Сенімді басқару серпін берді ме?

0 53

Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Бәйтерек» монументі. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласындағы символдық мәнге ие бірегей нысандар. Аталмыш мәдени ошақтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сенімді басқаруға берілді. Қазір бұл нысандардың тынысы қалай болып жатыр? Мұны қалалық мәслихат депутаттары арнайы барып білді.БӘРІ БАЛАЛАР ҮШІН

Бұл нысанды осы жылдың басынан аталмыш компания басқаруға алған. Содан бері жақсы жағынан өзгерістер бар. Мәселен, бұрын бірер көрме өткізетіні болмаса, мәдени ошақтың іші бос тұрған еді. Ал қазір мұнда түрлі үйірмелер ашылып, тіршілік қызу қайнап жатыр.
– Біз келгеннен бұрын Тә­уелсіздік сарайындағы 38 мың шаршы метрден 250 шаршы метр ғана жалға берілген. Нысанның барлық шығыны қала бюджетінің мойнында еді. Оның үстіне пандемия басталып, барлық іс-шаралар тоқтатылды. Нысанды дамыту стратегиясы да жасалмаған. Біз сарай басшылығымен ақылдаса келе, балаларға арнап үйірмелерді ашуды ұйғардық. Идеямызды қала әкімі қолдады. Алдымен №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен бірге көркем гимнастика орталығын аштық. Оған 4300 шаршы метр берілді. Бұл – 10 гимнастика кілемі бар қаладағы жалғыз орталық. Осы спорт түрі талаптарына сай келетін ғимараттар шаһарда өте аз. Атап айтқанда, төбенің биіктігі 10 метр болуы керек. Кілемдердің ұзындығы да сәйкес келуі қажет. Барлық ғимараттар соған сай келмегендіктен, көркем гимнастикамен айналысатын балалар қаланың әр аймағындағы үйірмелерге баратын. Қазір бір жерге шоғырланды, – дейді «Astana Venue Management» ЖШС бас директоры Мәлік Хасенов.

ДИНАРАНЫҢ ШАХМАТ АКАДЕМИЯСЫ

Тәуелсіздік сарайындағы «Салтанат залында» бұрын банкеттер ұйымдастырылатын. Шектеу шараларына байланысты бұл зал би үйірмесіне берілді. Үйірмені би өнерінде танымал есім Әлия Түсіпбекова басқарады. Мұнда спорттық бал билерімен қатар қазіргі заманның билері, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған билер үйретіледі. Паралим­пиадалық билер федерациясы да осында орналасқан.
– Келесі аптада би өнерінен қала біріншілігі мен Қазақстан Республикасының кубогына жарысын өткізгелі отырмыз. Қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен бұған рұқсат берілді. Би өнерінің дамуына жағдай жасап отырған қала әкімдігіне, «Astana Venue Management» компаниясына алғысымыз шексіз, – деді Әлия Түсіпбекова.
Нысанда Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы ашылып, биылғы 8 наурыздан бастап жұмыс істеп жатыр. Қалалық мәслихат депутаты Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бұрын Динара жарыстарды өткізуге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен бөлме сұрайтын. Енді өзінің академиясының ашылғаны жақсы болды. Осында балалар 5 жастан бастап қабылданады. Осы спортты елімізде және бас қалада дамыту, балаларға әртүрлі әдістерді үйрету үшін Украинадан тәжірибелі жаттықтырушы шақыртылды.БАС ҚАЛАНЫҢ ЕСКІ МАКЕТІ КӨШІРІЛЕ МЕ?

«U» study» компьютерлік тест орталығы – Білім және ғылым министрлігінің жеке әріптесі. Бұл орталық мектеп түлектерін Тәуелсіздік сара­йында ҰБТ-ға дайындап жатыр. Қазір аталмыш нысанда 330 түлек дайындық сынақтарын тапсырып жатыр. Мәдени ошақта «Алтын домбыра» атты домбыра үйрету мектебі де ашылған.
Тәуелсіздік сарайының бір блогы Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясына жалға берілген. Қалалық мәслихат депутаты әрі филармония директоры Ерлан Дәкеновтің айтуынша, өнер ұжымы «Астана» концерт залына сыймай жатыр. Сондықтан камералық хор – барлығы 45 адам осы нысанда дайындалып жатыр.
Үшінші кабатта «Кинокио» атты балаларды кино өнеріне баулитын мектеп ашылған. Оған Марат Сәрсенбаев жетекшілік етеді. Бұл кабатта Кисе Курокаваның жобасымен астананың алғашқы бас жоспарының макеті де орналастырылған. Алайда бас жоспар содан бері бірнеше рет өзгергендіктен, бұл макет ескіріп қалды.
– Осы макет экскурсияларға арналған. Бірақ 2020 жылы мұнда екі экскурсия ғана өткізілді. Экскурсия билетінің бағасы бір адамға – 200 теңге. Өткен жылы содан кіріс 600 теңге ғана болды. Ал макет 2500 шаршы метрді алып жатыр. Бұл – өте үлкен аумақ. Қала жобасы өзгергендіктен, макеттің маңыздылығы жойылды. Мұны «Атамекен: Қазақстан картасы» мемориалдық кешеніне көшіруге болатын шығар деп ойлаймыз. Ал босаған аумақта балаларды дамыту орталығын ашсақ па деп отырмыз. Тиісті ұсыныс келіп түсті, – деді Мәлік Хасенов.
Макет өте үлкен болғандықтан, мұны көшіру жағынан енді проблема туындап отыр. Себебі қаладағы ғимараттарда тиісті аумаққа сай келетін бос орындар жоқ десе де болады. «Атамекен: Қазақстан картасының» қала жоспарына қатысты өз макеті бар. Қалалық мәслихат депутаттары осыны атап өтті. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов макетті Оқушылар сарайына көшіруді ұсынды. Оның үстіне қалада екінші Оқушылар сарайы салынып жатыр. Ал макетті түбімен жойып жіберу обал. Бірақ орнына балаларды дамыту орталығы ашылса, амал жоқ, көшіру немесе жою керек. Бұған әлі бас қатыруға тура келеді.

ТАРИХИ МАҢЫЗЫН ЕСКЕРГЕН ЖӨН

Қазір Тәуелсіздік сарайы 75 пайызға үйірмелерге толды. Оларды көбейту жағынан әлі де жоспарлар бар. Қалалық мәслихат депутаттары көргендеріне риза болды. Өз ұсыныстарын да жеткізді.
– Тәуелсіздік сарайында үйірмелердің көптеп ашылғаны дұрыс болды. «Иесіз дүние­нің бәрі қаңырап, өзінен-өзі ескіре бастайды» деп қазақтың айтатыны бар. Шөп қорыған иттей болмауымыз керек. АҚШ-тағы Ақ үйдің өзі пайда тауып жатыр. Сенбі, жексенбі күндері оған туристер барып, президенттің кабинетіне де кіре алады, – деді депутат Ерлан Сыдықов.
Оның пікірінше, Тәуелсіздік сарайының ел тарихында алатын елеулі орнын да ескеру керек.
– Мына ғимаратта елдің, әлемнің саяси тарихына қатыс­ты ірі іс-шаралар өтті. ЕҚЫҰ саммитіне 56 мемлекеттің көшбасшылары қатысты. Бұл – ел тарихында болмаған оқиға. Қаншама форумдар ұйымдастырылды. Соған бір бұрыш арнап, барлық оқиғаларды жазып қою керек, – деді Е.Сыдықов.
– Мұндай жоспарымыз бар. Қазір Тәуелсіздік сара­йында еліміздің тәуелсіздігі туралы еш ақпарат жоқ. Бұл мәліметтерді кіреберіс холында орналастыруды ойластырып отырмыз, – деді оның ұсынысына жауап берген «Astana Venue Management» компаниясының басшысы Мәлік Хасенов.

ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫН ӨТЕЙДІ

Бейбітшілік және келісім сарайын халықаралық Түркі академиясы мен «Назарбаев орталығы» ҰАҚ жалға алып отыр. Мұндағы орынжайлар, негізінен, осы екі мекемеге тиесілі. Атап айтқанда, осында Түркі академиясының музейі мен кітапханасы ашылған. «Astana Venue Management» компаниясы осы нысанды да сенімді басқаруға алған.
– Мұндағы 4800 шаршы метрден 4500 шаршы метр ақысыз негізде жалға берілген. Біз жалға алушылармен келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде мақсатымызға жеттік. Халықаралық Түркі академиясын Түрксой ұйымына кіретін бес мемлекеттің жарнасы асырап отыр. Келесі жылы жарна өсетін болды. Тиісті мемлекеттерге хабарлама жіберілді. Ол жақтардан оң жауап келді. Енді келесі жылдан бастап Түркі академиясы Бейбітшілік және келісім сарайын жалға алып отыр­ғаны үшін төлейтін болады. Бағаны қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы белгіледі. «Назарбаев орталығы» бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен сөйлестік. Олар да келесі жылдан бастап жалға алу құнын өтейді, – деді Мәлік Хасенов.
Оның айтуынша, осы нысандағы опера залы – концерттерді өткізуге арналған қаладағы таптырмас орынның бірі. Қазір бұл зал «Қазақстан» және «Хабар» арналарына түсірілім өткізуге жалға беріліп жатыр. Осы уақытқа дейін осында төрт концерт түсірілді. Түсірілімнің бір күні 750 мың теңге тұрады.

ТЕГІН ҮЙІРМЕЛЕРГЕ БАРАДЫ

Бейбітшілік және келісім сарайында балалар студиясы, балалар хоры, би сыныбы ашылған. Мұнда барлығы 380 бала барады.
– Үйірмелерге ата-аналардан ақы алмаймыз. Балалардың барлығын өнерге тегін баулып жатырмыз. Тек қана конкурс негізінде қабылдаймыз. Осы уақытқа дейін тәрбиеленушілеріміз қала филармониясының қазақ оркестрімен концерт беріп үлгеріп, Димаш Құдайбергеннің бейнебаянына түсті. Осында «Жас сарбаз» атты әскери-патриоттық қозғалыс құрдық. Олар Мәскеуге, Отарға барып, патриоттық шараларға қатысты. Нысанның толеранттық мақсатына сай болашақта үйірмелерге дипломаттардың балаларымыз да тартпақпыз, – деді Бейбітшілік және келісім сарайының директоры Дильбар Әмірова.
Келесі жылы осында Әлім діндері көшбасшыларының құрылтайын өткізу жоспарланып отыр. Оған жүз көшбасшы қатысады делінді. Ал тиісті секретариат отырысы биылғы қазан айында өтпек. Оған дейін атриумда жөндеу жұмыстарын өткізу керек. Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мамыр айын­да өтетін бюджетті нақтылауға дейін жөндеуге қажет қаржыны есептеп шығаруды ұсынды. Нысан директорының айтуынша, мәдени ошақты техникалық сараптамадан өткізуге, төртінші есіктен кіру үшін жаяу жүргіншілер өткелін салуға да қаржы керек. Себебі нысан өте тез, бір жыл, бір ай көлемінде салынған.

«БӘЙТЕРЕККЕ» ТЕХНИКАЛЫҚ САРАПТАМА КЕРЕК

«Бәйтерек» монументіне де техникалық сараптама керек. Қалалық мәслихат депутаттары оған барғанда бұл туралы нысан директоры Нарима Мұхамбеталина айтты.
– Өткен жылдың аяғында монумент сенімді басқаруға берілді. Содан бергі жетістіктеріміз бар. Проблемалар жоқ деп те айта алмаймын. Оның бәрінің шешімі бар деп ойлаймын. Қаладағы «Қазақ елі» монументі мен «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» стеласы сияқты бірегей нысандарда мониторингтің автоматты жүйесі бар. Бұл жүйе аталмыш нысандардың ауа райына сәйкес жағдайын бақылайды. «Бәйтерекке» де осындай жүйе керек. Мәселен, желдің күші секундына 15 метрге көтерілгенде, жұмысымызды тоқтатып, адамдарды шығаруымыз керек. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет. Бірегей нысандарды техникалық тексеруден жиі өткізіп отыру керек. Биыл осы жұмысты «Бәйтеректе» өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы жылы монументке кіру бағасын мың теңгеге көтердік. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Себебі осындай нысандарға кіру бағасы сәйкес болғаны жөн. Мысалы, Ұлттық музейдің «Алтын» залына кіру үшін 2 мың теңге төлеу керек. Осы музейге кірудің жалпы бағасы – 900 теңге. «ЭКСПО» музейіне кіру 1500 теңге тұрады, – деді Н.Мұхамбеталина.
М.Хасеновтің айтуынша, «Бәйтерек» бұрын өзін-өзі асырайтын. Бірақ пандемия кесірінен кіріс болмай қалды. «Astana Venue Management» компаниясы спорттық нысандардан түскен табыстан «Бәйтеректің» шығындарын жапты.
Кеше қалалық мәслихат депутаттары «Барыс Арена» спорт сарайын, «Алау» мұз айдыны сарайын және «Астана-Арена» стадионын да аралап шықты. Бұл нысандар да аталмыш компанияның сенімді басқаруына берілген. Мұндағы жағдаймен танысқан депутаттар өз ұсыныстарын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − two =