«SCHOOLBUS» – СЕНІМДІ ҚЫЗМЕТ

0 105

IMG

Қала көшелерінің бірінде кетіп бара жатып, жол бойындағы қаптаған көліктің ішінен сап-сары түсімен дараланып, өзгелерге қарағанда асықпай қозғалып келе жатқан шағын автобусқа көзіміз түсті. Бірден америкалық киноларда жиі көрсетілетін балалар автобусы еске түспесі бар ма? Ойымыздың арнасы дұрыс екенін қабырғасындағы «Schoolbus» деген жазуды оқығанда түсіндік. Сол сәтте санамызда сан сұрақ туындап үлгерген еді. Мән-жайды анықтау үшін жауаптарын іздестіре бастадық…

Ең алдымен, автобус атауын Google досымыздан сұрап, табылған мекенжайға жол тарттық. «Highvill» тұрғын үй кешенінде орналасқан кішігірім ғана кеңсе ішінен бізді өзін Альберт Ни деп таныстырған «Schoolbus» директоры жылы қарсы алып, істің неден бастау алғанын баяндай бастады.

2013 жылы жұмыс бабымен жанұясын ертіп, Атыраудан Астанаға көшіп келген ол кішкентай қызын балабақшаға орналастырады. Үнемі жиналыстарға қатысып, іссапарларға кетуге тура келетіндіктен, олардың алдынан баланы балабақшаға жеткізу мәселесі шыға келеді. Жұбайымен бірге тасымалдауды жүзеге асыратын бірде-бір компанияны таппай қиналады. Ал такси шақырып, ұзақ күтеміз деп, баратын жерлеріне талай рет кешігіпті. Сол кезде Аль­бертке балаларды тасымалдаумен айналысатын компания құру туралы ой келеді. Өзі келген жұмыс филиалы қайтадан Атырауға ауысқанда, олар елордада қалуды жөн санап, «тәуекел» деп, алғашқыда ойға келген осы қиялды өмірде орындауға кіріседі. «Ең әуелі, әке ретінде баламды кімге сеніп тапсыратынымды ойладым. Мысалы, жолшыбай такси тоқтатсам да, алдын ала шақыртсам да, олар уақыттың тығыздығына байланысты жолда ұшып жүріп, ылғи да рациямен не ұялы телефонмен сөйлесетіндіктен, қызметтеріне күмәнмен қараймын. Тіпті, олардың нақты келетіндігіне де сенімді бола алмаймыз» дейді Альберт Ни. Балалар көлігінің стандарттық талаптарын жете зерттеп, заңгерлермен кеңесе келе, ол мәскеуліктермен байланыс орнатады. Олар атынан-ақ заты түсінікті болатын компанияны «Schoolbus» деп атайды. Логотипті де сол мәскеуліктер ұсынады.

Сонымен, Роберт Сираев атты жүргізушінің тапсырыс уақыты жақындап, қызмет сапасын көзбен көру үшін сары көлікке біз де отырдық. Бұл бес балаға арналған минивэн екен. Орындықтары ыңғайлы, кішкентай бала­ларға арналған арнайы креслолар да бар. Айтылғандай-ақ, автобус сағатына 60 км жылдам­дықпен жүріп келеді. Алдындағы камера арқылы ­сырттағы жол мен салон іші таспаға жазылуда. Милан кварталындағы «Бэби клубтан» көлікке 4 жа­сар кішкентай қыз бен бір әйел кісі ыңғайлы жайғасып алғаны сол еді, бүлдіршін қыңқыл­дап та үлгерген жоқ, салонға орнатылған экран­нан «Маша и медведь» мультфильмі көрсетіліп, кішкентайдың бар назары соған ауды. Ал, қа­сындағысы бала күтушісі болып шықты. «Өте ыңғайлы автобус. Бастысы, кешігу деген жоқ. Уақытымен, кейде тіпті ерте келеді. «Меруерт, автобус келді» десем болғаны, мәз болып, есікке қарай жүгіреді. Жол бойы теледидардан мульт­фильмдер көреді» дейді күтушісі Қаламқас Жекебаева. Олар үйдің жанынан түсті. Ал, жүргізуші болса, бізге тағы бір ақпарат айта кетті. Ата-ана баланың алдынан шыға алмаған күнде, жүргізуші оны есігіне дейін шығарып салады екен.

Бүгінгі күні әр ата-ана өздеріне берілген логин арқылы сайтқа кіріп, автобустың қай жерде кетіп бара жатқанын GPS арқылы көре алады. Ал, компания директорының айтуынша, бала көлікке мініп-түскен кезде ата-ананың телефондарына автоматты түрде хабарлама келіп тұратындай бағдарлама жасалуда.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =