Сен аман болғай, сірі жер!

0 198

Осыдан бір ай бұрын, 1 маусым күні, АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттардың Климат жөніндегі Париж келісімінен шығатынын мәлімдеді. Ол мұны Ақ үйдің алдындағы Қызғылт бақта өткен баспасөз мәслихатында жария етті. Сол шамада Мәскеуге қар түсті, ал Санкт-Петербургте бір әйел үсік шалып, қайтыс болды.
Трамптың айтуына қарағанда, климат жөніндегі келісім басқа елдерге ыңғайлы болғанымен, АҚШ-ты қолайсыз жағдайда қалдырып қойған. Ол өз сөзінде, сонымен бірге, АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау мәселесінде әлемнің лидері болып қала беретінін мәлімдеді. АҚШ-тың 45-президенті Париж келісімінен шығатынын жария ете келіп, өзінің Штаттар үшін қолайсыз халықаралық келіссөздерге, келісімдер мен одақтарға қатысудан бас тартатыны туралы сайлау алдындағы уәдесін орындап отырғанын жеткізді.

Дональд Трамптың мәлімдемесі күллі әлемге бұлтсыз күнгі найзағайдай қатты әсер етті. Ол өзінің кесімін жария­лап оралған бойда, дөңгелек кабинетке Германияның канцлері Ангела Меркель қоңырау шалып, Америка әкімшілігінің бұл шешіміне өзінің өкінішін айғақтады. Франция президенті Эммануэль Макрон да телефон соғып, АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы онымен бұл келісімнің аясында бұдан әрі келіссөз жүргізу мүмкіндігін жоққа шығаратынын баяндады.
Вашингтонның «есікті тарс жауып шығып кетуіне» Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен Австрия президенті Александр Ван дер Беллен де алаңдаушылық білдірді. Осындай өкініш білдірген мәлімдемелермен Ұлыбритания, Мексика, Жапония және басқа да елдердің басшылары да шықты. Боливия президенті Эво Моралес АҚШ билігін күтпеген жерден климат жөніндегі келісімнен шығуы арқылы «Жер-Ананы сатып кетті» деп айыптады.
Трамптың бұл шешіміне халықаралық ұйымдар да өз өкініштерін білдірді. Мысалы, БҰҰ-дағылар Трамптың тірлігін «үлкен өкінішті іс» деп атаса, Еуропалық одақтағылар Брюссельдің Париж келісімі шарттарын орындауды жал­ғас­тыра беретінін, бірақ одан АҚШ-тың шығып кетуі күллі планета үшін айтарлықтай залал келтіргелі тұрғанын мәлімдеді.
АҚШ-тың өзінде президенттің хабарламасы біраз ашу-ыза тудырды. Осыған байланысты бұл шешімге қарсы шығушылар қолдарына Париж келісімін қолдайтындарын білдірген плакаттар ұстап, Ақ үйге қарай ағылды. Бұдан бөлек, Американың Калифорния, Вашингтон және Нью-Йорк секілді 3 штатында федералды биліктің шешіміне келіспеген топтар көшеге шығып, өздерінің климат жөніндегі келісімді қолдайтындарын айғақтады. Ал The Walt Disney Company компаниясының басшысы Роберт Игер бұған қарсылық ретінде президенттің барлық кеңестері құрамынан шықты.
Осыған байланысты мейлінше шешімді пікірді америкалық миллиардер, Tesla, SpaceX және PayPal иннова­ция­лық компанияларының тең құрылтайшысы, сонымен бірге, Трамптың кеңесшілерінің бірі Илон Маск айтты. Ол «Париж келісімінен шығу Америка үшін де, әлем үшін де жақсы емес» екенін мойындай отырып, өзіне «Ақ үйдің жанындағы кеңесті тас­тап шыққаннан басқа амал қалмағанын» баяндады. Ал көп жағдайда Париж келісімі бастамашыларының бірі болған АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама одан шығу арқылы «Трамп әкімшілігінің болашақты тәрк етіп отырғанын» тілге тиек етеді. Сол сияқты Еурокомиссия өкілдері АҚШ-тың келісімнен шыққанына «өкініш білдіре келіп», мұның әлем қауымдастығы үшін «қаралы күн» екенін атап өтеді. Сонымен бір мезгілде Франция президенті Эммануэль Макрон бұдан да гөрі қатқылдау сөйлеп, «Трамп­тың бұл шешімі АҚШ-тың мүддесіне де, бүкіл планетаның болашағына да залал келтіретінін» айтты. «Климат жөнінде адаспаңыздар, – деді Макрон. – «Б» деген планетаның жоқ екені сияқты, «Б» деген жоспар да жоқ». Планетаға тасталатын көмірқышқыл газдың 14 пайы­зы АҚШ-тың үлесіне тие­ді. Осыдан-ақ Құрама Штаттардың бұл істегі алатын орны мен маңызының қаншалықты жоғары екенін байқау­ға болады.
«Америка – бірінші кезекте, Жер – ең соңынан». Президент Дональд Трамптың әрекетіне «Оскар» сыйлығының лауреа­ты, көптеген деректі фильмдер режиссері Майкл Мур осындай баға берді. Бұған дейін саяси мәселелердің бәріне бейтарап қарап келген Голливуд ашу-ызаға толы твиттерден жарылып кетуге шақ қалды. «Бүгін бүкіл әлем зардап шекті» деді актер Леонардо Ди Каприо. «Мен сізге балаларыңыз туралы, олардың балалары мен әлемнің барлық балалары туралы ойлаңызшы деп жалбарынамын» деп жазды әнші Кэти Перри президентке.
Париж келісімі деген не және Трамп мәлімдемесінің оған қандай зардаптары тиюі мүмкін, енді соған келейік. Ол 2015 жылғы 12 желтоқсанда қабылданып, 2016 жылдың қарашасында күшіне енді. Ол бұған дейінгі мазмұны ескірген Киото хаттамасының орнын басты. Келісімге 194 ел қатысып, 106 мемлекет оны ратификациялады. Былайша айтқанда, әлемнің барлық державалары адамзат баласының тарихында тұңғыш рет климаттың өзгеруін тоқтатуға бірлесіп күш салуға келісім жасасты. Әлем қауымдастығы үшін АҚШ-тың бұл келісімге қатысуының маңызы айрықша зор болды. Себебі Құрама Штаттар бұған дейін 1997 жылы қабылданған Киото келісіміне қол қойғанымен, оны ратификация жасамаған еді.

Келісімнің басты мақсаты планетадағы жаһандық температураның орташа өсімін 2100 жылға қарай Цельсий бойынша 1,5 градустан асыр­мау болып табылады. Ғалымдар жанған отыннан атмосфера қабатына тасталатын көмірқышқыл газының көлемі көбейіп кетуі нәтижесінде ауа райының күрт жылынуы планетаның экологиясы үшін орны толмас залал-зардаптарға апарып соқтыруы мүмкін дегенді айтады. Бұл үшін әлем елдерін ауаға көмірқышқыл газын жіберу мөлшерін азайтуға және көмір мен көміртегі жағудың орнына «жасыл» технологияға көшуге мәжбүр ету болып табылады.

Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-ның «жасыл энергия» тақырыбын таңдауы кездейсоқтық емес. Адамзат баламалы қуат көздеріне көмір, мұнай таусылғаннан емес, экология­лық апаттың алдын алу үшін бет бұру керек. Дамыған елдер жыл сайын (2020 жылға дейін) көмірсіз экономикаға көшулері үшін дамушы елдерге $100 млрд көлемінде қаржы беруге тиіс. Климаттың өзгеруімен күресіп жатқан қорларға айтарлықтай сомадағы қаржылар бөлінуі керек. АҚШ-тың мұның алдындағы президенті Барак Обаманың әкімшілігі 2015 жылы оларға алдағы бірнеше жылдың ішінде $3 млрд көлемінде қаражат бөлуге уәде беріп, өткен жылы соның $500 млн-ын аударып та қойған еді. Метеобақылау жүргізіле бастаған 1880 жылдан бергі ең ыстық жыл деп 2016 танылды. 2014, 2015 те ыстық жылдар.
Алайда, Дональд Трамптың қазіргі мәлімдемесі бойынша, Париж келісімінің АҚШ үшін ешқандай да пайдасы жоқ болып шықты. «Олар Америка туралы ештеңе ойламайды, ал мен ойлаймын. Барлық уақытта да ойлайтын боламын» деді ол. Атап айтқанда, келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда Құрама Штаттар 2025 жылға қарай 2,7 млн жұмыс орнын жоғалтады. Мұнда ең алдымен Трампқа дауыс берген сайлаушылардың басым бөлігі шоғырланған мұнай және көмір өндірісі салалары зардап шеккелі тұр. Әрбір мемлекет планетаның емес, өз елінің экономикалық жағдайын, сайлаушыларының әл-ауқаты артуын ғана ойласа, табиғатты жыртқыштай талқандап, бүлдіре берсе, онда Жер-­Ана жетім қалатыны, ұзамай барша адамзат апатқа ұшырайтыны ақиқат. Осы ретте АҚШ-тың қазіргі президенті өзінің жаһанды жайлап бара жатқан жылу теориясына сенбейтінін бұған дейін бірнеше рет мәлімдеп, оны «сандырақ» деп атағанын да айта кете­йік…
Париж келісіміне сай әрбір ел одан шығатынын үш жыл бұрын ескертуі керек. Ал елдің шығу процесінің өзі содан бір жыл кейін жүзеге асады. Демек, АҚШ кемінде Трамп­тың президенттік мерзімі толық біткенше ресми түрде Париж келісімінің құрамында қала береді. Бірқатар сарапшылардың айтуларынша, АҚШ-тың келісімнен шығуы әл-қуаты кем, жіліншігі бос Африка мемлекеттерін, Азия мен Оңтүстік Американың бірқатар елдерін қаржыландыру жайын нашарлатып кетеді. Мұнымен қоймай, Құрама Штаттардың бұл әрекеті басқа бірқатар елдерді соңынан ертіп әкетуі немесе олардың көміртегімен ауаны ластауды қысқарту жөніндегі іс-қимылдарын шектеп тастауы мүмкін. Мәселен, көпшілік тұрғыны жаппай жоқшылықты бастан кешіп отырған Үндістанның енді ішкі қысымға ұшырап, өз шешімін қайта қарауға мәжбүр болуы да, сондай-ақ, Ұлыбритания мен Қытайдың АҚШ-тың ізімен кетуі де ықтимал.
«Үлкен жетілік» мемлекеттерінің басшылары 27 мамырда Италияда аяқталған өзінің саммитінде Дональд Трампты Париж келісімінен шығу жөніндегі ниетінен бас тартуға үгіттеп бақты. Бірақ бәрібір онымен ортақ тіл табыса алмады. Сондықтан қорытынды декларацияда олар АҚШ-пен позициялары келіспегенін мойындауға мәжбүр болды.
Сарапшылар қазір бүкіл әлемде қалдықтарды ауаға тастау көрсеткіші бойынша 14 пайыздық үлес алатын Құрама Штаттардың өз міндеттемесін осылайша азайтып алуы жаһанның климат өзгеруінен құтылуға деген талпынысын жоққа шығарады деген қауіп айтып отыр. Мұндағы мәселе АҚШ-тың Париж келісімінен шығуына ғана тіреліп тұрған жоқ, оның соңы басқа да бірқатар елдердің кетуіне ықпал етуі ықтимал. Осындай қауіп білдірген BusinessEurope ассоциациясының бас директоры Маркус Бейрер әлі де болса Трамптың шешімі өзге елдерге, әсіресе, экономикасы дамыған мемлекеттерге дүмпу бере қоймайтын шығар деп үміттенетінін айтады.
Мұндай дабылды Америка сарапшылары да қағып жатыр. Америка прогресі орталығының президенті Ниира Танден Ақ үй басшысының бұл әрекетін «Америка экономикасы, ұлттық қауіпсіздігі мен қоғам саулығы үшін ойланбай жасалған қадам» деп атады. Сарапшы мұны «климаттың өзгеруі қазірдің өзінде бәрін барынша қымбаттатып жатыр, ол біздің әскери активімізге қауіп төндіріп, күллі әлемдегі саяси тұрақсыздық тәуекелін көтере түседі» деп түсіндірді. Ал ақпараттық технологиялар және инновациялар үкіметтік емес қорының мамандары (ITTF) АҚШ-тың «Париж келісімінен шығуы оның әлемдік көшбасылықтан бас тартуы болып табылады» деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл «келісімге деген сенімге селкеу түсіріп, басқа елдердің осы бағытты берік ұстануына кедергі келтіреді». ITTF сарапшылары мұның «АҚШ-тың енді өзара алаңдаушылық тудыратын басқа мәселелер бойынша өзге мемлекеттермен мықты альянс құруын да қиындата түсетініне» болжам жасайды.
Мұндай қадамды Трамп АҚШ-тағы қазіргі басты тақырып – президент сайлауына Ресейдің әсерінен, ықпалынан ел назарын бұру үшін қасақана жасады деген пікір де өршіп тұр. Қазіргі таңда АҚШ конгресі мен Федералдық тергеу бюросы осы мәселе бойынша тәуелсіз зерттеу, тергеу жүргізіп жатқаны белгілі. Трампты Ақ үйден кетіреміз деушілер де аз емес.
Осы дүрлігістің ортасында Трамптың шешімін құптау­шылар да табылып жатыр. Олар АҚШ басшысының қадамын қолдай отырып, Жер бетінің жаппай жылып бара жатқаны жайлы тұжырымды әлем алаяқтарының көптеген миллиард доллар ақша шашу үшін ойлап тапқан амалдары деп есептейді. Бұлардың пікірлерінше, планета климатының күрт жыли түсуі – табиғи құбылыс, ол Күннің белсенділігіне байланысты, оған адамдар ешқандай ықпал жасай алмайды. Табиғи апаттар араға жүздеген ғасырлар салып қайталанып отырады. Босқа қаржы шашу, жай әншейін әурешілік. Жел диірменмен күресу, әпенділік деген сияқты пікірлер көп.
Ал бұл мәселенің арғы астары жаһандық жылылық жалғасып кете берсе, экологиялық апат орын алмай ма, озон қабаты сөгіліп, Күн Жерді қуратып жібермей ме, ол бір кездері Жердің өз осінен айналу процесін баяулата келе тоқтатып тастамайды ма деген болжамға барып, қазық байлайды. Біз осылайша сайлаушылар мүддесі үшін «күресіп» жатқанымызда, шынында, Жер-Ана күндердің күнінде айналуын баяулатып барып кілт тоқтап қалса не болар еді? Оны көзге елестетудің өзі қазір қорқынышты. Ол адамзат дамуы барысында бұрын-соңды болмаған ғаламат апатқа алып барады.
Біздің планетаның айналу жылдамдығы сағатына 1670 шақырымды құрайды. Сондықтан ол тоқтап немесе шабандап қалған кезде тау­дың жартастарына барып соқтықпаған жануарлар мен адамдардың, ағаштар мен ғимараттардың өзі Жердің бетінен әшейіннен әшейін-ақ сыпырылып кетеді. Бұдан бөлек, мұхиттар өз инерцияларымен айналуын жалғастыра түсіп, манағы қырғыннан аман шыққан бірлі-жарым біреулерді таудай толқындарымен басып қалады. Сол сияқты осы соқтығыстардың салдарынан көптеген жер сілкіністері мен жанартаулар атқылауы орын алады.
Планетадағы тәулік 365 күнге созылады. Жердің бір жартысында жарты жыл дерлік күн шығып, жан төзгісіз ыстыққа қамалса, келесі жартысы алты айға жуық уақыт суық түннің құшағында тұрады.
Қазір Жердің ортасындағы белдеуден полюстер жүріп өтіп, экватордың екі жағын алып жатады. Сол экватордағы «өркеш» полюстерден 43 шақырым биікте тұр. Жердің айналуы тоқтаған кезде «өркеш» жойылып кетеді де, мұхиттар полюстерге қарай лап қояды. Сол кезде планетада бір алып құрлық пен екі мұхит айдыны ғана қалады.
Иә, жұрттың үрейін ұшыра бермейік, сауаты барлар мұны онсыз да біледі. Тек мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің басшысы қазақша өлең оқымайтыны өкінішті. Оқыса, дүниеден ерте өткен ақын Нұрлан Мәукенұлының мына жолдарына көзі түсіп, райы­нан қайта ма деген дәмеміз бар:
Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін-бірі жер.
Бір күні біз де барамыз,
Сен аман болғай, сірі Жер!
Жер басып жүрген адамнан туасың, өзің де жер басып жүресің, Жер-Ананың ризығын тересің, сосын қайтадан жер қойнына енесің… Тамшы топырақтан жаралып, топыраққа айналасың. Айналып тұрған жер, дөңгеленген дүние. Күн сөнгенше тоқтап қалмай айнала бер, айнала­йын, Жер-Ана дегің келеді. Оны естісе, Жаратқан иеміз. Иә, сірі Жер тірі болсын!..

Еркін ҚЫДЫР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 16 =