СЕКСЕННІҢ СЕРПІНІ МЕ, ӘЛДЕ…

0 129

Театрлардың да жүйрігі мен шабаны бар. Бәрі бірдей өмірдің күрделі ағымына қоян-қолтық ілесіп, тіршіліктің алуан түрлі сырымен домбыраның қос ішегіндей қатар, үндесіп қана қоймай, қоғамдағы өскелең нышандарды алдымен танып, ел ертеңінің жаңа келбетін жасап, адамдардың ойындағысын, көңіліндегі ниетін мегзеп, басқаша айтсақ, қарапайым көрерменнің ыңғайына жығыла бермей, керісінше, бірер бас алда жүріп, эстетикалық жаңа талғам, философиялық соны пайым-түсі­нік,­ психологиялық тұрғыдан өз­гер­­ген қоғамға сай қалып­тасқан адамның мінез-құлқын сах­на­ға шығара алып жүр деп, әри­не, айта алмаймыз. Кезінде көрер­­мен ыңғайына жығылмай, эстетикалық, философиялық, пси­хо­логиялық тұрғыдан олардан көш ілгері жүру үлгісін ұлы режис­сер Әзірбайжан Мәмбетов көрсетіп кеткен еді. Сондықтан да осы кәсіп­тің «феномені» боп тарихта оның өшпестей боп аты қалды.Әрине, Қарағанды облыстық Сәкен Сей­фул­лин атындағы қазақ драма театрының сексен жылдық тарихына үңілсек, мақтанатын жай­лары өте көп. Өз басым отыз жыл­ға жуық осы театрдың тұрақты көрермені болғанымды, оннан астам спектакліне сын-мақала жазғанымды әрдайым сүйсініспен еске аламын. Қазақстанның халық артисі Жәмила Шашкинаның ойынын көрдім, киелі сахна өнері туралы онымен талай мәрте сыр­лас­тым да, театр тарландары Әнуар Шаймерденовтің, Торша Жабаев­тың, Өмірзақ Асылбековтің, Қай­ны­кен Әлім­баева­ның небір тамаша сахналық кейіпкерлерін тамашаладым. Әр кезең, әр жылдарда теат­р­­ға басшылық еткен Зейнолла Жақыпов­­тың ұжым жетекшісі ретін­дегі сұңғылалығын таныдым, Жақып Омаров пен Ерсайын Тәпенов режиссерлығының қыр-сырына үңілдім. Әсіресе, Е.Тәпенов режиссер болған уақыт театрдың шығармашылық тұрғыдан жаңа өрлеу тұсы деуге әбден лайық дер едім. Ол антикалық-әлемдік драматургия жауһары әйгілі «Медеяны» сахналады. Язонды Қ.Сатаев, Медеяны Ә.Аблаева ойнап, театр сүйер қауымды қатты бір дүр сілкіндіріп еді. Ойынның әсерлі болғаны сондай, қазақ арасында да әр жерде Медея есімді қыздар дүниеге келе бастаған еді. Әдебиет зерттеушілерінің өздері баяғыда ұмытып кеткен, тыйым салынғандай боп жабылып қалған ұлы Мұхтар Әуезовтің «Дос, Бедел дос» пьесасын сол кезде сахнада тірілтуі Ерсайынның шығармашылық ерлігі десек те артық емес. Ол сахналаған С.Жүнісовтің «Өліарасы» үшін театрдың бес бірдей өнерпазы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды, сө   йтіп Ерсайын Қарағанды театрының шығармашылық өрлеу жолындағы кезекті биік белесін айқындап берген болатын.

Иә, осы театр бүгіндері сексен жасқа толғанын атап өтіп жатыр. Мақтау сөздерін естіп, сый-сияпаттарын алып жатыр. Осындайда қалың көрерменге сексенге келгендегі келбетін бір көрсетіп алуы ұжым үшін әрі міндет, әрі сын. Театр жолға шықты, Павлодарлатып Астанаға ат басын тіреді, 9-11 қараша аралығында,  кейінгі жылдары өзіндік өнер Меккесіне айнала бастаған  Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының сахнасында, шағын гастрольмен ойындарын көрсетті. Тәуір деген  үш дүниесін ұсынды. Біріншісі – С.Асылбековтің «Желтоқсан түні», режиссеры А.Қырықбаев, екіншісі – қырғыз А.Жапаровтың «Жеңілтек әйелі», режиссеры С.Жұмағали, үшіншісі – Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты атақты романының желісі бойынша қойылған «Мәңгү… мәңгі…», режиссеры Б.Киекбаев. Аталған режиссерлардың қайсысы да бізге бейтаныстау көрінді. Сөйт­сек бәрі де жаңа кәсіпті игерсек деп талап етіп жүрген актерлар екен. С. Жұмағали біз танығанда кең­ тынысты, шебер артист еді. Жақын­да ғана Қырғыз Мемлекеттік өнер институтының режиссерлық курсын тәмамдапты. Әрине, мәселе кімнің, нені қойғанында емес, қалай қойғанында, спектакльді көрер­меннің қалай қабылдағанында ғой.  Осы орайда «Желтоқсан түні» сонау артта қалған 1986 жыл­ғы қан­ды оқиғаны, жазықсыз жапа шеккен жастардың қасіретін, қазақ ұлтының қабырғасын қайыстырған ауыр қайғысын еске түсірді, еге­мен­­дігіміздің қадыр-қасиетін баға­лау­ға шақырды. Осынау өзекті ой­ды жеткізу үшін режиссер Қ.Қырық­баевтың талмай ізденгені, актерлардан біртұтас ансамбль құра білгені байқалды. Көрермен сахнадан көз алмай тым-тырыс қарап, ойынның патриоттық сезімдерді қайрайтын тұстарында дүрліге де қызына қол соғып отырды.

Қырғыз драматургінің пьесасы бойынша С.Жұмағали қойған «Жеңілтек әйел» спектаклінің де әсерлі тұстары аз емес екен. Әйел тақырыбы, ана тағдыры қашан да қоғамдағы аса маңызды күрделі мәселеге жатады ғой. Тіршіліктің шешілмей жатқан тұстары көп. Мұндайда көбіне нәзік жанды әйелдер жиі сүрінеді. Біреу алданады, біреу жезөкшеліктен қағынады.Заң қатал, темір тор жібермейді. Спектакльден осындай тағдыры тәлкекке ұшыраған бишара жандардың аянышты баянын естиміз, көреміз. Көз алдымыздағы көріністер ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Бірақ сыншы ретінде айтсақ, спектакльдің әттең-ай дегізетін олпы-солпы тұстары да баршылық. Режиссердың басты қателігі, авторды ренжіткісі келмеген бе, соның ыңғайынан шыға алмай қалыпты.  Тым жақсы күйеуі, ер жетіп қалған қызы бар, отбасының сарықарын анасы  Шәйіргүл кассир, бүгінгінің алпауыт бастығы Елшінің арбауына түсіп, ақшасын алдыртып, жазықсыз жаламен сотталып кетеді. Жөн-ақ дейік. Алайда көрерменді еш бұрмасыз иландыра қоймайды. Себебі, түтіні түзу шығып тұрған отбасының сарықарын анасының, оның үстіне өмірі ішкілік ішіп көрмеген әйелдің бастығының «сенің кассир боп жұмыс істегеніңнің жеті жылдығын атап жіберейік» дегеніне аздап қылымсып барып, құлай кетуі, ақырында соның ашынасы ғана емес, араққұмар боп шыға келуі – бүгінгі нарық заманының әйеліне тән қылық деуге келмейді. Ол аз десеңіз, Шәйіргүлдің өз күйеуі Жолшыбекке (арт.Д.Молдабаев) қоятын кінәсі жоқ, демек, одан жерінетін де негіз жоқ. Елшінің (арт.Б.Ахметов) кассирдің қолындағы тиын-тебенге қызығып, қарамағындағы сарықарын әйелді арбаған ісін бүгінгі алпауытқа лайық еді деуге де ауыз бармайды. Келесі қойылымдарында режиссер осы ескертпелерді ескерер болса, түбі бұл қойылымның көрермен ұнатар спектакльдің бірі болары сөзсіз. Сондай-ақ гас­­т­рольге келген артистер мен режис­­серлардың ұстазы, белгілі театртанушы Әшірбек Сығайдың түр­ме қабырғасында отырған бес қатынның әңгімесі мен жанама баянды қысқарт, ойынды түгел Шәйіргүл тағдырына құр, сонда спектакль ширай түседі, әсері артады деген уәжіне де құлақ түрген жөн болар еді.

Афишаға қарап, Ш.Айтматовтың атақты «Боранды бекет» романы бойынша жасалған «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін көрерміз деп келгенбіз. Олай болмады, режиссер Б.Киекбаев романды жаңаша зерделепті, ішінен «мәңгүрт», «мәңгүрттік» мәселесін ойып алыпты. Шынында сахнада тек мәңгүрттер және солардың тағды­ры­на налып, ертеңі не болады деп күйінген Найман Ана (арт. Г.Рашқалиева) ғана. Мәңгүрттік жер бетіндегі жаһандану екпінімен құрып кетіп жатқан, құрып кетуге айналған шағын ұлттар мен ұлыстардың ащы тағдыры туралы философиялық толғау ғой. Жоғарыда дөңгеленген жер шары, төменде, соның бір қуысында, мәңгүрттенген адамдар. Найман Ана қанша қадалып сұраса да олар тегі түгілі өз аттарын да білмейді. Іс-әрекеттері пластикаға құрылған, бір ізбен жүреді, бірдей қимылдайды және жоғарыдан түсетін бұйрықпен. Одан басқа ештеңені білмейді де, түсінбейді де. Зомбилар ғой. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ мектептері жаппай жабылып, жастар орысша оқып, ұлттық салт-дәстүр, жөн-жоралғылардан, наным-сенімдерден алыстай баста­ған­да қазақ жазушысы Ә.Ке­кіл­баев пен қырғыз жазушысы Ш.Айтматов алдымен аңғарып, дабыл қаққан қауіпті құбылыс еді. Жойылар түрі жоқ. Әшірбек Сы­ғай айтқандай, егемендік жылда­ры қанша күш жұмсалса да әлі де қазақтың қырық пайызы өз ана тілін білмейді, үйренейінші деген ниет жоқ, халықтың тілі, діні, ділі дегенге селт етпейді. Абайша «Жегенге тоқ, күлгенге мәз» роботтанған жандар. Кей-кейде музыканың Найман Ана монологын тұншықтырып тастайтын тұстары мен Ана сөзіндегі қайталауларды және насихаттық құрғақ ақылға көшетін жерлерін ретке келтірсе, бас-аяғы жинақы және тартымды елу минуттық моноспектакль деп қабылдауға әбден болады екен.

Астана балаларына көрсетілген «Аққулар мекені» атты қызықты ер­те­­гіні айтпағанда, ересектер назарына осындай үш спектакль ұсынылды. Біз үшін маңыздысы күніне екі реттен қойылған бұл ойындарды көрермендер жылы қабылдады, сахна шеберлері сом­­­даған алуан тағдырлы кейіп­кер­лермен бірге тыныстап, бірге ойланып-толғанды, бірге сүйінді. Өмірде кездейсоқ ештеңе болмайтынына, өмір-күрес деген қағидаттың қазықтай қаттылығына көздерін тағы бір жеткізді.Байырғы Қарағанды театры болса, сексенінде серпілмесе де, шығармашылық үлкен ізденіс үстінде екенін танытты бізге. Ең бастысы облыс әкімдігі тарапынан оларға үлкен қолдау бар екен. Театр енді осыдан Алматыға сапар шегеді, аржағында Талдықорғанда да бір апта аялдамақ. Одан әрі Әзірбайжан астанасы Бакуге жол түсіп тұр. Осының бәріне қыруар қаржы бөлінгені хақ. Бұл өнерге көрсетілген қалтқысыз қамқорлық, театр ұжымын қолдау және оның жаңа директоры Сансызбай Бекболатовқа көрсетілген сенім екені даусыз.

Өтен Ахмет, өнертанушы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × three =