Сенбілікте бой сергітті

0 73

Елордада өткен жалпықалалық сенбілікке мемлекеттік және жергілікті органдардың қызметкерлері, мәслихат депутаттары, еңбек ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушылар, ҚХА мүшелері, жастар, еріктілер, кәсіпкерлер, қала тұрғындары қатысты.– Экологиялық сенбілікте ағаш отырғызып, қаламыздың тазалығына атсалысқаным үшін қуаныштымын. Ағаш отырғызу мен оны күтіп-баптау бізге үлкен ләззат сыйлайды. Ботаникалық бақта 1000-нан аса түрлі ағаш отырғызылған. Бұл бақ – отбасы мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтары демалатын орын. Қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. Әсіресе, Есіл өзені елордаға ерекше көрік береді. Бас қаламызда жаңа ғимараттар күн санап бой көтеріп келеді, – деді ҚХА кеңесінің мүшесі Юсуф Келигов.
Елордалық еңбек ұжымдары мен қызметкерлердің сенбілікке белсенді атсалысуы – қоғамның қалаға деген мейірімділігінің басты белгісі. Қала тазалық аумағына айналуы тиіс. Бір ғана «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық айлығы кезеңінде елорда аумағында 16 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған.
– Қалалық мәслихат депутаттары қолдарына күрек пен тырма алып, жалпықалалық сенбілік аясында Триатлон паркінің айналасын ретке келтірді. Депутаттардың көбі сенбілікке балаларымен қатыс­ты. Жүзден астам шырша мен қайың көшеттерін отырғыздық. Депутаттық корпус атынан және жеке өз атымнан қаламызды абаттандыру мен көгалдандыруға қатысқан елорда тұрғындары мен қонақтарына алғыс айтқым келеді. Елордамыздың таза, әдемі және көрікті болғанын бәріміз қалаймыз. Қаламыздың гүлденуіне үлес қосқысы келетіндердің қатары көп екені қуантады, – дейді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
Жалпықалалық сенбілікке елорданың ақын-жазушылары да белсене атсалысты. Сенбілікке қатысушылар «Қаламгерлер аллеясында» 25 түп ағаш отырғызды. Жазушылармен бірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов та білек түріп жұмысқа кірісті.
– Бүкіл республика көлемінде сенбілік ұйымдастырылып жатыр. Осындай игі іске елордалық қаламгерлер де өз үлесін қосуға ниеттеніп, көтеріңкі көңіл күймен жиналды, – деді Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы.
Қала кәсіпкерлері де сенбілікке үлестерін қосты. «QazaqZher» ЖШС қызметкерлері Кенесары көшесінде шырша ағаштарын отырғызды.
– Біз жас компаниямыз. Соған қарамастан еліміздің, қаламыздың гүлденуіне үлес қосқымыз келеді. Сенбілік өтеді дегенде, ұжымымызбен қатысамыз деп шештік. Оның үстіне кеңсеміз орналасқан аумақта ағаш отырғызу керектігін байқаған едік. Соны іске асырайық деп ойладық. Қаланы көгалдандыруға шама келгенше барша тұрғындар қатысу керек. Әсіресе, елорданы абаттандыруға аз ғана қосқан үлесіміз басқа кәсіпкерлерге де үлгі болса екен дейміз, – дейді «QazaqZher» ЖШС директоры Алтынбек Ахметов.
Жалпықалалық сенбіліктің негізгі мақсаты – қоғамның назарын қаламыздағы тазалықты сақтау мәселесіне аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сенбілік санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 10 =