«Сенім телефонына» сенім артыңыз

0 33

Ішкі саясат басқармасы қолдауымен елордада «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының аясында психологиялық және құқықтық кеңес беру үшін «сенім телефоны» жұмыс жасап тұр. Әлемді кеулеп тұрған індеттен сақтану шаралары аясында қаламызда карантин жарияланған күннен бастап іске қосылған «сенім телефоны» елордалықтар үшін зор демеу болды. «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры төрайымы, психолог, сарапшы Лимана Қойшиева «сенім телефонының» жұмысы туралы қысқаша айтып беріп еді.– Күні бүгінге дейін 40-тан аса қоңырау түсті. СМС сұрақ жолдау­шылар да бар. Сұрақтардың басым көпшілігі ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас пен ата-ана мен бала байланысы туралы болды. Әсіресе, алғашқы 5 күндікте әр адам өз отбасымен бетпе-бет қалуға қорықты. Кейбірі ескі жараларын тырнап, кейбірі арасының алшақтап кеткенін мойындағысы келмеді. Мұндай отбасылар үшін бұл – өткен қателіктеріне, жіберіп алған олқылықтарының орнын толтырып, қайта жақындасуға, бірін-бірі тануға мүмкіндік.
Ал карантиннің келесі аптасындағы сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік жағдай туралы болды. Тұрақты жұмысы жоқ, күнделікті табысты күнкөріс етіп жүрген жандар, жалдамалы пәтерде тұратындар, сондай-ақ доллармен қарызы бар азаматтар да көмек сұрап хабарласты. Азық-түлік пен дәрі, күнделікті күн кешуіне материалдық көмек сұрағандар да бар. Бұл, әрине, менің құзыретімдегі іс емес, сондықтан мұндай көмек сұраған жандарды 109, 1406 нөміріне хабарласу керегін айтып түсіндірдік.
Қашықтан оқу басталған сәттен көбіне ата-аналар тарапынан сұрақ көп түсті. Бірі интернеттің нашар жұмыс істеп тұрғанына шағымданса, екіншісі баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді игере алмайтындығын айтып жатты. Яғни бұл – ата-ана мен бала арасындағы байланыстың белгілі бір қалыптың шегінен шыққандығы. Себебі бұған дейін оқыту тек мектеп пен мұғалімнің ісі деп ойлағандар үшін үйде оқу соққы болып тиді. Бұрын-соңды репетитормен сабақ орындап үйренген балалар үшін де оңай емес. Бірақ бала үйреніп кетеді. Мұғалімдер жағы ата-аналарға жаңа әдісті түсіндіру, тәртіпке көндіру қиын болып жатқандығы туралы жазып, көмек сұрауда.
Үйде ойын балаларын қалай ұстап отырамыз деп әлек болған ата-аналарға түрлі кеңестер көп. Бұл – шешілетін мәселе. Жасөспірімдерді тәртіпке бағындыру жағы қиындық тудыруда. «Достармен кездесемін» деп көнбейді десе, 18 жасар қыз «жігітіммен кездесуге жібермедің» деп өз-өзіне қол жұмсауға барған екен. Осыған ұқсас суицидке барамын деп ата-анасын қорқытқан 2 жағдай тіркелді.
Соңғы 2-3 күннен бері құқықтық көмек сұрап хабарласушылар саны артты. Басым бөлігі 42500 теңге әлеуметтік көмекті қалай алу керектігін сұраса, электронды құжат рәсімдеуге байланысты көмек сұрап жатқандар да бар.
Осы соңғы апта 10 жастан бастап 16 жас аралығындағы балалар хабарласып, ата-анасымен түсініспеушілік орын алып жатқаны туралы айтуда. Олардың ата-анасымен сөйлесіп, жағдайды ушықтырмай, кеңес беріп жатыр­мыз. Бәрі реттеледі деп ойлаймын.
– Қазіргі төтенше жағдай барлығына оңай тимеді. Дегенмен біз өзімізді, жақындарымызды қорғауға толық мүмкіндігіміз бар. Ол үшін маман кеңесіне құлақ түріп, тәртіпті қатаң сақтаған дұрыс. Тірлігіміз күйді екен деп ойламаңыз. Бастысы, деніңіз сау болса, әлі де алар асуың алда. Маман ретінде тағы айтар кеңесім – қашықтан жұмыс істеп жатқан ата-анаға жұмыс пен бала арасындағы үйлесімді ұстау жайлы.
Қазір баласын ауылға немесе ата-әжесіне жіберіп, қашықтан жұмыс істеп жатқан ата-аналар бар. Жұмыс пен бала арасындағы балансты ұстау үшін цифрлы технологияны пайдаланыңыз. Осы ретте әке-шешесі баласына үнемі махаббатын, сезімін білдіруі керек. Менің ойымша, мүмкіндігі болған кезде видео, аудио хабарлама жазуға тырысыңыз. Балаңыздың ойында «ата-анам мені ұмытты» деуге титтей де күмән болмасын. Қоңырау шалғаныңыз­да, хабарлама жазғаныңызда «мен сендерді бір сәт те ұмытқан жоқпын, тәртіпті болыңдар» деп айтуды естен шығармаңыз. Ұсақ-түйек нәрсені сұрап, баланы әңгімеге тартудың өзі оған жеткілікті. «Тісіңді тазаладың ба?», «ұйқыға жатуға дайындалып жатырсың ба?» деп айтудың өзі баланың көңілін аулауға септігі тиеді. Ал баланс қай кезде үзіледі? Балаңыздың не істеп жүргенінен бейхабар болғаныңызда бала шет қалғандай күй кешеді. Сондықтан осы уақыт аралығында араны суытпау үшін қамданыңыз. Аз күндерде жаман аурудың беті қайтып, балаларыңызбен табысатыныңызға сенімді болыңыз. Түптеп айтқанда, кеңес керек болса, 8-771-888-17-71 нөмірін теріңіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + nineteen =