Сейтен-Тайжан оқиғасы

0 279

Сарыарқа қазақтары Сейтен-Тайжан деп қосарлап Кенесары заманына қатысты бiр ауыр әңгiмелердi айтады. Бұл әңгiмеде айтылатын Сейтен мен Тайжан – ағайынды азаматтар. Олардың әкесi Азынабай деген кiсi ХIХ ғасырдың 20-шы жылдары 17 мың жылқы айдаған атақты бай болған екен дейдi қариялар. Азынабайдың қыстауы Баянаула жерi болса,  жаз жайлауы – Есiлдiң бойы. Осы себептерге байланысты Азынабай тұқымы Қоңырқұлжа Құдаймендiұлының Ақмолада округ ашып, дуан салмақ болғанына қарсы шыққан. Өздерiнiң орысқа күшi келмейтiн болған соң Кенесары көтерiлiсiне қатысып, қолдап отырған. Кейiннен осы кiнәлары үшiн Тайжан Ақмолада атылды да, Сейтен Сiбiрге жер аударылды.
ХIХ ғасырдың 20-жылдары Ресейдiң қазақ жерiнiң солтүстiк бөлiгiне ендеп енуi, Жайық пен Ертiс бойынан қазақты оңтүстiкке қарай ығыстыруы, әр жерде дуан орталық­тарының салы­нуы көшпелi мал ша­руа­шылығына аса қатты соққы болып тидi. Осыған байланысты қазақ қо­лындағы мың­ғырған мал күрт азайып, жоқшылық көбейе түстi. XIX ғасыр­дың  ортасында қазақ  тарихы мен этно­графиясына қа­тысты Арқа жерiнде тамаша зерттеу­лер жүргiзген В.В.Рад­лов «нельзя от­ри­цать того, что с уста­новлением по­ряд­ка благосостояние народа умень­шилось. Внутренняя орда возле Семи­палатинска… почти разо­рена» деп жазады.
Шоқан Уәлиханов пен Мұса Шор­ма­новтың Батыс Сiбiр генерал-губер­наторының атына жазған арызында қазақтың «Жаңа низамға», яғни  1822-1824 жылдардағы реформаларға дейiнгi заманда әлдi-бай өмiр сүргенi айты­лады: «В старые времена, во время опустошительных войн и вседневной баранты, казахи были богаче, чем теперь, и повсеместные упадки слу­чались редко… Что сибирские казахи были богаче до основания приказов (дуандардың ашылуы туралы – Ж.А.) – это факт, неподверженный ни  малей­шему сомнению: стоит только пос­мотреть на число скота, который был пригоняем на Оренбургскую и Си­бирс­кую линии в конце прошлого и в начале нынешнего столетия, и на официальные  исчисления 20-х и 30-х годов (XIX ғ.-Ж.А.). В эту последнюю эпоху было немало казахов, имевших 10- тысячные табуны лошадей».
Бұл жерде Шоқан мен  Мұсаның ай­тып отырғаны, әрине, қазақтың даң­қын шығарған Сапақ, Алдажұман, Азынабай және Бапақ сияқты Сарыарқада теңдесi жоқ атақты жылқылы байлар. Қазақ арасында – «Бай болсаң Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» делiнетiн осылар. Өмiр сүрген уақыты – XIX ғасырдың бiрiн­шi жартысы. Азынабай Ақмырза­ұлының 1838 жылы қайтыс болып, сүйегiн баласы Сейтен Әзiретi сұл­танға апарып қойғаны архив дерек­терiнен белгiлi.
Жоғарыда аты аталған байлардың бәрi де XIX ғасырдың 30-жылдары жұтады. Қайырусыз жылқы баққан қалың елдi орыс отаршылдығына қарулы күреске шақырған Кенесары хан әуелi осы құт иелерiне сүйендi. Кенесары айтқан екен дейдi: «мен мақсатыма жету үшiн құдайдан Орта жүздi бер деп сұрадым, екiншi жау­жүрек батырларды сұрадым, үшiншi­ден, Аққошқар мен Алдажұманды, Азынабайдың Сейтенi мен Тайжанын сұрадым. Құдай бұл тiлегiмдi бердi. Бұлардың  жылқысы менiң әскерiме мiнетiн ат  болды, iшетiн ас болды, – деп есептедiм. Сондықтан бұлар – ме­нiң  досым, мен – бұлардың досымын. Өз­дерiң бiлесiң, бұлар – Құдай еркелет­кен адамдар. Құдай еркелеткен адам­дарды мен де еркелетуiм керек, мен құдайдан үлкен емеспiн».
Қазақ шежiресiне сүйенсек, тағы да бiр деректердiң көзi табылады. Ол –  Азынабай балаларының орыс отар­шыл үкiметiне қарсы болуының се­беп­­терi және күрес тарихы.
XIX ғасырдың 30-жылдары қазақ­тың игi жақсылары екiге жарылды. Бiр жағы қайткен күнде де алмай қоймайды деп Ресейдiң ығына  жы­ғылса, екiншi тобы қалай болған күнде де қарсыласып, қазақтың тәуелсiздiгiн қорғап өлуге бел бай­лады. Осы соңғы  топтың жуан орта­сында Азынабай ұлдары Сейтен мен Тайжан болса, ал­дыңғы топтың iшiнде Шорман сияқты азаматтар болған. Бұл алақандай қаржас елiнiң iшiнде болған жарық­шақ сол заманда бүкiл қазақ баласына тән ортақ құбылыс едi. Сонымен бiрге орысқа бодан болған ел iшiнде Ресейге жан-тәнiмен қызмет iстеген жандай­шап белсендiлер де, сен тимесең мен тиме деп әлiптiң артын бағып отыр­ғаны да аз болған жоқ.
Сейтен-Тайжан әңгiмесiн қариялар Қонырқұлжа сұлтанның шешесi Абыл ханымға ас берген  уақыттан бастап айтады. Асты ың-шыңсыз өткiзу үшiн Қонырқұлжа осы маңның қазағының iшiнде алғаш рет Омбыдан он шақты казак-орыс әскерiн алдыртқан екен. Қазақтың ас беру рәсiмiнде мылтығы сорайып, орыс әскерiнiң жүргенiн Сейтен, Тайжан ұнатпай, қалың топта наразылық бiлдiрген. Тайжанның бiрiншi рет орыс қолына түсетiн себебi – осы. Кейiн Қоңырқұлжаның билеп отырған елi Алтай-Қарпықтың  iрi билерi араласып, бұл жанжалды басқан. Қуандық – Сүйiндiк деген елдер шежiреде бiр-бiрiмен ағайынды саналады және қажет болса, төрелерге қарсы бiрiгiп те кетедi.
Ендi келiп екiншi оқиға таза шаруа­шылыққа байланысты дамиды. Оған себеп – Қоңырқұлжаның келiсiмiмен орыстың Сарыарқаның дәл ортасы­нан Ақмола бекiнiсiн сала бастауы. Саққұлақ шежiресiне құлақ түрелiк:
«Ақмола қорғанын салуға алғаш белгiленген орын Нұра өзенiнiң  бойын­дағы Ақмола дейтiн моланың жаны болатын. Ол – қазiргi қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым жерде. (Қазiргi уақытта  Тайтөбе деп аталады. – Ж. А.) Осы жерден қаланың орнын өлшеп, жаппай үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлерi бiраз адам бо­лады. Iшiнде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегалы төре бар. Сейтен, Тайжанның жайлауы бұдан көп алыс емес. Есiл өзенiнiң бойындағы Жал­ғыз­ағаш деген жер едi. Тайжан қаршы­ға салып жүрiп, осында келедi. Жөнiн бiлген соң Бегалыға қарсылық бiлдi­редi. Жерiн қызғанып: «Кетiңдер, қала салғызбаймын», – дейдi. Бегалы ыза­ланып, күш көрсетiп, ұруға айналған соң, Тайжан  жылыстап кетiп қалады.
Сейтен, Тайжанның осы дүрбелеңге байланысты жиналған жасақ жiгiттерi болады. Әлгi ерегестен бiр күн өткен соң осы жасақты алып, Тайжан қала салынғалы жатқан жерге келедi. Бегалыны ұрып, саймандарын тартып алып, көлiкке әкелген бiр жүздей жыл­қысы бар екен, оны тағы айдап кетедi. «Бұл – өлтiрген қаршығамның құны» – деп, бақташыға айтып жiбередi (Тайжан жалғыз келген күнi төрелер қаршығасын өлтiрген бола­тын). Бұл оқиғадан көп ұзамай, қаланы екiншi орыннан салуға ұйғарып, Есiл өзенiнiң бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. Аға сұлтан болып Қоңырқұл­жа тағайындалады. Ендi оған алдымен Сейтен, Тайжаннан кек алу керек. Сонымен оларға ерген ауылдарды жа­залау үшiн Бегалыны басшы қылып қырық қазақ-орыс жiбередi, мiне, Қаржастың Кенесары көтерiлiсiне қосылуына осы себеп болады».
Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы жинақ­таған қазақ шежiресi Кенесарының Ақмола маңын мекендеген Төменгi Алтайдың басшысы болған Аққош­қар Сайдалыны, Сүйiн-Жарқынды ертiп алып, Өр Алтайы Алдажұман бай­ға келiп оны ертiп алып, Орта жүзде Азынабай-Сапақ атанған Азы­на­байға келгенiн баяндайды: «орысқа қарап бағынып қойған Азынабай балалары: Тайжан қазы, Сейтен бо­лыс едi. Болыстық, қазылықты керек қылған жоқ: Кенесарыға ерiп ауды. Алтай Алдажұман бай түйеге артқан жамбыларын көлге, суға төгiп кеткен. Қаржас та ауды, Орманшы да ауды. Баянаулада Боштай аға сұлтан-дуанбасы күнi солдат алдырып, казак-орыс алдырып, Айдабол, Күлiктi қойдай қамап, иiрiп, аудырмай алып қалды. Қоңырқұлжа Қараөткелге аға сұлтан-дуанбасы о да өз тiлiн алған қазақты, орысты арқа сүйеу, таяныш қылып, алып қалды. Ауған ел Шуға, Қаратауға барғанмен, малы жерсiнбей, бара жатқанда, жолшыбай қашып, алақыстай Құдайдың құтты күнi қашып, дамыл бермеген соң, Кене­сары елдi өз еркiмен қайтармай­тұғындығын бiлген соң, жаз шыға ел тау-таудың басынан өрт салып, өрттен қашқан кiсi болып, тұра-тұра көше жөнелген де, сол көшкен бойымен Арқаға қарай ауа жөнелген».
Орыстың ресми деректерiне қара­ғанда Сейтен мен Тайжанның Кене­сары әскерiне қосылуы 1838 жылы көктемде. Бұл кезде Қаржас руының көсемi Шорман би қайтыс болған (ол 1837 ел жайлауда Ерейменде отырған кезде қайтыс болды), ел билiгi жиыр­маға жаңа келген Мұсаға көшкен. Кенесарының өзi қалың әскермен келгендiктен, шегiнетiн жер жоқ Мұса бастап қалың қаржас елi түгелдей көтерiлiске қосылды. Қазақстанның орталық мемлекеттiк архивiндегi «дело по обвинению бия Баян-Аульского округа С.Азнабаева в участии вос­стании К.Касымова» деген құжатта Сейтен өзiнiң қаржасты бастап оң­түстiкке көшкенiн әкесi Азынабайдың өлiмiмен байланыстырады: «после смерти отца своего Азнабая, тем коего отвезли с 40 человек в Ташкентский город Азырет». Бұл оқиға да көшумен қатар болғаны рас. Азынабайдың 1838 жылы өлгенiн, оның сүйегiн балалары Әзiретке апарып қойғанын Сейтеннiң құлы Тiлеген Канатеев өзiнiң орысқа көрсеткен жауабында айтады. Соны­мен қатар, оның жауа­бынан Сейтен мен Тайжанның 1838 жылы Ақмоланы шабуға тiкелей қа­тысқанын көремiз. Саққұлақ шежi­ресiнде «Келген бетте қол казар­маға қарай бет қойып едi, алдынан бiр-екi кiсi оққа ұшып, жы­ғыл­ған соң, тайып шыға бердi. Сейтен, Тайжан екеуi қо­лына екi шитi мылтық ұстаған, екеуi­нiң де белiнде шашақты ақ найза, аста­рында аузымен құс тiс­теген семiзден қатырып тастаған екi боз ат. «Абылай­лап» ұран салып ше­гiнген қолды қайта серпiп, казармаға айдады. Бiр кезде қол бет қойып, казармаға есiк пен төрдей жер қалды. Сол кезде тесiктен атқан мылтық дүрс етiп, қолдың алдына түсiп бастап жүрген Тайжанның атына оқ тиiп, мұрттай ұшты, қатардан 4-5 адам жығылды. Қол қайта серпiлдi. Тайжан бiреудiң атының құйрығынан ұстап, iлесiп, аман шығып кеттi» деп осы оқиға бүге-шiгесiне дейiн сипатталады.
Кенесарының Ақмолаға шабуы­лынан кейiн Ресей бiрден жазалау шараларына кiрiсiп кеттi. 1838 жыл­дың шiлде айының соңында жаз­ған хабарында войсковой стар­шина Карбышев Сейтен мен Тайжан ауыл­дарын Жақсы-Қоң мен Қыпшақ өзен­дерiнен жоғары Ұлытауға қарай өрлеп келе жатқан жерiнен кездестiрдi. Осы жерде Сейтен мен Тайжанның шеше­лерi, әйелдерi, қыздары аманат есебiн­де тұтқындалды. Қалған ел Баянаулаға қайтатын болды. Осы жазда  Карбы­шевтiң отряды Терiсаққанның басын­да Көкшетау деген жерде Ор­ман­шы-Төртуыл ауылдарын зеңбi­рек­пен ат­қылап, тас-талқанын шы­ғарды. Ор­ман­шы мен Қаржас рула­рының шешелерi бiр деп саналады, қиын­шылық кезде бiр-бiрiн таста­майтын елдер. Қатар көшiп бара жат­қан екi ел малынан да, жанынан да айрылып қалған-құтқаны елге қайтты.
Кенесары 1838 жылдың жел­тоқ­сан айында Батыс-Сiбiр гене­рал-губерна­торына жазған хатында кө­терiлiс­шiлердiң негiзгi талаптарына қоса (дуандардың көзiн құрту, жа­лаушы отрядтардың қырғынын тоқтату, қолға түскен тұтқындарды бо­сату, т.б.) осы Азынабай тұқымы­ның әйел-қыздарын орыс тұтқынынан босатуды талап етедi. Ақыр түбiнде осы мәселе 1839 жылы жазғытұрым Сейтен мен Тайжанның өз еркiмен орыс қолына түсуiне алып келедi.
«Өзге қазақпен жұмысы да жоқ. Бiрi болыс, бiрi қазы болып, Кенесарыға ерiп кеткендiгiнен  орыстар Азынабай балаларын ұстап алып, қара ала ағаш­қа таңдырып, Тайжанды аттырып, Сейтендi айдатып жiберген. Сол замандағы шайырлардың өлеңi:

Он жетi мың Азнабай жылқы айдаған,
Үш жерге найзасына ту байлаған.
Ол кiмнiң төбесiне құй  қазыпты,
Тайжанды атып, Сейтендi iшке айдаған!» деп бұл оқиғаны М.Ж.Кө­пей­ұлы да баяндайды. Саққұлақ шежiресi Сейтен мен Тайжанның үстiнен сот үкiмi Ақмола бекiнiсiнде айтылды дейдi. Сотты «Иван Семено­вич» деп атайды, соған қарағанда сотник Карбышевтiң осы жазалаушы сотқа қатысы болса керек.
Тайжанды қараала бағанға байлап, Ақмола бекiнiсiнде атқаны анық, сол жерде жерленгенi де белгiлi. Егер қазiргi көшелердiң есебiнен қарасақ, бекiнiс орны бiр қапталынан Жел­тоқ­сан, екiншi қапталынан Сарыарқа, қас бетiнен Кенесары көшелерiнiң ара­сында. Бекiнiстiң орталық алаңы қазiргi күнi Ирченко мен Красная көшелерiнiң қиылысына сәйкес ке­ледi. Ендеше, Тайжан батырды да сол жерде атты деп болжам жасаймыз. Тайжанның ағасы Сейтен батыр Сiбiрге жер аударылып, Березов өлке­сiнде өмiрден қайтты. Қазақ бұл жердi Қайың Тұра дейдi. I Петрдiң көмек­шiсi болған Меншиковтың, Орта жүздiң ханы боламын деп талап қыл­ған Ғұбайдолланың айдауда болған жерi. Сейтен мен Ғұбайдолла Қайың Тұрада кездескен екен дейдi, бiрақ, бұл бөлек әңгiме.

Жамбыл Артықбаев,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры

Сейтен-Тайжан әңгiмесiн қариялар Қонырқұлжа сұлтанның шешесi Абыл ханымға ас берген  уақыттан бастап айтады. Асты ың-шыңсыз өткiзу үшiн Қонырқұлжа осы маңның қазағының iшiнде алғаш рет Омбыдан он шақты казак-орыс әскерiн алдыртқан екен. Қазақтың ас беру рәсiмiнде мылтығы сорайып, орыс әскерiнiң жүргенiн Сейтен, Тайжан ұнатпай, қалың топта наразылық бiлдiрген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + six =