «тәңіршілдер» деген атты жамылған аз топ тек қана мұсылмандардың дін-сеніміне тиісетін болып алды. Аузымызды ашсақ, арабқұл деп азғырып, күстәналайды. Еліміздегі басқа дәстүрлі дін болсын, қаптап жатқан ағым-секталардың мәселесі оларды ойлантпайды. Айналып келіп соғатыны – ислам. «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме» дейтін сүрені білгенде мұндай әбестікке бармас еді деп өзімді жұбатамын да қоямын. Өзге дінге толеранттылық, өзгенің сенімін құрметтеу деген не? Бұл ереженің тәңіршілдерге қатысы жоқ па?!Астанаға алғаш келгенімде жетпіске жетіп қалған орыс апамның пәтерінің бір бұрышында тұрдым. Жап-жақсы, құдай деген кісі. Күйеуінің қайтқанына көп болмаған. Маған берген бөлменің жартысында Таня деген студент бар екен. Өзі залында жатады. Бұрындары көрмегенімнен болар таңғалғаным, бөлмесі жағалай үлкенді-кішілі икондарға толы екен. Таняның да кереуетінің бас жағында біреуі тұр. Сұрастыра келе, біздің әулиелерімізді дәріптегендей, бұлар да әулиелерінің суретін салып қояды екен. «Бұл – жалаңаяқ Матрона. Баласы жоққа бала береді, ауруыңнан жазады. Соғыс кезіне дейін өмір сүрген, Сталинмен кездесіп, соғыстың жайын айтқан» дейді. Өзі Санкт-Петербургке басына арнайы зиярат етіп барып келген екен. Жарайды. Менің тұсымда ілулі тұрған ештеңе жоқ. Ақшасы төленген, өз аумағымда намаз оқимын. Ешкімнің шаруасы жоқ. Тек намаздың уақытымен Таняның ас үйдегі шаруасы қатар келетін болды.
Күндердің күнінде түсіме Иса пайғамбар кірді. Дәл сол орыс апамның үстелінің үстіндегі крестке керіп қойған бейне. Басын айналдыра кигізген тікенді дестесі көзіне түсіп кетіп, аяғанымнан сәл көтеріп қойдым. Ертесіне орыс апама айтып едім, бұлан-талқаны шығып ренжігені. «Мен өмір бойы Құдайға сыйынып келемін. Бірде-бір рет түсіме енген жоқ, еще қызмет көрсетіпсің» дейді. «Айнала икондар, одан басқа түсіме не кіреді?» деп күліп қоя салдым.
Содан көп ұзамай олардың діни мерекесі басталды. Газеттің тілшісі ретінде шіркеуге жұмсады. Бармаймын деп айтуға болмайды. Жексенбі күні ақырындап алғаш рет шіркеудің есігін аттадым. Бұл да бір Жаратқанды ұлықтайтын жер ғой, мешіттегідей жәшігі болса ақша салайын деп іздеп едім, көзіме түспеді. Кіреберісінде шырақ сатып алатындардың кезегі бар екен. Кідірместен орталық залына көтеріліп, жиынның ресми басталуын күттім. Айналама ақырын көз салсам, түсіме енген бейне алдымда тұр. Жұрт жапырлап шырақ қойып жатыр. Түсім есіме түсіп, бір шырағын қоя салайын деп ойладым. Бірақ шырақ сатып алғанға дейін кезек бар, өзгелердің сенімін құрметтеп, килікпейін деп ойладым. Содан сегіз-тоғыз­дардағы бір қыз бала сол күні шоқынған екен, қасыма келіп әңгімелесті. Қолына ақша бердім. Шырақты алып келді. Өз дінің өзіңе десем де, шырақты жағу қиынға түседі екен. Соны байқады ма, қыз бала дереу менің қолымнан ұстап, өзі жақты. Енді не істейін деп дағдарып қалып едім, «мұнда» деп періште қыз қолымды апарып шырақты орнына қойды. Мен де Жаратушысына сыйынғандардың сеніміне, көңіліне қаяу түсірмей, өз сеніміме селкеу тигізбей, ойы­ма алған нәрсені оңынан түсіріп, ертесіне «Рождество рәуіштері» деген мақала жаздым. Тек бұл ғана емес, католиктердің, еврейлердің діни жетекшілерінен сұхбат алып, сабырлық, діни толеранттық, тағаттылық деген тақырыпты газет бетінде көтеріп, жазып жүрдім.
Енді мұсылман бауырлардың бір-бірінің сеніміне тағатсыз болып, сынап-мінеуінің үдеп бара жатқаны жақсылыққа апармайтын сияқты. Егер бізбен болмаса, бәрі маған жау деген сөз мына жаһандану заманында орға жығатыны анық. Өзгелердің ортасында өз дінімізді, өз сенімімізді жоғалтпай ғана өзімізді сақтап қаламыз. Осы тар жолда тәңіршілікті таңда деуге, менің дінімді жамандауға ешкімнің қақысы жоқ. Тек діни сенімдерімізде емес, тұрмыстың әрбір сәтінде бір-бірімізге мейірімді болмасақ, мына қатыгез дүниені өзгерту қиын болар…
Орыс апам не болды дейсіздер ғой. Аяқ астынан Мәскеу­дегі немересі келетін болып үйді босатқанбыз. Арада аз уақыт өткен жоқ, немересі келе алмады ма, апам қоңырау шалды. Жағдайымды біліп, бос орын барын айтып, бірге тұруға шақырды. Мен жұмысымның сол жағалауға көшіп кеткенін айтып алғысымды білдірдім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − six =