СЕГІЗ КІТАПҚА САЯХАТ

0 181

Бұл кітаптар менің қолыма ораза қарсаңында түсті. Қызыл күрең мұқабамен шыққан рухани дүниеліктер сыртқы тысымен-ақ «мені оқы» деп жұтынып-ақ тұр. 

999

Кейінгі жиырма жылда намаз оқып, ауыз бекітетін едім. Отыз күн ора­заға да көн­дігіп алғанмын. Өзің­ді бір қа­лыпта ұстап, кү­нәлі істерден тыйылуың керек. Қысыр қылжақ, қағытпа сөз бен шымшымадан қашық бол­ғаның жөн. Іште тамақ жоқ, оның үстіне ұйқы шала. «Арық қой тырысқақ, аш адам ұрыс­қақтың» керімен ораза айын­да әлдекіммен жүз шайысып қалсаң, күнәлі болу былай тұр­сын, денсаулығың бүлінеді. Содан да оразада аузымды сөзден тыйып, «құлыптап» тастаймын. Қаламды да қаңтарып қоямын. Түннің қысқарып, күннің ұзарған сәтіне тұспа-тұс келген (өткен жылғы) ораза маған ауыр соқты. Бүктеліп жата бергенше деп Қайсар Әлімнің сегіз томдық шығармалар жинағын отыз күн оразада ермек еттім. Бейнелеп айтқанда, қалам­гердің рухани дүниелеріне саяхат жасадым.
Қайсармен таныстығым бер­тінде. Оны «тауып алған» өзім. Ұзынқұлақ арқылы хабарласып, содан таныс-білістігіміз сыйластыққа ұласып кетті. Мен тұрып жатқан Ақадырда Қайсардың құдалары бар. Соларға шапқылап кеп тұрады. Суретіне қарап, ер кейпіне көз тойдыратын едім. Кесек бітімді азаматтың қабағында бар қазақтың уайымы тұрғандай көрінетін. Жүз көріскендегі әсерім басқаша боп шықты. Құтты өзімнен (түр-тұлғасы емес) аунымаған біреу тұрды қарсы алдымда. Сәтте жылып салған мен оның дөң маңдайы­нан емірене иіскегенде, жоғал­тып алған бауырыммен ұшы­расқандай әсерде ішім есіліп сала бергені. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, алдамаған кім қалды тірі жанда» деп ұлы ақын толғағандай, кімді-кім жетістіргендей. Болмашы бақ, аздаған дәулетке (байлық емес, баршылыққа да жатпайды) қол жеткізген бауырларымыз сен тұрмақ, өзінің қазақ екенін де ұмытуға бар. Жас болсаң бір сәрі, жұқарып тоза бастаған қалтақ шалға не болса сол уайым. Жалғыз мен емес, қалам ұстайтындардың басқалардан бір уайымы артық келеді. Сол уайым оларды көп жағдайда көз түрткіге ұшыратады. Қайсар уайымын шығарма астарына сіңіруге машықтанып алған екен. Бұл оның жазу стиліне айналып кеткен. Азаматтық болмысында да өзгеге ұқсамайтын кәнігі қарапайымдылық «мен мұндалап» тұрады десем, артық айтқандық болмас.
Оны алғаш көргендегі әсе­рім­ді аздап айттым. «Өзімнен аунымай қалғанын» қалайша түсіндірсем екен. Ауылдық мектепте жиырма жыл бала оқыттым. Бір жолы аудандық (Жаңаарқа) партия комитетінің нұсқаушысы келе қалды. Ши­рақшыған ол мұғалімдерге тиісе бастады. Біреуінің шаш қойысын сынады. Екінші біреуінің киім киісіне сын айтты. Маған мектепке галстук тақпай келетінің қалай деп шүйлікпесі бар ма! Өлең жазып екпіндеп жүрген кезім. Әлгіні сөзбен шаншып тастадым. Күні бүгін галстук тақпаймын. Балалық шағымыз соғыстан кейінгі елуінші жылдармен тұспа-тұс келген біздер жыртық киіммен жүріп жетілдік. Сол жоқшылық жылдардан қалған ғадет мені, өзгені қайдам, «жабылық тір­шіліктен» (Қалиханның сөз саптасы) айырмай келеді. Бір киер киім деген менде болмайды. Бала-шаға бар дегендей. Іште ой бар. Соны сыртқа шығаруың керек. Әдемілеп киінсең, сіресіп қаласың. Сыртын әспеттеген адамнан ой қашып кетеді. Іні-досым Қайсармен алғаш жүздескен сәттегі оның бітім-болмысының менімен үйлес екендігін байқап қалған едім.
Әке-шешесі атын дұрыс қойған. Қайсардың қай­сар­лығы қаламында. Жай ғана тікектеген сумақай қалам емес, майда жүрісті жорға қалам. Жазатын тақырыбын таба білген оның кейіпкерлері шетінен кесек. Торғайдың топ жар­ған­дарын ақ қағазға мөлдіретіп түсіреді. Ол бірде Карелияға сапарлап бара жатады. Қасында қазақтың шоң азаматы, Ағыбай батырдың ұрпағы, ғалым Марат Әбсемет бар. Міржақып Дулатовтың қабірін іздеп тапқан Марат болатын. Қайсар оның азаматтық бейнесіне көлеңке түсірмей, Маратты жол жазба­ларында көтермелеп отырады. Ішің жылиды. Ұсақ пенде­ші­ліктен ада Қайсар қаламы шын­шылдығынан танбайды.
Қайсар көркем прозаны да жап-жақсы меңгерген. Сөзді талғап, таңдап қолданады. Сөз­дік қоры өте бай. Әсіре жал­тырақ сөз оралымдары шығармаларында сирек кездеседі. Прозаның деталь, штрихтерін жол жазбалары мен естеліктерінде шебер қолданады. Сырбай көкесін, Ғафу ағасын жазып кеткенде, Қайсардың қаламы желдірте жөнеледі. Мұншалықты жүрегі кең болар ма іні-досымның?! Торғайдың арда күреңдерінің бірін қалдырмай жазады-ау! Жай ғана жаза салу деген онда жоқ. Жүрегін сағынышқа малындырып отырып жазады. Бір сарындылықтан ада. Қайсардың жүрдек қаламының өрісі кең. Сол рухани өрісті жалықпай шарлап, қазақ сөз өнерінің тұлпар тегеурінді тұлғалары Нұрхан Ахметбековті, Сырбайды, Ғафуды елжіреп, еміне отырып жазғанын бір сәт, жақсы мағынасында, қызғанып та кетесің. Серік Тұрғынбеков пен «Әй, әй, ақын»… Қонысбай Әбіл де Қайсардың қаламынан шет қалмайды. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатының» кейіпкерлері Сұлтанбек пен Бәтима да назарында. Кеңшілік ақынмен болған әңгімелері сағыныш тудырады. Қара сөздің барлық жанрларында қаламын жаншыған менің іні-досым өлеңді де бір кісідей талдайды.
Мәриям Хакімжанова қазақ әйеліне тән парасатымен, ақындық үлкен жү­регімен халық санасында қалғанын тағы да осы Қайсар жазады-ау! Жай жазып қана қоймай, жүрегіңе аяушылық тудырып, мөлдіретіп жазады. Сексендегі ақ шашты ақынның туған ауылына барып, ел-жұртымен жүздескендегі сәтін еш қоспасыз дәлме-дәл түсіреді. Жүрегі әлсіреген дімкәс ақын­ның сатымен жоғарыға көтерілгенін сипаттап жазғанда, көзіңе жас келеді. Анаң түседі есіңе. Менің таңым бар. Торғай топырағынан шыққандар шетінен асыл. Бірінен бірі өтеді. Еңбек адамдары Кәмшат Дөненбаева, Жансұлтан Де­меевтің өзі неге тұрады!
Солардың өшпес бейнесін көркем тілмен сомдаған бей­нетқор Қайсар Әлім де тегін емес. Осы күні қалам ұста­ған­дарда құн қалмады. Қаптаған жаз­ғыштар әр ауылдан өріп шықты. Бұрын бәріміз де кедей таптан шыққанбыз деуші едік. Аяқ астынан байдың, батырдың тұқы­мымыз деп өзеурейтінді шығардық. Шатпақтап есте­лік жазады. Шежіре жазады. Жаз­ғандары нысанаға дөп түсіп жатса, оған да шүкір дерсің. Содан барып сөз өнеріне көлеңке түседі. Анау да жазғыш, мынау да жүйрік. Жазсаң Қайсарша жаз дегенге кім тоқтайды? Кітапта дәм қалмады. Осыдан кейін қөркем әдебиеттің кұны кемімегенде қайтеді. Көркем фильмді талға­май көруге бармыз. Көркем әдебиетке келгенде осқырынып шыға келеміз. Әдебиеттің қай саласы болмасын, көркем тілдің жемісі. Тілден құнар кеткен соң, сөз өнерінің бәсі төмендейді. Қасиетіне көлеңке түседі. Қайсар сынды әдебиеттің өз тумасына бүйрегіміздің бұруы тегін емес.
Қайсар – әмбебап қаламгер. Ұлылар шыққан киелі топы­рақта кіндік қаны тамған. Біз оны бірегей дарын деп аспандатудан аулақпыз. Табиғаты қазақ даласынан тамыр тартқан еңбекқорлығына тәнтіміз. Ол жорналшы ағаларынан, қалам­дас достарынан өзін әсте жоғары қоймайды.
Қайсардың жазбалары мұны­мен таусылмайды. Сипаттап шығуға қол талады. Айт­пақшы, жақсының тұяғы Гүлнәр Дулатова апасына арна­ған естелігінен май тамады-ау.
Енді ақырындап Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұр­шайықов пен Қайсардың шы­ғармашылық байланысына, достығына тоқталайық. Екі-үш кітаптан тұратын жазбаларды (хаттар, әңгімелесулер, сыр-сұхбаттар) оқығаныңда, аузыңның суы құриды. Эпис­толярлык хикаятқа жататын «Махаббат жыршысы» кітабы сонылығымен сүйсіндіреді. Қазақта «Бір жақсының бір жаманы болады» деген әдемі сөз бар. Абайдың «бір жаманы» – Көкбай ақын. Ғабит Мүсірепов Медеу Сәрсеке мен Ғафу ақынды жақын тартқан. Тәкен Әлімқұлов Қалиханға ыңғай берген. Әзілхан Нұршайықовтың Қайсарға ықыласының артуында бәлендей жұмбақ жоқ. Әзекең көп жүгірген жүйрік. Мұншалықты өнікті жазған қаламгердің сыр ашысып, мұң бөлісетін бір жақыны болуға тиісті. Қартайып суы қайта бастаған Әзекеңнің Қайсарға таңдауының түсуі тегін емес. Біріншіден, Қайсар жақсы ауылдың баласы. Екіншіден, қаламы мәнерлі де мәдениетті сөз ұстасы. Кісілік қалпы да қарапайым.
Күнделіктеріне де зер салдым. Жалған дү­­ние­нің көлеңкесін қоп­сы­т­қаннан гөрі өмірдің жарқын тұстарына қаламмен сәуле түсіруге бейім ақпейіл ініміз Тәуелсіз Қазақстанын қара сөзбен жалықпай жырлап келе жатқанына сүйсінесің. Шығар­машылық жолы облыстық «Қостанай таңы» газетінен бастау алып, «Арқа ажарында» жалғасқаны – тәңір сыба­ғасындай сәттіліктер. Одан еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» өнімді мақалалар туындатқаны күні кеше ғана. Қайсардың жорналшылдық қарымы бас газетіміздің беттерінде қалың қазақ оқырманына жетіп жатты. Сондай-ақ, әртүрлі жанрдағы 26 кітаптың авторы ретінде («Мәңгілік шер», «Махаббат жыршысы», «Сейілмейтін мұң», «Алашшыл жүрек», «Мекке, Мәдинам менің!», «Кәусар», т.б.) ол әдебиет ісіне мейлінше адалдығымен ерекшеленеді.
Ауылда жатсам да, осы бір мазасыз қаламшының еңбек­терін газеттен іздеп жүріп оқитын едім. Қайсар қаламына деген ағалық тілеулестігім достыққа ұласып кеткені – мен үшін жарастықты жағдай. Біз, алғы буын, соңымыздағы інілерімізді жас көреміз. Бақсақ, олар да бізді өкшелеп қалыпты. Сол інілерімізің бірі – Қайсар Әлім де жетпістің жел күреңіне ер салыпты. Жетпіс – жігіт жасы. Әсіп атасы жүзге келіпті. Көкесі Сапабек Әсіпов жүз жас­ты мұғдарлап ол жатыр. Көп жаса­ғандардың сарқытын ішкен, батасын алған Қайсарға Сапабек көкесінің қуатын, жасын тілейміз. Қазақстан көп жасайтындар еліне айналарына сенім мол. Лайымда солай болғай-ақ!

Өмір КӘРІПҰЛЫ, жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − seven =