СЕМЕЙ СЫНАҒЫ – ҚАТЫГЕЗ ҚОҒАМНАН ҚАЛҒАН ЖАРА

0 149

7e249518f5268f738f3b9c87280a692a

Адамзат тарихында 40 жылға созылған күші мен қуаты жағынан жойқын ядролық жарылыстар Қазақстанда жасалғаны белгілі. Оған себеп, әлемдегі капиталистік және социалистік лагерьлердің екіге жарылуы, бір-біріне деген сенімсіздік, бәсекелестік, қорқыныш пен үрей. Сондықтан, Кеңес Одағының басшылары ғалымдарға арнайы тапсырмалар берген. Басты мақсат – ядролық қаруға ие болып, әлемде әскери күш-қуаты жағынан үстем болу.

Ажал сепкен тажал сынақ

Семей сынақ алаңы – ядролық жарылыстар өткізілген аймақ. Полигон бұрынғы Семей облы­сы­ның Абралы ауданын, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Сынақ аймағында 1949-1989 жылдар аралығында 500-ге жуық қуаты әртүрлі ядролық жарылыстар (90-ы –әуеде, 26-сы – жер үстінде, 354-і – жер астында) жасалды.

Алғашқы жарылыс 1949 жыл­­дың 29 тамызында таңертеңгі уа­қытта Абай және Абралы аудандары халқына алдын ала ескертпестен жасалды. Бұл жерде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен төңірегін шарпып өтіп, аспанға көтерілді. Соның салдарынан қарайып кеткен даланың тұл жа­мылғысы қалған. Мұны Семей ядролық сынақ ретінде №2 оқу полигонында РДС-1 (зымырандық көрсеткіш снаряды) плутоний зарядынан жер бетінде сынақ өткізу жарылысы деп атады. Бұл Кеңес Одағында тұңғыш атом бом­басының жарылуы еді.

Ал, 1961-62 жылдары Семей ядролық полигонында әуеде және жер үстінде 50 шақты ядролық бомба сыналды. 1963-1988 жылдары жыл сайын 14-18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Оның әсері Хиросимоға тас­тал­ған бомбадан 2,5 мың есе асып түскен еді.

1989 жылғы 12 ақпанда ке­зекті ядролық сынақ өткізілді. Үң­гірлердің бірінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радио­активті газдар шығып жат­қан. Аспанға дүр көтерілген радио­ак­тивті бұлт 30 мыңнан астам адам тұратын аумақты бүркеді. Аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда са­­ғатына 15-20 микрорентген бо­латын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түсті.

Ядролық жарылыстардың зардаптары

Сынақ аймағын радиациялық тексеруден өткізгенде, ондағы радиоактивтік заттардың мөлшері қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Семей аймағының халқы зиянды, улы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінді. Жергілікті тұрғындарды медициналық тек­серуден өткізгенде тұқым қуалай­тын ауруға шалдығуына байланыс­ты адамдардың, әсіресе, жасөс­пірімдердің арасында ерте қайтыс болу жиі кездесетіні анықталған. Сондай-ақ, қатерлі ісік, сүйек тін­дерінің ауырулары, иммунды жүйелер мен қан құрамының бұзы­луына байланысты ауруға шалдыққандар көп болды.

«Семей» ядролық полигонының жабылуы

1989 жылдың ақпан айында Семейдегі атом полигонын жабу үшін «Невада-Семей» қоз­ғалысының алғашқы митингі­сі өткізілді. Оны белгілі қоғам қай­раткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды.

Дүниежүзіндегі осындай алып ядролық қаруды жасаған сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда қол қойды. Елбасының әлем және адамзат алдындағы жауапкершілікті сезініп, дұрыс шешім қабылдағандығын дүние жүзіндегі дамыған беделді мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшылары толық қолдап, өз алғыстарын білдірді.

Ядролық сынақтар мен атом қаруы – адамзат үшін өте қауіпті. Өйткені, қазіргі жаһандық жағдайда ғылым мен техника соншалықты дамығанымен, атом стансаларын салу тиімсіз. Себебі, ғылым мен техникасы дамыған Жапонияның өзі Фукусима АЭС-інің жарылысына душар болды. Сондықтан, бүкіл дүниежүзі халқы бірлесе отырып, бір ауыздан «Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күнін» атап өтуді жалғастыруда.

Елбасының «Сынақтарды жою – біздің миссиямыз!» атты ұғымына қазіргі күнде әлем халқы қолдау білдіруде. Бастаманы БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун да қолдап, ядролық қарудың апаты мен салдарын адамзат терең түсінуге тиіс екенін ескерткен болатын.

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 10 =