СЕКСЕН ЖАСҚА – СЕГІЗ ТОМ

0 303

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені қызметкерлері еліміздің Конс­титуциясы күніне орай  ерлі-зайыпты жазушылар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази және Роза Мұқановамен кездесті.

«Қазақстан жеке мемлекет болғалы бері бес-алты қасиетті күндер бар. Соның бірі – Ата Заң күні» деген Әкім Тарази, әрі қарай жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ашаршылықтан ел ес жия алмай жатқанда дүниеге келген оның балалық шағы нағыз қиын кезеңге тап келді. Ұлы Отан соғысы басталып, ішер асқа жарымай өсті. Осының бәрін еске алып, Кеңес Одағы тұсында халқымыздың отаршылдардан көрген құқайын әңгімеледі. Алланың жарылқауымен уысымызға түскен тәуелсіздікті бағалауға шақырды. Астанамыз туралы сөз қозғап: «Бразилия деген ел өзінің астанасын салғанына алпыс жыл болды. Әлі бітіре алмай жатыр. Кения деген Африка елі өзінің астанасын сала бастағанына елу жылдан асты. Әлі бас көшесін, негізгі көшесін бітірген жоқ. Біз 800 мың халқы бар Астанамызды 15 жыл ішінде салып алдық. Бұл – адамзат тарихында болмаған жағдай» деді ол.

Санаулы күндерден кейін жазушы ағамыз 80 жасқа толады. Өзінің шығармашылығынан хабар берген ол бүгінгі күнге дейін 8 том кітап жазғанын айтты. Соның жеті томы «Фолиант» баспасынан биыл жарық көретіндігін, сегізінші томы – пьесалар жинағы келесі жылға қалып отырғанын жеткізді.

Ал, жазушының жары, қаламгер Роза Мұқанова өз сөзінде: «Мемлекет деген не? Тәуелсіздік деген не? Тәуелсіздік­тің құны қандай? дегенді осы «Атамекеннен» жас ұрпақтың біліп, тануы – үлкен жетістік. Ата Заңды өздеріңіз білесіздер, заң – халық пен билік ара­сындағы үйлесім. Заңға халық та, басшы да бағынады. Естеріңізде болса, Президентіміздің «Заңның алдында бәріміз бірдейміз» деп айтқаны бар. Заңымыз әрқашанда әділетті болсын! Құран Кәрімде бір ғажайып шындық бар. Осы біздің Ата Заңға да келеді. «Ақиқат бар жерде әділдік бар». Бұл – Құран Кәрімнің сөзі. Ақиқат дегеніміз, бүгінгі біздер үшін ол – заң. Сізбен бізге ортақ заң» деді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жө­нінде ақтарыла сөйлеп, оған өзінің де қатысқандығын жасыра алмады.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Жас­тар клубы» жұмыс істейді. Осы клуб мүшелері жазушыларды мерекемен құттықтап, елдікке шақыратын жырлар оқыды. Әкім Таразидың өмір­баянын білетіндігін көрсетті. Іс-шара Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 3 =