СЕНА САБАСЫНА ТҮСТІ

0 83

Өткен аптада әдетте әтір мен опа-далап астанасы аталатын Париж өзін басқа қырынан танытты. Президент сайлауы мәресіне жетіп, Батыс Еуропаның 70 млн-ға жуық тұрғынының алдағы 5 жылға саяси ұстанымы анықталды. Сонымен, бұл сайлауда социалистердің бағы жанып, олардың серкесі Франсуа Олландқа елдің тағдыры тапсырылды.

ФРАНЦУЗДАРҒА ЖАРАСАДЫ…

Батыс үлгісіндегі барлық озық идеялардың қайнар көзі, мәдениет ошағы, тұтастай әдебиет әлемі мен бірнеше төңкерістердің «авторы» – француздардың бұл таңдауын күтпеген жәйт деп айтуға әсте болмас. Кезінде, тасқа басып жаздырмаса да, келімсектерді құрықтап, тәртіп орнататынын ыммен жеткізе білген Саркози, француздардың «арабтар мен мұсылмандарға» байланысты үрейлерін дөп басып, сайлауда тап осы социалистерді шаң қаптырып кеткен болатын. Енді сырттан – қаржылық дағдарыс, іштен – әлеуметтік толқулар қыспаққа алған кезде, социалистер оны дәл солай өзінің әдісімен жеңді. Бірақ қазақшалап «ойсырата» деп айтуға келмес. Берілген дауыстар санындағы небәрі 3-4 пайыздық алшақтық, француздардың әлі де Саркозидің қол астында белбеуін ашқарынға тарта түсіп, біразға баруға дайын болғандығын көрсетеді.

Батыстың нөмірі екінші экономикасы Францияда социалистердің жеңіске жетуі, соңғы кезде қатыгезденіп, әлде есеп-қисабын түгендеп қағілезденіп бара жатқан Еуропаның саяси әлпетінде оғаш көрініп-ақ тұр. Еуропа көшбасшысы Германияның канцлері Ангела Меркельдің «көпмәдениетті қоғам қалыптастырмақ болған ниетіміздің күлі көкке ұшты» деген мәлімдемесі, «енді келімсек түрік түгілі, өз бауырымыз неміске де көмекті есеппен береміз» деген сөзбен бара-бар еді. Шынымен, қай елге де «тоңмойын» келімсектің, жәрдемақыға өмір сүру қабілеті мен бала тууда алдына жан салмағаны ұнай қоймас. Ал «мұсылмандарға» қарағанда өз бауырындай көрінетін антикалық мәдениет ошағы – гректерді сыртқа тепкен Еуропаны, ендігәрі ұлтшылдықтың сара жолына түсіп алды ма деп қалғанбыз. Ендеше, қалыптасып келе жатқан осындай біртұтас саяси бейнені өткен аптадан бері социалистік болған Франция бұзды да жіберді. Соңғы 2 жылда 500 мыңға жуық жұмыссыз пайда болып, 900-дей зауыт пен фабрикасы жабылған елдің бәрібір адамсүйгіштік идеяларды қолдауы – таң қаларлық болмағанмен, күтпеген жәйт.
Бір жағынан, француздар ешқашан саяси қисынға сай келген халық емес. Келесі айда – өткен айдағы үкіметті дар ағашына апара салатын 18 ғасырлардағы Франция – саясат сахнасында әлі де сол қалпы. Рас, соңғы кездері «Бостандық! Теңдік! Бауырластық!» деген ұлттық ұрандарынан ақырғы сөзі түсіп қалғандай еді. Зидан ендігәрі – келімсектерге байланысты либералды миграциялық саясаттың жемісі емес, болғаны ілеуде болатын бір көрініс қана. Тоқетері, француздарға барлығы жарасады.

ЕГЕР САЙЛАУДА ҰТЫЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ…

Бұрынғы ішкі істер министрі Саркозидің іскерлік қабілетіне қызықпасқа амал жоқ. Бірақ соңғы 2-3 жылда сайлаудан жеңілу үшін барлығын жасады десек, оғаш тұжырым болмас. Әдеттегі жұрт «табыстың кілтін табу сырын» қаузауға құмар болса, біз өзімізше «Сайлаудан жеңілудің Саркозише әдісін» жасап көрсек. Әйтпесе 3-4-ақ пайыз арақашықтық – ол үшін алынбайтын асу емес сияқты еді ғой? Ендеше бұрынғы президенттің соңғы екі жылдағы қылықтарын пресс-бейнесі арқылы сараптай кеіп, келесідей «жеңілу формуласына» келіп отырмыз.

1. Жұмыссыздық жайлап, кез-келген қоғамның қозғаушы күші – студенттер толқып жатқан кезде, қайдағы-жайдағыны айтып, елдің тапқазірлік мұқтажына екі қайнаса сорпасы қосылмайтын мәселемен айналысу керек. Әйтпесе, ереуілге шыққан мұғалімдерге, «ол күндеріңді әлі сағынатын боласыңдар» дегендей – жәрдемақылары мен жалақыларын қысқартуы – екінші мерзімге қалам деген адамның ісі ме? Бұл мәселелерде Саркозидің полицайлық болмысы қылаң берді десек болады: президенттік мерзімі кезіндегі «қанқұйлы» әлеуметтік бағдарламалары, Францияда Шарль де Голльдан бері ұмытылуға қараған ереуілді күшпен басу әдісін пайдалануы, Тулузадағы мектепте болған қанды оқиғада күдіктіні өлтірте салуынан – Ішкі істер Министрі Саркози қайта оянғандай.

2. Әйел. Иә, егер сайлауда ұтылғыңыз келсе… әйеліңіз бен төсегіңіздің хикаяттары үй ішінде жатпасын. Саркозидің соңғы ма, әйтеуір үшінші «нақсүйері» Карла Брунидің сөздері мен істерінен тіпті гламур өсек-аяңға үйірсек француздардың өздерін жерітіп бітті. Болашақ сайлаушыларды, әсіресе, жасырын есепшоттар мен күмәнді қаржылық транзакцияларының жария болуы қамықтырды. Дағдарыс аясында орын алған мұндай көрініс ұпай әкелмегені анық.

Сарапшылар, Саркозидің бұларға қоса – «әсіре ет тірлігі» кедергі болды дейді. Бір науқанды бастап, оны қорытып үлгірмеген қоғамға екінші науқан, үшінші ұсынысты үсті-үстіне тастай беру. Мұндай әрекет, тіпті, Саркози сияқты тұлғаның да харизмасын шайып кететінге ұқсайды.

«ЖЕҢІМПАЗДЫҢ ӘҢГІМЕСІ»

Жаңа президент Франсуа Олланд, партиялас әрі өзі аттас, Маргарет Тэтчер «қулығына найза бойламайтын президент» деп баға берген марқұм Франсуа Миттеранның саяси көшірмесі болайын деп тұрған сияқты. Бағдарының, кез келген социалистің бағдарынан айырмашылығы жоқ. Сол баяғы – қаржы алпауыттарын жөнге салу. Несие беруді және алуды шектеу. Одан қалды – Саркозидің кезінде арзан жұмысшы күші үшін Азияға ауып кеткен өндіріс ошақтарын елге қайтару. Зер салсақ, жеңіс үшін жасалған популистік мәлімдемелер де жоқ емес: халық, оның үстіне француздар сияқты халық – қашан да байларға қырын қарайды.
Ал енді сыртқы саясатқа келсек, Еуропада ағылшындар сияқты үнемі «өз жолы бар» Франция одақ ішінде өз ықпалын арттыратын сыңайлы.

Өздерін Еуропа көшбасшысы деп есептейтін Германия үшін қолайсыз ұсыныстардың алғашқы легі де басталды. Айталық, тұңғиыққа кетіп бара жатқан гректерді экономикалық тағдырдың тәлкегіне қоя беру. Меркель Грекияны сынға алғанымен, олардың Еуропалық Одақта әупірімдеп отыруына саяси және қаржылай көмектесіп, бұл мәселеде көп күш жұмсап үлгірген еді. Ал енді Меркельдің ықпалымен Брюссельде бекітіліп кеткен «Одаққа тек қана ішкі дефициті жалпыұлттық өнімнен 0,5 пайыздан аспайтын елдер ғана мүше болсын» деген мәмілеге Олландтың шүйлігуі кәдімгідей жайсыз тиді.

Сарапшылар Олландтың тұсында француздар өздері үшін өмір сүре бастайды деп отыр. Отарлаушы Франция кезіндегі болмаса, қазіргі Франция үшін ғаламдық саясаттың қызықтырып тұрғаны шамалы сияқты. Бұл ретте Қазақстанның ірі инвесторы ретіндегі рөлі де алаңдатпай қоймайды. Еліміздің мұнай, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарды өндіру саласындағы ірі әріптестің «көңіл-күйі» біз үшін де маңызды. Бір жағынан, ендігәрі Ауғанстанға әскери мүліктерін Қазақстан арқылы тасымалдай бастайтын француздар үшін еліміз, Азия-Тынық Мұхиты аймағындағы стратегиялық әріптес ретінде қызықтыратын тәрізді. Сондықтан, Францияның жаңа президентінің «әлеуметке бағытталған саясатының» салдары бізді жанап өтер деген болжам да жоқ емес.
Мақала қатталып жатқанда, Елисей алаңынан Нұрсұлтан Назарбаевқа ендігәрі бұрынғы президент Николя Саркозиден жеделхат келгені белгілі болды. Мазмұнына қарағанда, француз-қазақ қатынастары Париждің саяси көңіл-күйінен тыс болатынға ұқсайды. Экс-президент Орта Азияның көшбасшысы Қазақстанмен жемісті қарым-қатынастарды өзінің басты жетістіктерінің бірі екенін айтып өткен екен.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + seven =