СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ

0 514

чемпик

Оның аты – Нұрсұлтан. Қазақстан тәуелсіздік алып, әлеуметтік-экономикалық тұрмысымыз тәй-тәй басқан, елдің жағдайы тәуір бір қалыпқа түсе қоймаған өліара мезгілде өмірге келген жас. Балаң шағынан өлең мен әңгіме жазып, әдебиетке бейім өскен оны ақын атасының «аузынан түсе қалғандай» десек, артық болмас. Жиырмадан жаңа асқан жігіттің спортта да ауыз толтырып айтатын жетістігі баршылық. Өзі – джиу-джитсудан әлем чемпионы.

Нұрсұлтанмен Ұлттық академиялық кітапханада таныстым. Онымен әңгімелесе келе, осындай жалын атқан жастарды тасада, ескерусіз  қалдыруға болмайтынын біліп, жазуға бекіндім.

«Атырау облысы Құлсары қаласындағы №1 мектептің тоғызыншы сыныбын үздік аяқтаған соң, Астанадағы Сауда және экономикалық колледжінің құқықтану бөліміне оқуға түстім. Кішкентай кезімнен спортты ұнаттым. Теледидардан көрген спортшылардың еңбегіне құмарттым» деген жас жігіт әкесі Мараттың себепші болуымен спорттағы жолын қазақша күрестен бастаған екен. Мектеп табалдырығында жүріп, облыстық Махамбет оқуларында жүлдегер атанып, кейін 2011 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде проза жанры бойынша дипломант болған оның алғашқы шығармалары «Қауырсын қалам», «Көкжиегім – келешегім», «Тәуелсіздік толғауы» сынды жинақтарға енген. Тіпті, оның республикалық басылым беттерінде жарқ етіп көрінген сәттері де болған.

Нұрсұлтанның атасы Аманқос Ершуовтың есімі республика жұртшылығына жақсы таныс. Елге танымал тұлғалардың бірі. Асқар таудай әкені үлгі еткен қызы Маржан  бүгінгі жас ақындардың бірі емес, бірегейі. Өнерлі отбасыдан шыққан Нұрсұлтанның да қағаз бен қаламға құмар болуы  заңдылық іспетті.

Таяуда Аргентинаның Посадас қаласында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. Ұлттық құраманың сапында өнер көрсеткен жеті спортшымыз толағай табыстарға жетіп, жаһанға жекпе-жек өнеріндегі қазақтың орнын көрсетіп қайтты. Аталмыш спорттың төрт түрінен (гошин джитсу, субмиссион, шиай, фул контакт) сайысқа түскен жігіттеріміз жиырма бір мемлекеттен жиналған 500-ден аса спортшының арасынан алаң иелерін ғана алға жіберіп, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Еншімізде – 18 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль.

77 кг салмақ дәрежесінде үш рет шаршы алаңға шыққан Нұрсұлтан  бір алтын, екі күміс медальды еншілеп, «Әлем чемпионы» атанып, алтыннан алқа тағынды. «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын қорғады.

– Өзім чемпион болған салмақтың ақтық сынына дейін Эквадор, Колумбия, Аргентина елдерінің спортшыларымен кездесіп, бәрінен басым түстім. Шешуші сәтте алаң иелерінің тағы бір атлетімен бетпе-бет келдім. Жергілікті халықтың сүйіктісіне айналып үлгерген Вергнано Джавиер маған тегеурінді қарсылық танытса да, қазаққа тән қайсарлықпен дегеніме жетіп, алтыннан алқа тақтым, – дейді Нұрсұлтан.

Біз әңгімелеп отырған әлем чемпионы Аргентинадан алған алтынның құны Қазақстан үшін қымбат болса да, өзі үшін ел біріншілігіндегі жетістіктерден аса жоғары еместігін тілге тиек етті. Өйткені, жеңіс оңай келмейтінін түсінгенінен шығар. Жеңілістер, сәтсіздіктер, қиындықтар да кездесті. Тәжірибенің жетіспегенінен дейді. Қолынан да, аяғынан да түрлі жарыстарда жарақат алып, бірнеше ай гипсте болғанында да қайраған осы жігер еді. Денсаулығына байланыс­ты академиялық демалыс ал дейді оқып жатқан жоғарғы оқу орны. Бұл жай да Нұрсұлтанның жанын қинайды. Сүйікті пәндерінен қол үзіп қалғысы жоқ. Сөйтіп, қиналып жүріп колледжде де, институтта да сабағынан қалмаған. Үздіктер қатарынан көрінген. Өзін қиналған сәттерінде демеген бірге оқыған курстас достарының адамгершілігін ұмытпайды. Жарыстан жарақат алып, балдақпен, гипспен  жүрген кезінде, достары кезек-кезек болашақ әлем чемпионын машиналарымен сабаққа апарып, әкеліп жүріпті.

Сол кездерде өзі оқитын Еуразия гуманитарлық институтының сайтында «Сегіз қырлы студент» атты мақала жарияланып, онда ұстаздар қауымы «Нұрсұлтан Ершуов – болашағынан үміт күттіретін озық ойлы жас» деп сенім білдіреді.

Сондай-ақ, ол өзіне білім-тәлім берген ардақты ұстаздарын, ЕАГИ-дің ректоры Амангелді Құсайыновты, профессорлар Қайырбек Мұқажановты, Алмат Аманбаевты және спорттағы бапкерлерін мақтаныш ететіні туралы сөз арасында айта кетті. АДС Джиу-джитсу және шын Айкидо федерациясының негізін қалаушы Саят Ержанов пен «Қол сайысының  қалалық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Мақсат Шабданбеков – Астанада Джиу-джитсу, дзюдомен қоян-қолтық күрес өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан азаматтар, үйретуден жалықпайтын, қатал талап қоя білетін жаттықтырушылар. Олардың алдын көрген шәкірттері спорт додоларында жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

-Біздің Виталий Вальерович деген жаттықтырушымыз болатын. Зейнет жасына жетіп қалған бұл ағайымыздың жұмысы  күнде жаттығуға келген балаларды тізімдеп, журналға тіркеп отыратын. Қашан көрсең де қолынан кітап түспейтін кітапқұмар адам. Сөйлеп кетсе, орыс әдебиетінің білгірі. Бұл мені қызықтырды. Бір күні ол кісіден: «Жеке кітапханаңыздан маған оқуға кітап бересіз бе?», – деп сұрадым. Виталий Вальерович маған Исай Калашниковтың «Жестокий век» деген романын оқуға берді. Бурят жазушысының Шыңғыс хан туралы романының тілі жеңіл, оқиғасы қызғылықты екен. Сондай ұнады, – дейді Нұрсұлтан. Сондай-ақ, ол күле отырып, достарының «Қазақфильмде» кастинг болып жатыр, барсаңшы немесе телеарналар кастинг жариялапты деп хабарлап жататынын айтады. Бірақ, өзі кино немесе телеарна жұлдызы болуға қызықпайды.

Аргентинадағы чемпионат кезінде Нұрсұлтан ағылшын тілін меңгеруінің арқасында біздің құраманың әр мүшесі мен шет елдік тұлғалар арасында тілмәш қызметін атқарған екен. Қазақ «бесаспап жігіт» деп осындайда айтса керек.

Қазір ағылшын тілін тереңдетіп оқып жүр. Болашақтағы арман-мақсаты – құқықтану саласы бойынша білімін жетілдіріп, жақсы маман болу, еліне қызмет ету.

Бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманның орнауына себепші болған Елбасымыздың құрметіне Нұрсұлтан есімін иемденген сұлу келбетті, кең иықты жас жігіттің қоңыр күзде алтын жүлдемен исі қазақты қуанышқа бөлегені ұмытыла қоймас. Нұрсұлтанмен аз ғана уақыт әңгімелескен  соң мен оның әлі де талай асуды бағындыруына тілеулес болып қала бердім. Өйткені, арманы биік адамның алар асуы да биік демей ме халқымыз?!

 

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 9 =