«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сексеннің сеңгіріндегі саңлақ

0 317

Белгілі биші, Қазақ КСР халық әртісі Болат Аюханов сексеннің сеңгіріне шықты. Астанада Қазақстан балеті мэтрінің мерейтойына және өзі негізін қалап, басқарып отырған Мемлекеттік академиялық би театрының 50 жылдығына арналған кеш өтті.

Кеш иесі балет өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өткен ғасырдың елуінші жылдары үлкен сахнаға қадам басты. Отыздан астам балет қойылымдарын қойды. Бұған қоса, «Тоғызыншы ұлдан сақтан», «Айдай сұлу Айсұлу», «Мадам Вонгтың құпиялары», т.б. көркем фильм­дерге түсіп, бірнеше кітап жазды.
Бұл кешке ­арнайы ке­­­ліп, Болат Аюхановты ме­рейтойымен құттықтаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оның балет өнері мен киноға сіңірген еңбегін, қаламының қарымын атап өтті. Астананың 20 жылдығына орай шығарылған медальмен марапаттады.

Болат Аюхановтың шәкірттері елімізде ғана емес, шетелдерде де табысты өнер көрсетуде. Штутгарт балетінің прима-балеринасы Мария Эйхвальд пен Эссен балетінің прима-балеринасы Юлия Цой да бұл кешке қатысып, ұстаздарын құттықтады.
«Бұл кеш – елу жылдық еңбегіміздің жемісі. Балетпен өнер деп өмір сүретін адамдар ғана айналысады. Мен үшін ол жанға рахат сыйлайтын бальзам іспеттес. Басында мерейтойымды өткізуге қарсы болған едім, ақыры көндім. Оның себебі алдымда әлі талай мақсаттар, жоспарлар бар, «болдым, толдым» деп айта алмаймын. Осы кешке барымды салып, бір жыл бойы дайындалдым. Бағдарламасын әзірлеп, жаңа екі қойылымды қойдым. Балет өнерінде де халтура кездеседі. Жас балет бишілеріне айтарым, саф өнер туындыларын халтурадан айыра біліңдер» деді Болат Аюханов.


Балет мэтрінің әдебиетке жақындығын оның қойған қойылым­дарынан білуге болады. Мә­селен, Шыңғыс Айтматовтың алғашқыда «Ғасырдан да ұзақ күн» болып аталып, ке­йіннен «Боранды бекет» атауына өзгерген романының желісімен «Мәңгүрт» биін қойды. Мемлекеттік академиялық би театрының репертуарында «Евгений Онегин» балеті де бар.
Болат Аюханов Ленинград хореография­лық училищесінде атақты Рудольф Нуреев­пен бірге оқыған. Кейіннен де екеуі жақсы араласты. Аюханов досына арнап бір би қойды. Осы кеште көрермендер бұл нөмермен қатар бірқатар билерді тамашалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды