«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сегіз серінің шапаны

ЖАҚСЫДАН ҚАЛҒАН ЖӘДІГЕР

0 638

Таяуда тарихымыз тағы бір құнды жәдігермен толықты. Халқымыздың біртуар перзенті, серіліктің серкесі – Сегіз серінің шапаны табылды. Сегіз сері бабамыздың шын есімі – Мұхамедқанапия Баһрамұлы. Тарихи деректерде 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты Гүлтөбе-Маманай деген жерде өмірге келіп, 1854 жылы атамекенінде қайтыс болған. Сегіз серіден Біржан Сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Нұржан Наушабаев секілді еліміздің ардақтылары жас шағында өнер үйреніп, бата алған. Бабамыздың артында қалған әдеби мұралары да жетерлік. Біз бұл мақалада оған тоқталмай, серінің табылған жәдігерінің тарихы жайында сөз етуді жөн көріп отырмыз.

1846 жылы жазда Сегіз сері Сыр бойынан еліне келе жатып, Ұлытауда тұратын аға сұлтан, дуанбасы болған, Найманның ішіндегі Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Сандыбайұлы Ерденнің үйіне соғады. Оған қатты қуанған Ерден оны екі­-үш күн жібермей қонақ етіп, елді аралатып қыдыртады. Сері аттанарында Ерден мырза оған ат мінгізіп, үстіне түйе жүнінен арнайы тоқылған қымбат шапан жабады. Еліне келе жатқан Сегіз сері жолай бүгінгі Жаңаарқа ауданы аумағында 19-­ғасырдағы патша өкіметінің Ақтау әскери бекінісінде тілмаштық қызмет атқаратын, өзімен бірге Омбының Азиялық әскери училищесін оқып бітірген қимас досы Досқожаұлы Жиенәліге әдейі соғып, үйінде бірнеше күн қонақ болады. Сол жолы Сегіз сері Ерден сыйға тартқан шапанды Жиенәлінің иығына жабады. Жиенәлі атамыз 1901 жылдың күз айында немере інісі Өсіп Самайұлымен бірге Меккеде қажылықта болғанда сол шапанды үстінен тастамай киіп жүріпті. Жалпы, бұл жәдігердің қалай сақталғанын осы үлкен әулеттің ұрпағы Шалқарбек Шәйкенұлы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сол заманның үлгісіне сай өңірі мен жеңі қара барқытпен көмкерілген, астары сәтенмен жапсырылған, сырты түйенің жүнінен тоқылған сары түсті шапанды әжесі Қамила Нұржасарқызы көп жыл дар әбдіреде сақтап келген. «Әжемізден бұл шапанның соншалықты құны қанша дегенімізде: «Бұл – ардақты шапан, қос қажы атам Меккеге қажылыққа барғанда иығына жамылған, Сегіз сері бабамыздың үлкен қажы атамызға сыйлап қалдырған көзі ғой. Жарықтық, бабамыз дүние малын жинамаған сақы адам» дейтін. Үлкен ағамыз Есімбек Омарұлы Мұқанжаров Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында қызмет атқарып жүріп, 1968 жылы жеңгеміз Бақытжамал Әжібекқызымен шаңырақ құрды. Сол жолы әжеміз қасиетті шапанды аталарыңның көзі деп Есімбек ағамызға аманат етіп береді. Шапанның сыртқы матасымен түстес, кейбір тұстары күміспен көмкерілген белбеуі болған. Осы белбеу белгісіз бір себептермен жоғалып кеткен. Шапанды белбеуімен қоса таққанда күміс әшекейлері жарқырап көздің жауын алатын еді» деді Шалқарбек. Қысқасы, жәдігер Жиенәлі бабамыздың ұрпақтарының қолында бас­-аяғы 160 жыл сақталған. Енді жасы үлкейіп қалған Есімбек ақсақал серінің қымбат ескерткішін туған інісі Шәйкенұлы Шалқарбекке тапсырды. Бұл оқиғаны мен өз көзіммен көрдім.

Жақында бабасының шапаны жайындағы деректі естіп, бас қалаға Солтүстік Қазақстан өңірінен Сегіз серінің Мұстафадан тараған ұрпағы Бектас Қабиұлы Тырқаев келіп, ұлы атасының шапанын киіп, суретке түсті. Алдағы таңда Шалқарбек жәдігерді бабамыздың туған жері Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне тапсырмақ.

Қайыржан МАҚАНОВ,

ҚР мәдениет қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды