САЯТ МЕДЕУОВ: ДОСТАРЫМ МЕНІ «АВТОСЫНШЫ» ДЕП АТАЙДЫ

0 189

Сәлеметсіз бе, Саят аға? Сіздің шығармашылығыңыз қатты ұнайды. Бірақ, кейінгі кезде жаңа әндеріңізді естімейтін болдық. Қазір қайдасыз?
Аяулым ӘЗИБЕКОВА, студент

Қазір жастардың көбі арзан сөзді әндерге құмар болып кетті. Менің ондайға жолағым келмейді. Сөздің салмағы болғаны дұрыс қой. Екіншіден, жаңа ән жаздырмай жатқаным жоқ. Жаздырып жатырмын. Көбінесе «Қазақ радиосы» мен «Шалқардан» беріліп тұрады.

Эстрада жұлдыздарының арасынан қазақи, қарапайым болмыспен өнерде өзіндік қолтаңба қалыптастырған әншісіз. Шығармашылық кешіңізді қашан өткізесіз?
Айым КАРИМОВА, оқырман

Ол ойда бар. Биыл күзде жоспарлап отырмын. Бұл – қаражаттың ыңғайына қарай жүзеге асатын жұмыс.

Әншілердің көбі «Екі жұлдыз», «Кеш жарық» сынды жобаларға қатысып жүр. Сондай шоулардан сізді неге көрмейміз?
Инара АРМАНҚЫЗЫ, оқырман

– Біріншіден, ол шоуларға шақырмағанына қатты қуандым. Екіншіден, соған қатысуға аса бір құлқым да жоқ. «Екі жұлдызға» қатысар болсаң, ұйымдастырушылар не ки десе, соны киіп, не істесе десе, соны істеуге мәжбүрсің.

Бір сұхбатыңызда достарым «автосыншы» деп атайды депсіз. Осы уақытқа дейін қанша көлік міндіңіз?
Ерасыл ҚАЖЫХАНОВ, оқырман

– Автокөліктерімнің ұзын-саны жиырмаға жетіпті. Байлығым тасып бара жатқаннан немесе мақтанғаннан емес, көлікті қатты жақсы көремін. Неге екенін білмеймін, астымдағы көлігім аяқасты ұнамай қалады. Содан не сатып жіберем немесе ауыстырамын. Менің «автоқұмарлығымды» достарым да біліп алып, қалжыңдап «автосыншы» дейді. Қазір әншілер көлік алатын болса, бірден мені шақырады.

Бейнебаяныңыз неге жоқ?
Жұлдыз ЖУМАШКИНА, оқырман

Сол бейнебаянды түсіру керек пе деп ойланып жүрмін. Елдің бәрінің сұрайтыны – бейнебаян. Болашақта түсіремін. Жалпы, бейнебаян – адамның құлақ құрышын қандырып, көзін талдыратын нәрсе болуы керек.

Қазақ эстрада әншілерінің көпшілігі сахнада қозғала алмайды деген сыни пікір сізді де айналып өтпеген сияқты…
Шынар ЕЛУБАЕВА, оқушы

Мен биші емес, әншімін ғой. Билеп ұятқа қалғанша, халықтың алдына шығып әнімді жақсы орындап берсем болды. Елге ұнамайтын ән айтып жатқан жоқпын. Билейтіндей репертуарымда көңілді әндер де көп емес. Лирикалық ән айтып тұрып қалай билейсің. Артыңда би қойдыру дұрыс шығар, оны болашақта көре жатармыз. Бірақ меніңше, ең алдымен шығармашылыққа көңіл бөлу қажет. Негізгі салмақты репертуарға саламын.

Қарапайым көрермен ретінде қай әншілерді тыңдайсыз?
Арайлым СМАҒҰЛОВА, бухгалтер

Қазақи, саналы дүние жеткізіп жатқан әншінің бәрін жақсы көремін. Әншілерді әніне қарай тыңдаймын. Жаныма жақын ән айтса, бәрін тыңдауға даярмын. Кезінде Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Жетейін десем, жете алмай» деген әнді көзімізге жас алып, тыңдаған кезім болған. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, Мейрамбектің де әндері әдемі.

Саят аға, жеке бизнесіңіз бар ма?
Ардагер ЕСЕНҰЛЫ, студент

– Алып бара жатқан бизнес жоқ. Жалпы, қай қазақтың болсын, малжанды келетіні рас. Менің де шама-шарқым келгенше мал күтіп-баптайтыным бар. Ауылда шаруашылығымыз бар.

Спортпен шұғылданасыз ба?
Нұрасыл ЕРНАРҰЛЫ, оқушы

– Мен спортшы болсам деуші едім. Ауылда бокстан спорт секциясы ашылып, соған қатты барғым келді. Бірақ, үйде малға қарайтын ешкім болмай, бара алмадым. Еріксіз үйде штанга көтеріп, содан бойым өспей қалды (күлді).

Әріптестеріңізден кімдермен жақсы араласасыз?
Гүлім БОЛАТҚЫЗЫ, оқушы

Бір сахнада жүрген соң барлығымен бірдей араласуға тырысамын. Көрген жерде сәлеміміз түзу. Театр әртістерімен жақсы араласамын. Бекжан ағамыз бар, Дулыға, Ерлан тағы басқалары бар.

Әзірлеген
Еркежан КӨПТІЛЕУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − seven =